Тәуелсiз Қазақстан Республикасының даму бағыттары

 

Дәрістің мазмұны:

1.Қазақстан экономикасына шетел инвестициясының тартылуы.

2.Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заңының қабылдануы.

3.Жаңа Конституцияның қабылдануы.

4.Қазақстан Республикасының қарулы күштерiнiң құрылуы.

 

1.Қазақстан экономикасына шетел инвестициясының тартылуы.

Тәуелсiз мемлекет, егемендi ел болуымен байланысты Қазақстан Республикасы алдына Азия, Тынық мұхит аймағы, Европа елдерi және АҚШ-пен халықаралық байланыста өрiстету жаңа тұрғыдан қойыла бастады. Шет мемлекеттермен байланыс екi жақтыңда экономикалық тиiмдiлiк мүддесiн ескеруге және мемлекеттiк бақылаудың негiзiнде iске асырылуы қажет болды. Бұл бағытта ескi “Жiбек жолының” маңызы өте зор болды. Қазақстан Республикасы дамыған басты капиталистiк мемлекеттер – АҚШ, Жапония, Франция және Англия т.б. мемлекеттермен экономикалық байланысты өркендетуге айрықша көңiл бөлiнуде. Бүгiнгi таңда қазақ-американ мәдени практикумы, АҚШ-пен өзара бiрiгiп құрған кәсiпорындар және бизнес клубтар т.б. жұмыс iстейдi. Экономикалық ынтымақтастық туралы шарттарға iс жүзiнде Шығыс және Батыс Еуропаның барлық мемлекеттерiмен, арабтық Шығыс елдерiмен, Үндiқытаймен, Корей түбегiмен, Түркиямен, Иранмен және Пәкiстанмен қол қойылды. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберiнде көрсетiлген елдермен ынтымақтастық табысы жүзеге асырылды.    

Шетелдік инвестиция тарту жағынан Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа, сондай-ақ ТМД елдерінің бестігіне тұрақты түрде кірді. Президент инвесторлардың алаңсыз жұмысына жағдай жасайтын жарлыққа қол қойды. Оның өзге елдердегі заңдылықтардан бір мысқыл да кем болмауы қатаң қадағалануда. Алайда маңдайынақазақстандық белгі жапсырылған өз тауарларымызды шетке молынан шығармайынша нарық қыспағынан құлан-таза құтыла алмаймыз. Бір қуанарлығы, өз инвесторларымыз да қазақы намысқа басып, біраз шаруаның тігісін жатқызып, төбе көрсетіп келе жатыр. Сондай қазақ кәсіпкерлерінің алғашқы қарлығашы – Сеймар концерні. 1991 жылы коммерциялық фирманың негізінде құрылған шағын ұжым бірнеше жылдан соң консорциум болып ұйымдасты. Құрамында бірнеше кәсіпорны бар бірегей кәсіпорын «Сеймар-Грейн» фирмасы дәнді дақылдарды, құрама жем мен сортты күріш жармасын экспортқа шығарады. Мұндай көрсеткішке сеймарлықтар қолы қысқа мерзімде жетті. Құдайға шүкір, осындай отандық кәсіпкорындар қатары қазір көбейіп жатыр.

2.Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заңының қабылдануы.

1993 жылғы қаңтардың 28-i Қазақстанның тарихына оның тұңғыш демократиялық Конституциясының туған күнi ретiнде ендi. Ол жаңарған республика халқына, оны мекендейтiн барша жұртқа, олардың бақытты болашағы, келiстi келешегi үшiн бағдар беретiн негiзгi құжат-азат елдiң Ата Заңы.

Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Оның құрамдас бөлімі – еліміздің қоғамдық даму ерекшілігін бейнелейтін өтпелі кезең жағдайларына арналған тарау.

Конституцияның 3-бөлімі мемлекет, оның органдары мен институттарының құқықтық нормаларын айқындауға арналған. 4-бөлімі Конституцияны сақтау кепілдіктеріне, Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның ережелерін қорғауға арналған. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі ұстанымдары:

  • Қоғамдық татулық және саяси тұрақтылық;
  • Халық игілігін көздейтін экономикалық даму;
  • Қазақстандық патриотизм;
  • Мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді демократиялық әдістермен шешу.

Қазақстан республикасының жаңа Конституциясының кiрiспесiнде былай делiнген: «Бiз, Қазақстан халқы, дүниежүзiлiк қоғамдастықтың ажырамас бөлiгi бола отырып, қазақ мемлекеттiлiгiнiң бұлжымастығын негiзге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi, өзiмiз үшiн және өз ұрпақтарымыз үшiн лайықты өмiрдi қамтамасыз етудi қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Ата Заңымыздың алғашқы бөлiмiнде конституциялық құрылыстың негiздерi баяндалған. Онда Қазақстан Республикасы (Қазақстан)-демократиялық, зиялы және бiртұтас мемлекет екендiгi, оның жерiнiң тұтастығы мен бөлiнбейтiндiгi және оған қол сұғуға болмайтындығы жазылған.

Реформаларды жалғастыру және тереңдету үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң басшылығмен және тiкелей қатысуымен әзiрленген елдiң жаңа Конституциясын қабылдау жөнiндегi республикалық референдумның маңызы аса зор болды.

3.Жаңа Конституцияның қабылдануы.

Жаңа Конституцияны қабылдауды бiлдiрген 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумның оң қорытындылары (сайлаушылардың 89 пайызы жақтап дауыс берген) таңдаған жолдың дұрыстығын тағы да дәлелдеп бердi.

Заңымызда республиканың экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Ерекшеліктері: Демократиялық Президенттік басқаруға жол ашылды; Парламент екі палаталы болды: Сенат және Мәжіліс. Депутаттар саны 177-ден 114-ке қысқартылды; Жалпы және төрелік соттар жүйелері біріктірілді. Судьялардың әділетті үкім шығаруға құқықтық кепілдіктерін нығайтқан мәртебесі заңды түрде белгіленді. Олардың қызметіне араласуға жол берілмейді, тек Конституция мен заңға бағынады.

Билік тармақтарына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол берілмейді. Қазақстан мемлекеті ұлтына қарамастан барлық азаматтардың мүддесін қорғайды. Республикада қос азаматтыққа жол берілмейді.

Мемлекет құру iсi-үздiксiз процесс, ол мемлекет қанша өмiр сүрсе, сонша уақыт жүргiзiле  бермек. Әлбетте өмiрдiң өзi оған өзгерiстер енгiзудi, соның iшiнде конституциялық өзгерiстер енгiзудi талап етуi ықтимал. Бiрақ бiр мәселенiң басы ашық, Қазақстан Республикасының Конституциясы өзi өмiр сүрген жылдардың iшiнде өзiнiң өмiршеңдiгi мен тиiмдiлiгiн дәлелдедi, оның басты қағидалары бүгiн де көкейкестi қалпында қалып отыр. «Қазақстан 2030» стратегиясында атап көрсетiлген: «Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттiк құру, саяси және оның дамуы туралы бiлiм-бiлiгiмiз», қазақстандықтардың төзiмдiлiгi мен түсiнушiлiгi бiзге қосымша күш-қуат пен сенiмдiлiк үстейдi.

4.Қазақстан Республикасының қарулы күштерiнiң құрылуы.

Елiмiздiң Қарулы Күштерiн құру iсi Президент Н.Ә.Назарбаевтiң есiмiмен тiкелей байланысты екендiгi жақсы мәлiм. “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн құру туралы” Елбасының 1992 жылғы 7- шi мамырдағы Жарлығы тәуелсiз Қазақстан Қарулы Күштерi құрылысының бастауы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырда қол қойған жарлығында:

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын басшылыққа алып, қорғаныс саласында біртұтас мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қажеттігіне сүйеніп, Қарулы Күштер мен шекара әскерлері жайында Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы – Мемлкеттер басшылары кеңесінің келісімінде қуатталған дербес Қарулы Күштерін жасақтағанын еске алып, қаулы етемін – деді.

Қазақстан Қарулы Күштердi құрумен қатар Елбасшылығы мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн саяси-дипломатиялық сипаттағы шараларды жүзеге асырды.

Әскери саясаттың тиiмдi шараларын жасаумен жүзеге асыру аймақтағы қауiпсiздiктi нығайтудың және елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң маңызды факторларының бiрi болып табылады.

Қарулы Күштерді және еліміздің басқа да әскери құрылымдарын жауынгерлік қолдануға неғұрлым тиімді дайындауға, күнделікті жауынгерлік даярлықтың үйлестірілген және мақсатты процесін ретке келтіруге, әскери инфра-құрылымды барынша кең пайдалануға мүмкіндік береді. Қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы пайдалануды және бақылауды қамтамасыз ету де аса маңызды болып табылады.

Еліміздің барлық аумағында әуе кеңестігін тиімді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің тиісті топтарын өрістету және олардың жауынгерлік кезекшілік жүйесін жетілдіру жүзеге асырылып жатыр.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қазақстан экономикасына шет елдер инвестицияның тартылуы және оның пайдасы мен зиянын қалай түсінесіз.
  2. Өтпелі кезеңдегі Қазақстан Конституциясының маңыздылығы қандай.
  3. Жаңа Конституцияның қабылдануы.
  4. Қазақстан Республикасының қарулы күштерін құру аумақтық тұтастық пен тәуелсіздіктің кепілі.                                                                                                    

    Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 257-262 б.б.
  2. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 231-244 б.б.
  3. «Егемен Қазақстан» газеті 1997 ж.
  4. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 328-356 б.б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *