Дәрістің мазмұны:
- Қазақ халқының қалыптасуы, «қазақ» этнонимі.
- Қазақ хандығының құрылуы. Жәнібек пен Керей.
- Қазақ халқының қалыптасуы, «қазақ» этнонимі.
Қазақ халқы әлемнің басқа халықтарына тән болған бірегей заңдылықтар негізінде қалыптасты. Этногенез процесінің жалпы схемасы мынадай болды: жеке рулар, тайпалар, тайпалық одақтар, халықтар, ұлттар. Рулардың тілінен тайпалардікі, одан халықтар тілдері, одан кейін ұлттардың тілі дамыды. Бұл процесстер тура сызықты ьолған емес, ол қайшылық жағдайда ұсақтану, ассимиляциялану, будандасу, бірігу арқылы өтті. Жеке бір тұста уақытша тоқтап та қалып, ал содан кейін қайта дамып отырды. Бұл орайда тарихи жаңа жағдайларда жаңғырып отыруды басынан кешірді. Тұтас алғанда халықтың құрылуы – ұзақ мерзімді процесс, оның түпкілікті уақытын белгілі бір датаның кезеңімен байланыстыру қиын. Алайда азды-көпті тұрақтанған пікірге қарай, қазақ халықының қалыптасу процесі негізінен ХІҮ-ХҮ ғғ. арасында аяқталуды деуге болады. «Қазақ» этнонимінің шығуы жөнінде әр түрлі пікір кездеседі. Бернштам қазақ атын сақтармен байланыстырады. «Қазақ» сөзі ежелгі замандағы «Каспий» және «Сақ» деген сөздің қосындысы дейді. Ақынжановтың айтуы бойынша «Қазақ» сөзі «Қас\ нағыз» және «Сақ» деген екі сөздің қосындысы.
- Қазақ хандығының құрылуы. Жәнібек пен Керей.
Қазақ хандығының пайда болу тарихы ХҮ ғ. ІІ ж. басталды. Ол Қазақстан жерінде ХІҮ-ХҮ ғғ. болып өткен әлуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестердің заңды қорытындысы. Өзбек ұлысында тұрған қазақ халқының ХҮ ғ. 50 ж.соңынан 60 ж. аяғына дейін Жетісуға ауа еөшуі әдеттегі көшу емес еді. Мұның өзі еңбекшілердің фоедалдық езгіге, көбейе түскен салықтар мен міндеткерліктерге, феодалдық тартыстар мен соғыстың шексіз ауыртпалығына деген қарсылығы еді. Әбілқайырмен жауласқан Ақ Орда хандары әулетінің билігін қалыпына келтіру үшін шайбанилықтарға қарсы күресіп жүрген Жәнібек пен Керей сұлтандар халық бұқарасының наразылығын пайдаланды. Өздерінің таптық мақсатын кқздеп, билік үшін күресе отырып, олар сонымен қатар қазақтардың саяси тұрғыдан бірігуіне және Қазақ хандығының құрылуына себептесті. Сөйтіп 1465-1466 жж. Шу мен Талас аралығында Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығы жөнінде негізгі дерек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-ир-Рашиди» еңбегі. Алғашқы қазақ хандары хандықтың аумағын кеңейтуге, Сырдария өңіріндегі қалалар мен Шығыс Дешті Қыпшақтың қырларындағы өз билігін нығайтуға бағытталған белсенді сыртқы саясат жүргізді. Қазақ халқы мемлекетінің негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар қазақ тайпаларын біріктіруге көп күш жұмсады. ХҮ ғасырдың соңғы ширегінде Жетісудың тайпалары мен руларын Қазақ хандығына біртіндеп қосу процесі одан әрі жалғасты.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- Қазақ халқының қалыптасу тарихы, «қазақ» этнонимі.
- Қазақ хандығының құрылуы, оның алғы шарттары.
- Жәнібек пен Керей, олардың рөлі.
- Қазақ хандығының алғашқы құрылған жері.
- Қазақ хандығы туралы жазба деректер.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
- «Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994 ж. 119-157 б.б.
- К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 229-248 б.б.