Дамыған ортағасырлық мемлекеттер

 

Дәрістің мазмұны: 1.Қарахан мемлекетi.

                                   2.Оғыз Мемлекетi.

                                   3.Қимақ және Қыпшақ мемлекетi.

 

1.Қарахан мемлекетi.

942 жылы дүниеге келген Қарахан қағанаты Шығыс Түркiстан, Жетiсу, Сырдария, Талас, Шу өңiрiн құтты қоныс еттi. Оның орталық астанасы Шу өзенi бойындағы Баласағұн, кейiнiрек Ордакент (Тараз) қаласы болды. Қарахан мемлекетiнiң Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында қағанаттың iрi алпауыттары мен қолөнершiлерi мекендеген.

Қарахан әулетiнiң негiзiн салушы Сатұх Боғра хан болып есептелiнедi. Қарахан хандығының iргесiн көтерiп, мәртебесiн асырушылардың арасында Бiлге Күл Қадыр хан, Әбдулкәрiм, Сатұқ Қара хан, Сүлеймен Жүсiп, Мұхаммед Насыр, Ыбырахым Арыстан, Қылыш Арыстан сияқты бiртуар адамдар болған. Сатұх Тараз және Қашқар қалаларын өзiне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушiнi құлатып, өзiн жоғарғы қаған деп жариялайды. Қарахан мемлекетiнiң тарихы осы уақыттан басталады. Сатұх өлгеннен кейiн билiк оның баласы Мұсаға көштi, ол 960 жылы Қарахан мемлекетiнiң халқын ислам дiнiне қаратты.

2.Оғыз Мемлекетi.

Оғыз мемлекетi – IХ ғасырдың ортасы мен ХI ғасырдың басында Сырдарияның орта және төменгi ағысы мен оған келiп қосылатын Батыс Қазақстан жерiнде пайда болған оғыз тайпаларының ежелгi феодалдық мемлекетi. Сiрә, оғыздардың бастапқы қоныстанған жерлерi Орта Азияның Оңтүстiк шығыс аймақтары болса керек. Ертедегi оғыздардың топтасып қалыптаса бастауы Батыс Жетiсу жерiмен байланысты. Оғыз мемлекетiнiң астанасы – Янгикент Едiл жағалауы мен Маңғышлақ, Үстiрттi басып өтiп, Европа мен Азияны жалғастыратын маңызды жол тораптарының тоғысқан жерiнде орналасқан. Янгикент арқылы маңызды керуен жолдары қимақтар елiне, Хорезм мен Мауаранахрға өтетiн. Янгикент билеушiлерiнiң мемлекет құрамы бiр тектi болмады. Оғыздардың құрамына ежелгi тайпалар ретiнде негiзiнен түркiленген Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын мекендеген этникалық топтар және Жетiсу мен Сiбiрдiң жартылай көшпелi және көшпелi ру-тайпалары кiрдi. Оғыз мемлекетiнiң басында “жабғу” (яғбу) деп аталатын жоғары басқарушысы тұрды.

3.Қимақ және Қыпшақ мемлекетi.

Қимақ деген ел аты орта ғасырлардағы араб, парсы авторларының жазба деректерiнде жиi кездесiп отырды. ХI ғасырда Махмуд Қашқари “Диуани лұғат ат-түрiк” деген еңбегiнде қимақ елiн имақ деп атаған. Қимақтар VII-ғасырда Ертiс алқабымен Алтай тауының солтүстiгiнде қоныстанған. Ол кезде қимақ тайпалары Батыс Түркi қағандығының құрамында болған. Батыс Түркi қағандығы ыдырай бастаған кезде қимақтар одан бөлiнiп шықты. Олар VIII-ғасырда Ертiс өзенiнiң орта ағысын иемденiп бiрте-бiрте батысқа қарай iргесiн кеңейтiп, IХ-ғасырдың басында Жетiсудың солтүстiк батысындағы Алакөл алқабына дейiнгi жердi қамтыды. Балқаш көлi қимақ тайпаларымен қарлұқ тайпаларының арасындағы табиғи шекара едi. 840 жылы Монғолиядағы ұйғыр хандығы құлағаннан кейiн қимақтар күшейiп iргелi елге айналды.

Түркi халқының құрамына қосылған ежелгi тайпалардың бiрi —    қыпшақ. Қыпшақтар түркi халқының және түркi тiлiнiң қалыптасуында маңызды роль атқарды. “Қыпшақ” деген ат түркi тiлдерiндегi тарихи деректерде әр алуан формада кездеседi. Мұсылман тарихшыларымен орыс жылнамашылары көшпендi қыпшақтардың саны көп және олар Шығыс Қазақстанда, ал кейiн Орал бойымен Орталық Қазақстанды мекендедi, ұлан байтақ далада жетекшi тайпалардың бiрi болды дейдi.

Қыпшақтар жартылай отырықшы халық болған. Олар Орта Азиялық Сығанақ, Түркiстан, Мерке, Тараз, Отырар қалаларының негiзгi тұрғындары болды. Қыпшақтар Шығыс халықтарымен (Орта Азия, Орталық Азия, Иран, Серия) Батыс елдермен (Ресей, Шығыс Европа) және Оңтүстiк (Византия) елдерiмен әскери сауда, экономикалық, шаруашылық, саяси, әкiмшiлiк қарым-қатынастар жасап отыды. ХII ғасырдың 2-жартысында Хорезм шахы қыпшақ қол астындағы Жент қаласын басып алып, қыпшақ даласының iшiне қарай бiрнеше рет жорық жасайды. Көп кешiкпей қыпшақ мемлекетi бiр жолата күйрейдi. Қыпшақтардың көпшiлiгi пұтқа табынған, ал Хорезммен қарым-қатынасқа байланысты ақсүйектердiң арасына ислам дiнiде тарай бастады.      

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қарахан мемлекеті, этникалық құрамы, шаруашылығы.
  2. Оғыздар. Қоныстануы, этникалық құрамы, саяси тарихы.
  3. Қимақтар. Олар туралы жазба деректер.
  4. Қимақ қағанатының құрылуы, территориясы.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 105-112, 118-124 б.б.
  2. «Қазақстан тарихы» І том. А; 1996ж. 398-434 б.б.
  3. Б. Көмееков «Қазақстан тарихы», 1993ж, №16 24-29 б.б.

4.»Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994ж. 119-157 б.б.

  1. «Қазақ тарихы» жур. 1998ж. №2, 10-13 б.б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *