“АҚМОЛА, СЕМЕЙ, ЖЕТІСУ, ОРАЛ ЖӘНЕ ТОРҒАЙ ОБЛЫСТАРЫН БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ,” — 1891 жылғы 25 наурызда Ресей императоры Александр III қол қойған құжат. Ол Ресей империясының дәстүрлі қазақ қоғамына әкімш.-сот реформасын енгізуін аяқтап, өлкеге тұтастай саяси өктемдігін орнатуын, экон. тұрмысын шексіз билеп-төстеуін заңдастырды. “Ережеге” сәйкес Орынбор және Батыс- Сібір ген.-губ—лығымен қатар тағы бір әкімш. бөлік — Дала ген.-губ—лығы құрылып, орталығы — Омбы қ. болды. Құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Жетісу обл-тары кірді. Ген.-губ-ға шектеусіз билік берілді. Жергілікті халықты басқарудың сайланбалы негізі қағаз бетінде қалды. Іс жүзінде патша әкімш-нің басшылары болыстар мен ауылнайларды сайлау өткізбей-ақ тағайындады, ал сайланған жергілікті шенеуніктерді әскери губернатор бекітуге тиіс болды; ол жаңадан сайлау өткізу құқын иеленді. Ереже бойынша бір болыс шегіндегі, көршілес рулар арасындағы жер дауы, жесір дауын — болыстық съезд, ал түтін иелері (жеке адамдар) арасындағы дауларды ауыл басқармасы талқылады. Болыстар мен ауылнайлар шешуші рөл атқарды. Осыған байланысты ел ішіне жік түсіп, 3 жылға сайланатын болыстық пен ауылнайлыққа әр ру өз адамын өткізуге жанталасты. Қалыптасқан моральдық- құкықтық принциптер бұрмаланып, мансапқорлық, парақорлық, озбырлық жайлады. Сот төрелігі саласы да өзгертілді. Билер сотының орнына сайланбалы халықтық судьялар билігі пайда болды. Бұл әдет нормаларының, шариғат сотының қағидаларын бұзып, дәстүрлі әділеттілік сезімнің тінін үзді. Қазақстанның терр.-әкімш. құрылымдарындағы және әлеум.-экон. даму бағытындағы өзгерістер империяның отаршылдық мүдделерін қорғайтын жаңа салық жүйесінің қабылдануына жол ашты. Отырықшылық тұрмыс кешіп, егіншілікпен айналысатын мұғажырларға (қазақтарға, орыс шаруаларына) қарағанда ауа райының амалына тәуелді, кіріптар қазақ шаруалары салық төлеушілердің негізгі бөлігін: 1880 ж. — 90,5%, ал 1897 ж. 82,0% құрады. Жетісу және Сырдария обл. тұрғындарынан — 2 сом 75 тиын, далалық төрт обл. тұрғындарынан 3 сом мөлшерінде алынатын түтін алымы мемл. салықтың бір түрі ретінде жүрді. Ішкі Ордада салық салудың айрықша түрі қолданылды. Бұрынғы “зекет”, “соғым” алымдарына ақшалай төлем — мал басына салық салу енгізілді. Арнаулы низамдарда салық жинаудың пропорционалдық жүйесі басым сипат алды да, ең қарапайымы, әр қилы әлеум. топтардың материалдық әл-ауқатын есепке алу жағы ескерілмеді. “Ереже” жер пайдалану ісінде қазақтардың мүдделерін аяқ асты етті. Оның 119-бабындағы “Көшпелілер жайлаған жерлер мен осы жер аумағындағылардың барлығы, соның ішінде, ормандар мемл. меншік болып танылады” деген жолдар көптеген әділетсіздіктерге жол ашты. Жерге орналастыру барысында патша әкімшілігі малшы қазақтарға топырағы құнарсыз, шөл, шөлейтті жерлерді ғана берді. Сондықтан олар өздерінің иелігіндегі жайылымдар мен шабындықтарды қазақтардан кіреге (жалға) алуға мәжбүр болды; станица атамандары мұндай кіріптарлықты асыра пайдаланып, өрісі тарылған қазақ шаруаларын тікелей тонауға — негізсіз алым-салықтар салуға көшті. Олардың озбырлық әрекеттерін қазақ басқармалары қолдап отырды, ал қазақтардың заңды талап- шағымдарын қаперге алған жоқ. Тұтастай алғанда, 1891 ж. 25 наурызындағы Ереже — Ресей патшалығының қазақ өлкесін отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асырған, байырғы тұрғын халықтың дәстүрлі әлеум.-экон. тұрмысына нұқсан келтіре отырып, құқықтық санасын, рухани аңсарын езгіге түсірген ресми акт бодды.