АҚМОЛА ОБЛЫСЫ — Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік аумақтық бөлік. 1939 ж. құрылған. 1961 — 92 ж. Целиноград облысы болып аталды. Жерінің аум. 121,7 мың км2. Тұрғыны 602,2 мың адам (1997). Солтүстігінде Солт. Қазақстан, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Қарағанды, батысыңда Қостанай облыстарымен шектеседі. 14 ауылдық, 2 қалалық әкімш. ауданға бөлінеді. 8 қала, 12 кент, 183 ауылдық әкімш. округ бар. Әкімш. орталығы — Астана қ. А. о. Сарыарқаның солт.-батыс бөлігінде, Есіл өз- нің жоғарғы ағысында, дала белдемінде орналасқан.
Табиғаты. Жерінің басым бөлігі — абс. биікт. 300 — 400 м-ден аспайтын аласа белесті, ұсақ төбелі жазық. Солтүстігінде Көкшетау қыратының сілемдері Сандықтау, Домбыршы, т.б. аласа таулар орналасқан. Облыстың батыс, орталық, шығыс бөліктерін Есіл, Атбасар, Сілеті жазықтары алып атыр. Оңт.-батысында Теңіз Қорғалжын ойысы. Облыстың батыс жағында Есіл өз-не дейін Торғай үстіртінің шығыс шеті еніп жатыр. Есіл өз-нің оң жағалауы Атбасар, сол жағалауы Теңіз жазықтарымен шектеседі. Облыстың оңт. шығысында орманды, көркем Ерейментау өңірі орналасқан. Оның негізгі бөлігі жартасты қырқалар (100—500 м) тізбегінен тұрады.
Геологиясы. Жерінің геол. құрылымы каледон және герцин қатпарлығы кезеңінде қалыптасқан. Палеозой дәуірінің соңында континенттік түзілу кезеңі басталды. Өте ұзақ мерзімге созылған тегістелудің нәтижесінде пайда болған таулы өлке мезозой дәуірінде бірте-бірте қыраттарға айналды. Облыс жері, негізінен, палеозойдың метаморфтанған тақтатастарынан, кварциттерінен, құмтастарынан, альбитофирлерінен, әктастарынан, конгломераттарынан түзілгсн. Солармен бірге интрузиялық (гранит, диорит, габбро, т.б.) және эффузиялық жыныстар кең таралған. Байырғы жыныстарды неоген мен төрттік дәуірлердің сарғылтым шөгінділерінің қалың қабаттары жауып жатыр. Кен байлықтарынан алтын, уран, боксит, сүрме, мыс, молибден, кобальт, көмір, каолин сазы, кварц құмы, құрылыс материалдары, т.б. өндіріледі.
Климаты тым континенттік, қысы ұзақ (5,5 айға созылады), суық, жазы қоңыржай ыстық. Каңтардың орташа темп-расы -16—18°С, шілдеде 19—21°С. Тұрақты қар жамылғысы қарашаның ортасында қалыптасып, оңт-нде 130 — 140 күн, солт-нде 150 — 155 күн жатады. Қардың орташа қалыңд. 20 — 22 см. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлш. солт-нде 400 мм, оңт-нде 250 мм.
Гидрографиясы. Ірі өз-дері: Есіл, оның салалары — Қалқұтан, Жабай, Терісаққан, Нұра, Сілеті, Өлеңті, Құланөтпес, т.б. Облыста көл көп, олардың 94-і тұщы. Ірі тұщы көлдері: Қорғалжын, Қожакөл, Шолақшалқар, Балықтыкөл, Ұялышалқар, т.б. Ірі тұзды көлдері: Теңіз, Керей, Ителген, Қыпшақ, Мамай, Үлкен Сарыоба және Вячеслав (Есілде), Сілеті бөгені бар. Олардан басқа жер суаруға арналып 37 бөген салынған. Олардың жалпы су көлемі 180,6 млн км3 . Қорғалжын көл жүйесін сумен толыстыру және Астананың өнеркәсібін сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Нұра өзені арқылы 70 — 74 млн. м3 Ертіс суы беріледі.
Топырағы мен өсімдік дүниесі. Облыста солтүстіктен оңтүстікке қарай қара қоңыр, қоңыр, ашық қоңыр топырақ белдемдері бірін-бірі алмастырады. Олардың көпшілігі жыртылған. Өсімдіктің 73 тұқымдасы, 800-ден астам түрі кездеседі. Негізінен, қылқан, селеу, бетеге, далалық жоңышқа, таспашөп, жебіршөп, қазтабан, сәбізшөп, жусан, т.б., өзен жайылмалары мен көл жағалауында астық тұқымдас және әр түрлі шөп аралас шалғын, ұсақ шоқыларда шоқ қарағай, қайың, көктерек, түрлі бұталар өседі.
Жануарлар дүниесі. Облыс табиғатына сәйкес мұнда сүтқоректілердің 55, құстың 80, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 3, балықтың 30 түрі мекендейді. Облыстың солтүстігіндегі ормандарда бұлан, сібір елігі, сілеусін, ақ кіс, аққоян, тиін, еуропа кірпісі, орман құстары (құр, аққұр, тоқылдақ, т.б.), жыртқыш құстар (қарақұс, шаңқылдақ қыран, кезқұйрық, жамансары, күйкентай, жағалтай), сауысқан, ала қарға, жауқара, т.б. кездеседі. Су құстарынан: қоқиқаз, қаз, үйрек, т.б., бауырымен жоғалаушылардан: сарыбас, өрнекті қарашұбар жылан, сұр жылан, секіргіш кесіртке, т.б. мекендейді. Суларында мөңке, оңғақ, лаха, алабұға, торта, шортан, аққайран өседі. Қорғалжын, Ерейментау, Атбасар мемл. қорықтары бар.
Тұрғындары. Облыста республика халқының 3,8%-і тұрады. Тұрғындардың орташа тығызд. 1 км2-ге 4,9 адамнан келеді. Солт. және орталық аудандарда халық жиі қонытанған. Қалалары: Астана, Степногор, Атбасар, Макин, Ақкөл, Есіл, Ерейментау; кенттері: Ақсу, Аршалы, Жолымбет, Бестөбе, Шортанды, Шаңтөбе, Жалтыр, Красногор, Железнодорожный, Промышленный, Ақбейіт.
Экономикасы. Облыс өнеркәсібі өндіру (8,7%) және өңдеу (91,3%) салаларынан тұрады. А. ш.машиналарын жасауға, астық өндіруге, сүтті, етті мал өсіруге мамандандырылған. А. обл-нда Қарағанды мен Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін Батыс Сібір мен Қазақстан энергия жүйесі бойынша ірі 2 ЖЭС жұмыс істейді. Қара металлургия, тау-кен, химия, микробиол. өнеркәсібі, машина жасау мен металл өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, ағаш дайындау мен өндеу, тамақ, жеңіл, фарфор- фаянс, керамика өнеркәсіптері дамыған. Ірі өнеркәсіп орындары Астана, Степногор, Атбасар, Макин, Ақкөл қ-ларында, Шортанды, Аршалы кенттерінде орналасқан. Облыстық агроөнеркөсіп кешенін 13 мемл. шаруашылық, 169 серіктестік, 43 акционерлік қоғам, 144 өндірістік кооп., 3639 жеке меншік шаруашылығы құрайды (1997). А. ш. жері 12501,1 мың га, оның 4806,1 мың га-сы егістік, 287,8 мың га-сы шабындық, 7223 мың га-сы жайылымдық (1997). Орман-тоғай 224,3 мың га жерді алып жатыр.
А. о-нда 426 мектепке дейінгі балалар мекемесі, 600 жалпы білім беретін мектеп, 16 техникум және арнаулы орта оқу орны, 4 жоғары оқу орны, 50 аурухана, 194 емхана, 6 ғыл.- зерт. мекемесі (Қазақ. астық шарушылығы ғыл.-зерт. ин- ты, Топырақ зерттеу ин- тының бөлімшесі, т.б.), 618 кітапхана, 583 киноқондырғы, 488 клуб пен мәдениет үйі, қазақ, орыс драма театры, филармония, 6 мұражай бар. Облыс аумағындағы т. ж-дың ұзынд. 1531 км. Облыс жері арқылы Петропавл — Астана — Қарағанды, Қарағанды — Астана — Павлодар, Тақтаброд — Егіндікөл, Ерейментау- Айсары т.ж. Көкшетау – Астана – Қарағанды, Қотанай – Астана – Павлодар автомоб. Жолы өтеді. Жаңадан Астана – Алматы автомоб. жолын салу қолға алынды.