АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ СЪЕЗІ, 1917 ж. сәуірдің 25-інен мамырдың 7-сі аралығында Ақмола обл. қазақ комитетінің ұйымдастыруымен Омбы қ-нда өтті. Съезге сол кездегі Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездерінен 250 өкіл, сондай-ақ арнайы шақырумен Орынбордан М. Дулатов қатысты. Съездің төралқасы 192 құрамына А. Тұрлыбаев (төраға), Е. Итбаев пен М. Дулатов (төраға орынбасарлары), М. Саматов, А. Сейітов және Е. Тоқабаев (хатшылары) сайланды. Съездің күн тәртібіне мемл. Құрылыс, қазақ комитеттерін құру, земство, дін, жер, оқу, сот ісі, Құрылтай жиналысы, соғыс және әйел жайы секілді 17 мәселе қойылып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер мемл. құрылыс жөнінде: Ресей демокр., бір орталыққа қатаң бағындырылмаған республика болсын, ал бүкілресейлік құрылтай жиналысына әр халықтан санына қарай депутат сайлансын, сайлауға әйелдер де қатынассын; жер мәселесі бойынша қоныс аудару тоқтатылсын, бұрын алынған жерлер кері қайтарылсын, облысқа земстволық басқару енгізілсін, мектептерде оқу ана тілінде жүргізілсін деген мазмұнда болды. 1917 ж. мамыр айында Мәскеуде өтетін жалпыресейлік мұсылман съезіне делегат ретінде М. Жұмабаев сайланды. Съезде Ақмола обл. қазақ комитеті сайланды. Оның құрамына 10 адам кірді: Айдархан Тұрлыбаев (төраға), Сейілбек Жанайдаров (орынбасары), мүшелері — Асылбек Сейітов, Қазы Тұрсынов, Ермұхамед Тоқбаев, Төребай Нұралин, Сәдуақас Жантасов, Ерқосай Мұқышев, Байсейіт Әділов, Мағжан Жұмабаев.