Шәкәрім Құдайбердиев

 

(1858-1931)

 

Шәкәрім творчествосының бастауы. Қазақ поэзиясына қосқан үлесі.  Шәкәрімнің прозалық шығармалары.  Акынның аудармалары.

Шәкәрім Құдайбердиев — қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы. Ол 1858 жылы 24 шілдеде, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбаевтың колында тәрбиеленеді. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына, зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білді. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылык бағыт ұстады. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Шәкәрімнің творчествосы салалалығымен ерекшеленеді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі карс айырар трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, кұбылыстарга қызу үн қосты. Шәкәрім бір кезде ел билеу ісіне де араласады. Ел арасындағы қарым-қатынасты жөндеуге, талас-тартыстарды, арыз жалаларды талкылап, әділ шешуге, сөйтіп адамгершілікпен тату өмір сүру тәртібін орнатпақ болған уақытына талай уақыты кетеді. Құдайбердиев Императорлық Географиялық орыс қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болады. Қоғам туралы академик Қ.Сәтбаев: «Октябрь революциясына дейін Қазақстанда бір ғана ғылыми-зерттеу мекемесі — География коғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесі болды»,- деп жазды. Міне, осы байырғы ғылыми- зерттеу мекемесінің 1902 жылдан 1913 жылға дейінгі есеп жылнамасынан Шәкәрім Құдайбердиевтің атын кездестіреміз. Жылнама 1911 жылы Семейде жарық көрген. Осы қоғамның бөлімшесіне Шәкәрім 1903 жылы мүше болып кірсе керек.

Шәкәрім Құдайбердиев — қазақ поэзиясында оның философиялық бағытын дамытқан. Бірақ кейбір өлендерінде мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді. Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, «еңбек ет, бөтенді канама, ісіне арың басшы болсын» деп уағыздайды. «Жуандар» деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзкараста калып кояды. Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі – қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, импералистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы.

Мұндай келеңсіз кесапатка қарсы жазылған өлеңдері Шәкәрім Құдайбердиевтің интернационалдық ой-толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады. «Патшалар сансыз шығыс қылады»1919, «Адам немене»1915, «Бостандык таңы атты», «Бостандык туы жаркырап» 1917 өлеңдері қазан ревалюциясына арналған. Ақын жаркын өмірді, болашақты, бейбітшілік пен берекелі тұрмысты жырға косты. Әлеуметтік жағдайға байланысты тұңғыш рет «Шаттық» деген сөзді колданғанымен Ш.Құдайбердиевтің жаңа заман өзгерістеріне үн косуы әлі де тосаң. Оның мұраты бұрынғысынша адал еңбекте, рулық жікшілікті жоюда, әділеттілігі жарасқан тұрмыс құруда еді. «Қош жұртым» өлеңінде жапан түзде жалғыз жатқанмен, халықтан қол үзбегенін, болашаққа сеніммен қарайтынын айтады. Бұл ойын С. Мұқановка жазған хатында (1931) жылы айқын білдірген. Шәкәрім ауыз әдебиетінің, суырып салма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының өмірмен етене жакындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман- Мамыр» дастанын жазды (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілері орнатқан қатыгез тіршілікке карсылык, оны айыптау бар. «Еңлік -Кебек» дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың касіретін ескілікті салт-сананың қатып калған уағыздармен байланыстырады. «Айсұлу- Нартайдың» поэмасы жамандықты жазаласа, «Әділ-Мария» романында шынжыр балақ , шұбар төс алпауыттардын зорлық -зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқталады.Сонымен қатар «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарының авторы.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде көркем проза пайда болып, дамығаны мәлім. Онда прозалык туындылар — ғылыми, философиялық , публицистикалық шығармалар, әңгімелер, роман да туып, жанрлық түрлері, өзіндік формалары, стилі қалыптаса бастаған процеске Шәкәрім де белсене араласты. Оның «Бәйшешек бақшасы», «Шын бақтың айнасы» әңгімелер топтамасы, «Мәңгі сөздер» афористік топтамасы , «Әділ-Мария» романы қазақ проза дамуы тарихында өзіндік орын алады. Көпшілік еңбектері дерлік «Абай», «Айқап», «Қазақ» газеттерінде жарияланып тұрды.

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердиев қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, акын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, кырғыз, казак һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын халық мүддесіне үйлестіре түсіндіру максатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды(1911). Бұл тұста акынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екені айқын танылады. Ол жаратушы Алланы ақылға салып, түсінуге ұмтылады. Дін бұзушыларды қатты сынға алады. («Көнбеймін дінді теріс бұрғаның, Сопының бара қойман құрбанына.»). Абай сияқты Шәкәрімде феодалдық -рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көрді, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білді. Құдайбердиев патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығымен туыстығын қуаттады. («Мен ұлтшыл емеспін, жақыным мынау демеспін»). Орыс,Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың творчествосын аса жоғары бағалап, («Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың, мың сопыны алмаймын тырнағына»), өз халқын дүние жүзінің озат мәдениетін игеруге шақырады. Өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады, онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет Бичер- Стоудың (1811-96) «Том ағайдын балағаны» романын, Л.Н.Толстойдың «Асрхадон патша». «Үш сауал»т.б әңгімелерін, А.С.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлады(1907). Идеялық мақсат- мұраттары жағынан Шәкәрім үнемі демократтық , халыктық, гуманистік-ағартушылық бағытта болды. Бұл орайда XX ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білді. Абайдын реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлес қосты. Шығармаларында демократиялық , халыктық және гуманистік көзқарастарды насихаттады. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартты, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырды. Адамгершілік, ар-ұждан тақырыбына жазған ойшыл да парасатты туындылары баршамызға азық.

Шәкәрім Құдайбердиев қалдырған мол мұраның идеялық мазмұн байлығы, тақырыптық ауқымы, жанрлық молдығы, көркемдік әсерлілігі, стильдік өзгешеліктері, тілдік шеберлігі басқа да толып жатқан сыр-сипаттары, сан алуан қырлары әдейі, дәйекті зеттелетін кез енді туды. Қоғамдық ғылымның сан саласындағы мамандар бұл мұраны комплексті ғылыми зерттеуге кіріссе, таяу жылдар арасында фундаментальдық еңбектер де туар деп үміттенуге болады. Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармаларының жиналуы, текстологиялык зерттелуі нәтижесінде канонды текстері жүйеленіп, казақша және орысша алдымен көпшілік, содан соң академиялық басылымы шығарылуы қажет.

Ақынның бұрын басылған және қолжазба түрінде сақталған шығармаларының көпшілігі қазірде жинақталып, текстологиялық жүйеге келтірілді. Шәкәрім Құдайбердиев қалдырған мұра идеялық-көркемдік мазмұнының байлығымен ерекшеленеді. Ол XIX және XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихынан үлкен орын алады. Бүгінде халық қазынасына айналып отырған бұл мұра қоғамымызды рухани байытуға, оның гуманистік және адамгершілік идеяларын, мақсат-мұраттарын бекітуге қызмет ететіні хақ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *