АҚМОЛА КӨТЕРІЛІСІ 

АҚМОЛА КӨТЕРІЛІСІ — 1916 ж. қазақ халқының орыс отаршылдығына қарсы ұлт- азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі, Ақмола өңіріндегі көтеріліс. Ресей патшасының Орта Азия халықтары мен қазақгтарды 1-дүн. жүз. соғыс майданындағы қара жұмысқа алу туралы 1916 ж. 25 маусымдағы жарлығына қарсы Ақмола өңірінде алдымен атығай, керей рулары наразылық білдірді. Тамыз айынан бастап халық толқулары бүкіл облыс жерін қамтыды. Көтерілісшілер, негізінен, Атбасар өңірі мен Қорғалжын к-нің маңайында шоғырланды. Қорғалжын, Қарабұлақ, Қоржынкөл, Ереймен, Сілеті болыстарында сарбаздардың қарулы жасақтары ұйымдастырылды. Көтерілісшілерге Қызылжар, Көкшетау, Атбасар, Қарағанды, Қарсақпай, Жезқазған, Байқоңыр, Спасск, Успен кәсіпорындарының қазақ жұмысшылары қосылды. Қыркүйек— қазан айларында Қорғалжын өңірінде, Ерейментауда, Ұлытауда жалпы саны 40 мыңнан астам көтерілісшілер шоғырланды. Қазан — қараша айларында қазақ жасақтарының империяның тұрақты әскери бөлімдері және қазақ жүздіктерімен бірнеше ауыр шайқастары болып өтті. Атбасар көтерілісшілері 27 — 29 қазанда Терісаққан және Қыпшақ өз-дерінің бойында жазалау отрядымен кескілескен ұрыс жүргізді. Орыс зеңбіректері мен пулеметтеріне қарсы ашық айқаста төтеп бере алмайтынына көзі жеткен көтерілісшілер ен далада еркін қимыл жасап, шағын топтармен өкімет әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасау тактикасын кеңінен қолданды. Мұндай тәсілмен олар жауларын титықтатып, жеткілікті қару-жарақ жинап, қуаттанғанша уақыт ұтуға тырысты. Көтерілісшілердің негізгі күштерін ашық шайқасқа тарта алмаған жазалаушылар отрядтары бейбіт елді қырғынға ұшыратты, мал-мүлкін талады, ауылдарды өртеді. 

Көтеріліс басында елге сыйлы азаматтар тұрды. Ерейментаулықтар Сәтбай қажыны хан сайлап, Сыздық батырды (Бейсенұлы) қолбасы етті. Құжаттарда Молдажан Жадаевтың да есімі көтеріліс жетекшісі ретінде аталады. Тінәлі елі — Қуаныш қажыны, қарағаштықтар — Оспан Шоңұлын, Шерубайнұра болысы — Нұрлан Қияшұлын, Сарысу, Сеңгір өз-дерінің бойындағы тоқа елі Әлсен Шөмішұлын (қаза тапты) хан көтерді. Жұртын соңынан ерткендердің ішінде Рақымжан Мәдіұлы (жендеттер оның аяқ-қолын сындырып жарымжан етті), Мәметбай Шабатұлы (қаза тапты), Жақып Мырзақожаұлы, Әділбек Майкөтов, Иса Дәулетбеков (қаза тапты), т.б. болды. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы ірілі-ұсақты ұрыстар 1917 жылдың ақпанына дейін созылды, қақтығыстар тіпті одан кейін де болып тұрды. Ақмолалық көтерілісшілердің бір бөлігі Торғайдағы Әбдіғапар — Амангелді әскеріне барып қосылды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *