Махамбет Өтемісұлы

                                                           

(1803-1846)

        Өмірбаян деректері. Зерттелу, басылым жайы.  Шығармашылық мұрасы.        Махамбет өлеңдерінің көркемдік сипаты. Сөз қолданыс қырлары. Өлең үлгісі. Ақын толғауларының жаугершілік заман күйі.

Махамбет Өтемісұлы Орал обылысының Орда ауданында туған. Әкесі Ішкі Ордадағы ауқатты, ханға жақын, ықпалды адамдардың бірі болған. Мұсылманша, орысша өте жетік білген. 1824 жылы Ішкі Орданың ханы Жәңгір жиырма жасар  Махамбетті өзінің баласы Зұлқарнайынмен бірге Орынборға жібереді. Ақын хан мұрагеріне аталық болып, төрт-бес жылдай тұрады. Көп ұзамай-ақ ол сезікті адам ретінде біраз уақыт Калмыков бекінісінде тұтқында отырған.

1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда екі жақты езгіге қарсы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісі шыққан кезде, Махамбет көтеріліс көсемдерінің бірі ғана емес, оның бас ұраншысы болады. Күрес жеңіліске ұшырап, Исатай қаза тапқаннан соңғы жерде де қаруын тастамайды.  Бірақ бәрі сәтсіз болып, ақыры Баймағамбет сұлтанның жендеттерінің қолынан қаза табады. Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына үлкен көңіл бөлініп, 2003 жылы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Ақынның зираты Атырау облысы, Махамбет ауданында, Қараой деген жерде.

        Махамбет – ұлт-азаттық күрестің күрескері. Бостандық жыршысы. Ақынның көтеріліс алдындағы, көтеріліс барысындағы  және көтеріліс жеңілгеннен кейінгі шығармалары: «Ұлы арман», «Ереулі атқа ер салмай», «Толарсақтан саз кешіп», «Еңселігім екі елі», «Жәңгірге айтқаны», «Мұнар күн», «Мен едім», «Қызғыш құс», т.б. Махамбет өлеңдеріндегі Исатай батыр бейнесі. «Тарланым», «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар», т.б. өлеңдері.

Махамбет суырап – салма ақпа ақын. Өлеңдері ауызша тарап келген. Сөйтсе де ақынның кейбір өлеңдері өзінің мазмұны жағынан да, түр өзгешелігі жағынан да бұрынғы ауыз әдебиеті шеңберінен жоғары, жазба әдебиетке бір табан жақын тұр.

Махамбет өлеңдері баспа бетін кейін көрді. Махамбет заман шындығынан бірден-бір дұрыс қорытынды жасай білген реалист ақын болды. Оның реалистігін әрбір өлеңінен көреміз. Халық бақыты, ел мүддесі үшін күрескен Махамбеттей жалынды ақын өлеңі өмір шындығынан аулақ болуы мүмкін де емес еді.

Ескі өмірді, хан билеген кесапатты заманды өзінің шындық бейнесінде көрсетіп, Махамбет феодалдық құрылыстың сырын батыл да анық ашып берді.

Махамбет — қазақ әдебиетінде ең бірінші болып хан-сұлтандарға қарсы халық қарғысын батыл да ашық айтқан.

Ол Исатайдың ерлік тұлғасын бейнелеп, сол арқылы күреске аттанған барлық халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді.

Махамбет өлеңдері жігерлі де асқақ романтикаға толы. Ақын қиялы алыс қияға самғап, өмір өрін кезеді.

Ол – ақындық мақсатын ел мүддесімен ұштастыра білген азамат ақын. Халық қамы үшін атқа мініп, жауына қарсы өзінің жалынды сөзін жай оғымен қатар жұмсады. Ақынның өжет сөздері батырдың беліндегі ақ семсер, алмас қылыштай қиып түсер өткір қарудан кем емес еді.

Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды. Махамбет поэзиясына тән өжеттік, өрлік өткір сын, әр кезде де кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлға тұрпаты, ісі, сөзі – бәрі ерліктің мәңгі символы деуге боларлық.

 

Пысықтау сұрақтары мен тапсырмалары

  1. Махамбет шығармаларын жариялау, зерттеу жұмыстары туралы мәлімет
  2. Махамбет жырларындағы күрескерлік, жауынгерлік, азаматтық әуендер
  3. Махамбет өлеңдерінің философиялық — дүниетанымдық тереңдігі
  4. Махамбет шығармаларында халық тұлғасы мен Исатай батыр бейнесінің жырлануы
  5. Махамбеттің лирикалық өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесінің сомдалуы

 

Әдебиеттер мен әдістемелік нұсқаулар

1.Сүйіншалиев Х.  ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алматы,1992

2.ХІХ ғасырдағы қазақ оқиғалары. Алматы,1988

3.Ай, заман-ай, заман-ай. Алматы,1991

  1. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті (ХҮІІІ-ХІХ ғасыр). Оқулық. –А., 1991

5.Бес ғасыр жырлайды. –А., 1993

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *