* Менің дінім – махаббат.
* Ақиқат қашан да аңғал келеді.
* Махаббаттың да өз теоретиктері мен практиктері болады.
* Қазақтардың моральдік кодексін олардың мақал-мәтелдері мен аңыз-әпсаналарынан іздеңіз.
* Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері.
* Мен әр халықтың ертегілерін оқуды ұнатамын: бұл ғажап ғадет – халықтар дүниетанымын ежелгі авторлар метафоралары арқылы тануға жатады.
* Тарихшы ғылыми жаттандылық біткеннің бәріне күмәнмен қарағаны жөн.
* Жылнамаларда халық тарихының тек драмалық сәттері, соғыстар ғана қамтылады. Бейбітшілік тарих жадында ұзақ сақталмайды.
* Тіл – жазғыштардың тәлкегінен аман қалған тарихи ақпараттың ең бай резервуары.
* Кез келген тіл дерексіздікке (абстракция) құмар. Ал ең таза сөз – жүйелілік және семантикалық тұрғыда монополиске айналған сөз.
* «Төлтума мәдениет» деген патриоттық ұғымды әлдебір алыс мұхит төрінде сан ғасырлар бойы кеме зәкір (якорь) тастап көрмеген аралға қатысты ғана қолдануға болады.
* Гүлденген мәдениет дегеніміз – сан ғасырлар бойы өзге мәдениеттермен үздіксіз байланыс жасаудың жемісі. Тілге қатысты да осыны айтуға болады.
* Жазба әдебиет тілі – мемлекеттіліктің бірінші айырым белгісі.
* Көшпелілер Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе дүниеге әкелмесе де – әлемдік мәдениетке қомақты үлес қосқан халықтар арасынан ойып орын сұрауға хақылы. Олар бізге керемет храмдар мұраға қалдырған жоқ, олар оқ-дәрі (порох) де, қағаз да ойлап тапқан жоқ. Бірақ тасқа мәңгілікке қашалған немесе халық зердесінде бағзыдан сақталған әдеби ой – солардан кем маңызды мәдениет элементтері деп кім айта алады?!
* Қайсысын таңдау керек? Шекспирдің «Үнемі өзіңмен-өзің болып қалуы» ма, әлде оған керағар «Өз бойыңдағы ең жақсы қасиеттерді жарқыратып ашу» ма? Елімізді көптен бірге мекендеп келе жатқан басқа да халықтармен бірге тығыз қарым-қатынаста дамыған жаңа қазақ ұлтының алдында тұрған қазіргі маңызды мәселе осы.
* Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып білу де – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол – болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады.
* Данышпандар туралы зерде – олардың өздері көтерген мәселелердің өзектілігі жойылғанша ғана ел жадында сақталады.
* Шоқан – өткенде өмір сүрген бүгіннің адамы. Оның өз «бүгіні» − өз арманының балқымайтын құрамдас бөлшектерінен, үмітсіздіктен, өмірге шексіз құштарлық пен пессимизмнен тұратын. Оның ең тамаша реалистік фантазиялары – қалыптасқан жағдай шындығының дөкір етігінің табанының астында қалып, тұншығып өлді. Ол отыз жыл (1835-1865) өмір сүрді. Оның өмірі – қазақ халқының тарихындағы тұтас бір дәуір. Оның бүкіл ғұмыры – символ. Шоқан тағдыры – мұхиттың дәмін танытар тамшы іспеттес.
* Тауларды аласартпай, даланы биіктетейік!
* Ақын – өзінің туған топырағының елшісі. Әлем ақынға қарап, оның туған халқы туралы ой түйеді. Ақын өз халқына адамзат мәдениетінің, бүкіл дүниежүзі мәдениетінің нұрын шашады.
* Қарама-қайшы көзқарастарға қашанда бір жақтылық тән – олардың екеуі де бірдей ақиқаттан алыс жатады: шындық – ортаға, экваторлық аймаққа таяу тұрады.
* Этностар бір-бірін жеке тұлғалардың кездесуі арқылы таниды.
* «Халықтар достығы» деген – нақты адамдар арасындағы достық пен өзара құрмет сезімінсіз, абстрактілі һәм тұрлаусыз ұғым.
* Әдеби шығарманың мазмұны қоғамдық санадан нәр алып, тіл арқылы жүзеге асады.
* Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген.
Дереккөз: Massaget.kz.