Мазмұны: Алғашқы әңгімелерінің тақырыптары – ауыл кедейлерінің өмір тұрмысы, колхоз тіршілігі, өндірісті жандандыру екендігі. Көркемдік әлеміндегі қателіктерге ұрынуы. «Қарағанды» — өндіріс тақырыбына жазылған алғашқы шығарма екендігі. Халықтар достығының көрінуі.
Ғабиден Мұстафин мұрасы — 20-40- жылдардағы Қазақстанның көркемдік шежіресі. Жазушы шығармаларынан ескен шындық — дән салмағынан басын көтере алмай, маужырай тербелген қалың бидай мен гүрсілдеген шыңырау шахтаны аралатып, туған өлкеге көз жібертеді – еңбекке толы уақытты, қарапайым еңбек адамын көресіз. Ғабиден Мұстафин жағымды кейіпкерлердің тұтас бір тізбегін жасады. Олар жарқын болашақ үшін батыл күресіп, ел- жұртының арман-тілегі, мүдде-мақсатының орындалуына аянбай ат салысты – азаматтық тұғырдан түспеді.Өз заманымен тығыз байланысып, күш-қуатын уақыт алдындағы борышты өтеуге арнау, өз замандасына аянбай қызмет ету, еңбек адамының ой-арманын, баянды ісін мадақтай жырлау, белсенді кұрескер биігінен таймау –
— Ғабиден Мұстафиннің рухани келбеті.
Жастық шақ. Алғашқы қадам. Ол 1902 жылы Қарағанды облысының Тельман ауданында шағын дәулетті отбасында өмірге келді. Ғ.Мұстафиннің әкесі Мұстафа көшелі кісі болған. Талапты бала әуелі ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. «Басқа оқу жоқ еді» — дейді ол кейін жастық шағын қынжыла, мұңая еске алып. Кішкентай жүректе жанған шырақ оқу-білім іздетеді, 1916 жылы зауыттағы орысша-қазақша мектептің төртінші сыныбына түсіп, бір жылдан кейін бітіріп шығады. «Қайтып оқуға мұрша болған жоқ» — деп өкінеді кейін жазушы. 1918-1925 жылдары ауылдық кеңестің әр алуан жұмысына араласады. Білімге деген құштарлық Қазақстанның сол кездегі орталығы Қызылордадан оқу іздетеді. Бірақ балалық шағында алған шамалы білім оқу орнына түсуге мүмкіндік бермейді де, жоғарғы сотқа қызметке орналасады.Ғабиден жасында Спасскідегі 4 кластық орысша-қазақша мектепте оқыды. Одан өзге арнаулы мектеп көрмеген. 23 жасына дейінгі өмірі ауылда өтеді. Бұдан кейін Қызылордаға барып қағаз көшіруші болып істейді. Тұңғыш әңгімелері “Ер Шойын” жинағына енген. Көп ұзамай Қарағандыға қайтып келіп, 3 жылдай кен орнында істейді. Кейінірек облыстық “Қарағанды пролетариаты” газетінде, одан кейін Новосибирскіде шығатын “Қызыл ту” газетінде еңбек еткен. 1939 жылы Алматыға көшіп келіп, алғашқы романын жазуға кіріседі. Бұл кез оның замандастары Сәбит пен Ғабиттердің үздік жазушы ретінде атағы шыққан кезі. Ал Ғабиден бар болғаны “Ер Шойын” жинағының ғана авторы. Аз-кем қаламгерлік тәжірибемен роман жазуға кірісу – қаламгерлік батылдық еді. Тырнақ алды “Өмір не өлім” романының бірқыдыру көркемдік-идеялық кемшіліктері болатын. Автордың даңқын шығарған негізгі шығармалары “Шығанақ”, “Миллионер”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейін”, “Көз көрген” романдары, “Ой әуендері” кітабы.
Жазушының өзі айтқандай, көркем әдебиетке деген құштарлығы 20 жылдары оянады. Жиырмасыншы жылдар туған еліміз үшін аса бір маңызды кезең еді. Ауылдағы негізгі тартыстар Азамат соғысынан кейінгі ауыртпалықтар, әлі оңы мен солын айыра бермейтін кедейлердің қиын хал-күйі төңірегінде өрбитін. Жастайынан талай қиянат көрген болашақ жазушы қайнаған өмір ағымынан сырт қала алмады. Өзінің алғашқы қадамы туралы «көргенімді, сезгенімді жазатынмын» — дейді Ғабең. Демек, жазушылық өмірінің алғашқы сәтінен бастап бүкіл өнер жолына үлкен әсер осындай тартыстардың қызу ортасы еді.
Жас талапкер өзі көрген, сотқа келіп түскен шағымдарда айтылған қиянат, мұң-шер, жапа шеккен адамдар туралы нақтылы оқиға негізінде жазған хабарлам, очерк, фельетондарын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жариялап жүрді.
Сөйтіп, Ғабиден Мұстафин алғашқы қалам тартысынан-ақ өзінің өзекті тақырыбын — бүгінгі қайнаған өмірді дәл тапты. Тұңғыш кітабы «Ер Шойынға» (1929) арқау болған да өзі жақсы білетін ауыл өмірі, кедейдің сана-сезімі, таптық күрес еді. «Ер Шойын» — жазушының ғұмырлық тақырыбын белгілеген, өзінің талабы мен талантына сенім
туғызған ерекше мәні бар жинақ.
Белгілі сыншы-ғалым З. С. Кедрина жазушының өнер жолын саралай келіп, оны тың тақырыптарға алдымен баратын батылдығын, жаңашылдығын «творчестволық барлауда» деп, басып айтты. Жинаққа кірген тұңғыш шығармасы «Сәрсен мен Боқаш» (1927-1928), «Ер Шойын», «Қан», «Қашқын» сияқты әңгімелерінде ауылда өтіп жатқан таптық тартысты нақтылы оқиға-көріністер арқылы реалистік дәлдікпен бейнеледі. Жазушының ыстық ықыласы қаналған тап жағында. Көркем образдар арқылы: «Адал еңбегінің қызығын көрмей, «адам!» деген ардақты атқа қолы жетпей қиналған адал жандар осылар!» — дейді жазушы. Байдың малын бағып, байлығын көбейтіп жүрген құтты қол жандар жас жазушыға адамгершілік пен ақиқаттың өзіндей көрінеді. Осындай жандарды сүліктей сорып, басын көтертпей езгіге салған үстем тапты автор жиіркенішпен, жек көре суреттейді. Жазушының мақсаты айқын, мүддесі ашық — кімді жақтайтыны, кімді даттайтыны түсінікті. Таптық күресте қажыр-қайрат. Ұйымшылдық қажеттігін суреттеген «Ер Шойын» жинағы тартыстың әлі толастамаған кезінде шыққанын ескерсек, кітаптың әлеуметтік, тәрбиелік мәні ерекше болғанын түсіну қиын емес.
Қаламгердің шығармаларында кейбір біркелкілікке құрылып, жинақтау сипаты, көркемдік мәнерлеу, тіл шеберлігі жетпей жатқанмен, алғашқы қадамынан-ақ автордың азаматтық белсенділігі, мақсатының айқындығы анықтала түседі.
Бірақ Ғ. Мұстафиннің ізденісі жеңіл болды, қиыншылыққа кездеспеді десек, шындықтан ауытқыр едік. Жас кезінде жүйелі білім ала алмаған жазушыға өмір – білім бұлағы, еңбек — өнер шырағы болды. Баяу қалыптасып, жеңіл шығармалар да жазды, бірақ тынымсыз еңбек, іздену, оқу білімді, парасатты, қайраткер жазушыға айналдырды.
Соғыс тақырыбын еңбектеріне арқау етіп, сол арқылы халықты күреке, ерлікке үндеп, тылдағы қажырлы еңбектң суреттеп проза жанрында құнды шығарма жазған жазушылардың бірі Ғабиден Мұстафин. Соғыс жылдарында туған прозаның үлкен үлгілерінің ішінде Ғабиденнің «Шығанақ» романының алатын орны зор.
Роман — өз дәуіріндегі тәуір шығармалардың қатарында бағаланған дүние. Онда жазушы қазақ шаруаларын ұжымдық еңбекке біріктірудің социалистік принциптерін құптай отырып, оның падасын Шығанақ, Олжабек тағдырлары арқылы ашады. Өмір бойы жерді кәсіп еткен, бірақ одан жарымды өнім ала алмаған Шығанақ ұжымдық ортада жаңа техниканың көмегін пайдалана отырып, дүниежүзілік рекорд жасайды. Олжабек те көп уақыт өнімді еңбек етіп, пайдасын көре алмай жүріп, іздегенін колхоздан табады. Еңбек істеген адамға ұжымның пайдалы екенін көрсетеді. Романның протатипі Кеңес одағына тарыдан рекорд жасап танымал болған Шығанақ Берсиев. Шығармасында халықты еңбекке, ұжымдық еңбекке, шақыра отырып, автор бірлесіп еңбек ету арқылы мол пайдаға кенеліп, табан ет, маңдай терінің нәтижесін көруге болатынын ұғындырады. Сондай-ақ, жаңа заман өкілі, жас еңбеккерлерді де назардан тыс қалдырмайды. Амантай, Жанбота бейнелері арқылы жаңа дәуір еңбекшілерінің образын жасайды. Диханшылықпен айналысып, үлгілі еңбек еткен ауыл адамдарының бейнесі Ғабиден Мұстафиннің басқа шығармаларында да көрініс тапқан.
Сонымен қатар жазушының өндірісті қолға алып, еңбек жолындағы қиыншылықтарға төтеп беріп жатқан ауылдағы қазақ қоғамы мен ел басындағы ауыр уақытты шынайы суреттеп көрсетеді.
Қазақ жаңа әдебиетіндегі аға буыннан шыққан прозаның жүйрік тұлпарының бірі – Ғабиден Мұстафин. Әркім әдебиетке әр түрлі жолмен келеді. Бірден үздік шығармалар берген қаламгерлер сирек. Рас, тіпті ерте көрінетін, жастай танылатын айрықша таланттар бар. Орыс әдебиетіндегі М.Горькийдің өмір жолы көптеген өнімді ойларға жетелейді. Ол жігіт шағында Кавказ, Донды жаяу аралаған. Орыстың стильге қатаң қарайтын жазушыларының пір тұтары – Паустовский де кезінде көп мамандықтың дәмін татып барып, ақыры жазушылықпен тоқтады. Ғабиден Мұстафин де осылар секілді әдебиетке өмірдің ащы-тұщысын көріп барып келген қаламгер. Табиғатынан талантты, сезімтал, алғыр Ғабиден үшін тіршілік талқысы талант қайрағындай болды. Қазақ әдебиетін байытқан үлкен романист Ғабиден Мұстафин талантының бір ерекшелігі – құнарлы топырақпен, өмір сабақтарымен тығыз байланыстылығында.
Ғ.Мұстафиннің прозаик ретінде қалыптасқанын көрсететін “Шығанақ” дерекке негізделген, нанымды бейнелер жасаған шынайы реалистік шығарма. Автор Ш.Берсиевтің аулына барып, сөйлесіп, материал жинады. Басқа бір қоңыртөбел қаламгер бұл материал негізінде асса, очерктер циклін жазған болар еді. Бұл орайда Мұстафин өзінің қажырлы қаламын танытты. Ізденіс үстіндегі жазушыға нақты деректер, өмір материалдары көп әсер етеді. Өмірді көп көрген, ауылда туған, қала тұрмысын, жұмысшы ортасын жақсы білетін Ғабиден сәтті тақырыбын тапты.
Екінші жағынан, ол 40-жылдары қазақ әдебиетіне еңбек адамының, қатардағы колхозшының бейнесін әкелді. Қазақ прозасы үшін жаңа жанр – роман формасында Ғ.Мұстафин үйірім-үйірім оқиға аяқталып отыратын, сюжетті шығарма тудырды. Бұл жағынан Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешуінен” алған сабақтарын көреміз. Реалистік шындығы мол “Шығанақ” орысшаға аударылып, Одақ оқушыларына кең танылды.
“Миллионер” романы 1948 жылы жарияланды. Бұл – тақырыбы, тіпті ат қоюы жағынан да қазақ прозасында бұрын болмаған тың туынды. Шығарма аты оқырманға оқыс әсер етеді. Ықшамдылығы жағынан Тургеневтің романдарын еске түсіргендей. Көп сөзділік, бөлек-салақ көлденең оқиға жоқ. Негізінен шығармада өмірлік маңызды проблемалар көтерілді. Мұндағы кейіпкерлер Бейімбеттің колхозшыларына ұқсамайды. Миллионерде драматизм басым. Кейіпкерлер шешен, өткір тілді, қысқа, нақты сөйлейді. “Абайдағы” ұзақ-сонар мақамды толғаулар мұнда жоқ. “Миллионерде” кейбір схематизм, стандарт салқыны кездесіп отырады.
Автордың “Қарағанды” романында өндірістік орта суреттеліп, шахтерлер тұлғасы жасалған. Бұл роман “Өмір не өлім” негізінде қайтадан жазылды. Реалистік бейнелер жүйесі бар. Мұнда өмір көріністерінің кең панорамасы бейнеленіп, қазақ жұмысшы табының қалыптасуы көрсетіледі. Идеясы жоғары, көркемдік дәрежесі биік деңгейдегі бұл роман әдебиетімізді байыта түсті. Октябрь революциясы және қазақ аулы деген проблеманы көркемдік тәсілмен терең бейнелеген “Дауылдан кейін” романы – Ғ.Мұстафиннің ең шоқтығы биік шығармасы. Осы роман арқылы қаламгер өзінің қанық стилін, талант қуатын толық ашып таныта білді. Қазақ әдебиетінде бұрын тиіп-қашып суреттелген өмір құбылыстары шығармада терең әрі көркем бейнеленді. Романда байыптылық, реалистік салмақ бар. Таптық жіктеліс, ауыл өміріндегі қайшылықтар, қазақ шаңырағындағы өзгерістер бар. “Дауылдан кейін” романында тек қана бір әлеуметтік, кезеңдік проблема ғана емес, өмір мен өлім тартысы, адамдар тағдыры, сезім шырғалаңдары суреттеледі. Шығармада автор өзі көрген жақсы білетін орта, бастан кешкен, жүректі сыздатар оқиғалар бейнеленеді. Нақты атырап – Орталық Қазақстан көріністері, табиғат суреттері. Кейбір сыншылар бұл романда басты қаһарман жоқ, кейбір өмір фактілері бұрмаланған деген сияқты пікірлер айтты. Шындығында, кез келген шығармадан басты қаһарман іздеу дұрыс емес және бұл қиялға орын берілетін көркем роман. “Дауылдан кейін” – полифониялық, кең тынысты, алуан сарынды роман. Өз заманының рухын беретін сенімді кейіпкерлер бар.
“Көз көрген” – ұзақ жылдар жемісі. Көркем мемуарлық шығарма. Стилі, композициясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Жеке тарау – жеке әңгіме. Мұндағы басты қаһарман Сарбала автордың өзін еске түсіреді. Ол — әдеби бейне. Романда жазушы хронологияға ұрынбайды. Сюжет кейіпкер Сарбаланың ойы арқылы өрбіп беріледі. Мұнда ХХ ғасыр басындағы қазақ аулының тынысы кең суреттелген. Өмірлік материал мен көркемдік материал арасындағы автордың кейбір ауытқуларына сыншылар назар аударды.
Ғ.Мұстафин профессионал сыншы не маманданған әдебиетші-ғалым болған емес, бірақ жазушы ретінде көркем шығармаға, әдеби процеске, әлеуметтік мәселелерге әр кезде пікір білдіріп отырды. Мақала, рецензия, пікір жазды, баяндама, шолу жасады. Осы еңбектердің басын қосып “Ой әуендері” деген кітап шығарды. Оған Мемлекеттік сыйлық берілді. Өмірде таза, адал жүрген, қыл-қыбырмен өнерін былғамаған өр ойлы, нәзік сезімді азамат жазушы, қара қылды қақ жарған Ғабиден Мұстафин көзі тірісінде халық махаббатына бөленді. Оның үздік туындылары елімен мәңгі бірге жасамақ.
Әдебиеттер:
- Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008
- Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003
- Ысқақ Д. Әдеби сын тарихы. А., 2012
- Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006
- Қараев М. Ғ.Мұстафиннің творчествосы. А.1992.