Мазмұны: Шығармашылық өмірбаяны. Ақын лирикаларының тақырып шеңбері. Драмалық поэмаларының эпикалық, лирикалық, публицистикалық табиғаты. Ақын поэзиясының тілдік, көркемдік бояулары, өзіндік жаңалықтары.
Сөз жоқ, Ә.Тәжібаев — шығармашылық қырлары көп дарын. Ол әрі драматург, әрі ғалым, әрі жазушы. Дегенмен, Р.Бердібаевтың сөзімен айтқанда: «Ә.Тәжібаев талантының бас белгісі ақындығы болып есептелсе керек. Егер оның көп үнді, алуан нақышты шығармаларын оркестрге теңесек, сондағы ең басым саз, ерекше ырғақ ақындық өнер болар еді. Зерттеушілер Әбекеңнің драматургиялық туындыларының да әсем ерекшелігінің бірі төгілген ақындық тілі деп таныған. Сын-зерттеу еңбектерін оқысақ та, олардың ақындық шабытпен жазылғанын байқаған болар едік».Әрине, Ә.Тәжібаевтың лирикасы, шығармашылығы туралы бұрын да зерттеу еңбектері, мақалалар жазылмады деп айта алмаймыз. Кезінде ақын шығармашылығы хақында М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Қаратаев, С.Қирабаев, З.Ахметов, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, Ә.Нарымбетов, С.Дәуітов және т.б. өз ой-пікірлерін білдірген.
Ә.Тәжібаев қазақ поэзиясында өзінің бет-бағдарын анық айқындаған, ешкімге ұқсамайтын мәнер-машығы бар ақын. Ол әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықты диалектикалық тұрғыдан ұштастыра отырып, сөз қолданысындағы сан алуан амал-тәсілдердің қыр-сырларын жете меңгерген, оны өз шығармашылығында орнын тауып қолдана білген қаламгер. Поэзияда өзіндік үні бар, поэтикалық тілі шұрайлы, шабыты асып-төгіліп жататын арқалы ақын.
Ә.Тәжібаев поэзиясындағы бейнелеу құралдарының өлшем-өрнектерін жаңарта, жақсарта отырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Қазақ поэзиясына жаңа ажар, соны сипат қосты. Ақын поэзиясының күрделі әлеміне көз жүгіртсек, халықтың ауыз әдебиетіне тән өрнектерді ғана көрмейміз, сонымен қатар, өлеңдеріне өзек болып, ішкі мағынасын байытқан жаңашыл үрдістерді де аңғарамыз.
Ә.Тәжібаев – ізденгіш ақын. Осы ізденістердің іздері көбіне ақынның теңеу, эпитет, метафора және т.б. көркемдеу-бейнелеу құралдарының кесте-өрнектерінен көрініп отырады. Себебі, өлеңдегі көрікті ой оқырманға құнарлы тілмен, тамаша шеберлікпен, ерекше сезімталдықпен жеткізілуге тиіс. Сондықтан да, Ә.Тәжібаев шығармашылығының көркемдік құндылығын тану үшін ақынның поэтикалық тілінің ерекшелігін айқындауымыз қажет. «Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Өлең сөз кестесіндегі, поэзия тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін ақындық ойдың, ерекшелігін, дүниені эстетикалық жағынан қабылдап-танудың өзгешілігін жақсы ұғу шарт», — дейді академик З.Ахметов.
Ал, Ә.Тәжібаев – ана тілінің бар байлығын пайдаланып қана қоймай, ұлттық әдеби тілімізді дамытуға барынша үлес қосқан ақын. Оның поэзиясының тілдік құралдары аса бай, көркем. Осы ретте ақын өлеңдерінің құндылығын арттыратын көркемдеу, бейнелеу құралдарының бір түрі – эпитет немесе айқындау.
Ә.Тәжібаев өз өлеңдерінде эпитеттің дәстүрлі тұрақты түрін де, өз қолтаңбасына тән жаңа түрін де көптеп қолданады. Мысалы: «Ақбауыр, алтын мүйіз кермаралдың», «Ай жүзді періштеме бас ұрамын», «Жүрек жұтқан айбынды жігіт болып», «Бота көз, сиқырлы көз аппақ Айман», «Сом темір суы қанған шыңылдайды» т.б. айқындаулар, яғни эпитеттер халық поэзиясында қолданылып жүрген дәстүрлі эпитеттер.
Сонымен бірге, ақын өлеңдерінде эпитет өлең қиыстырудың инверсиялық заңына бағынып, өлеңнің ортасында да, аяғында да келіп, әрдайым құбылып, құлпырып отырады. Мысалы:
Зәре-құтымды алады ағылған жел,
Тасты да айдап барады қағынған жел.
Ақ шаңдатқан ақ сауыт жамылған жел,
Ақ құйыннан ақ семсер тағынған жел.
Бұл мысалдағы эпитеттер – «ағылған», «қағынған», «ақ шаңдатқан ақ сауыт жамылған», «ақ құйыннан ақ семсер тағынған» жел өлең шумағының аяғында келіп, оған ерекше екпін, кең тыныс берген.
Ә.Тәжібаевтың эпитетті инверсия заңына орайластырып қолданғандағы тағы бір тәсілі – айқындалушы сөзді айқындаудың алдына қойып пайдаланады. Мысалы: «Батыр қолмен туыппын ту ұстайтын», «Бояулардан алдағыш қатты сақтан», «Сом темір суы қанған шыңылдайды» және т.б. Ал егер осы эпитеттерді тура мағынасында қолданса, олар былай болып жазылар еді: «Туыппын ту ұстайтын батыр қолмен», «Қатты сақтан алдағыш бояулардан», «Суы қанған сом темір шыңылдайды».
Ә.Тәжібаевтың көркемдік құралдарын қолданудағы шеберлігі, өзіндік жаңалығы – оның жаңадан әдемі сөз жасай алатындығында. Алысқа бармай-ақ, жоғарыда келтірілген эпитеттердің өзі жай ғана айқындау емес, образға оранған әр құбылыстың сыр-сипатын дәлдікпен жеткізетін эпитеттер екені айқын.
Теңеу көркемдеу құралдарының ішінде Ә.Тәжібаевтың ең көп қолданған тәсілі. Автор теңеу арқылы бір-біріне ұқсас заттарды, нәрселерді, не құбылыстарды салыстырады, сөйтіп сөзбен сұлу сурет өрнектейді. Мысалы:
Қысқаларым, жыртықтарым қандай көп,
Киіміндей, бұйымындай кедейдің.
Бұл өлең жолдарындағы «киіміндей, бұйымындай» деген сөздер – теңеу. Көркем теңеудің бұл түрлерін ақын халық шығармашылығынан алып, өлең тармақтарына қарапайымдылық, нақтылық әрі дәлдік берген. Автор адамның кемшіліктерін, жетіспегендерін – «қысқаларым», «жыртықтарым» — деп алып, метонимия жасайды да, сол баламаға астарлы мағына үстеп, «киіміндей, бұйымындай кедейдің» деп салыстыру арқылы өлеңге рекше ажар, суреттілік дарытады.
Ә.Тәжібаевтың өлеңдеріне метафора жасаудың жоғарыда айтылған жай түрі де, есім сөздердің түбіріне тәуелдік жалғаулары, баяндауыш тұлғадағы сөздерге жіктік жалғаулары жалғануы арқылы жасалған түрлері де кездеседі.
Ә.Тәжібаев сықақ өлеңдер жазуға біршама төселген ақын. Ол сын-сықақ өлеңдерін көңіл көтеретін күлкі үшін жазбайды, белгілі бір идеяны арқау ете отырып, күлкі етіп, келемеждейтін нысанасын дәл тауып жазады. Ә.Тәжібаевтың сатиралық өлеңдерінің тақырыбы мен мазмұны қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп отырады. Оның юморы, ирониясы, сатирасы адам бойындағы келеңсіз, жат әдеттерді әшкерелейді. Осы бағыттағы туындыларының идеясы айқын, кімдерді әшкерелеп, кімдерді мақтап отырғанын автордың емеурінінен түсінуге болады. Ақын әрдайым ниеті жаман жалақорларды, тоғышар жалқауларды, қолынан іс келмейтін қырсыздарды және кейбір адамдарға тән ұнамсыз мінез-құлықтарды өлтіре сынайды. Оқырманға солардың сұрықсыз бет-бейнелерін, жағымсыз қылықтарын жайып салып, келемеж, күлкі етеді, соларға қарсы күреске шақырады. Кезінде ұлы Абайдың жұлдызы қарсы болған өтірік, өсек, жалақорлық, көре алмаушылық, опасыздық, екіжүзділік, жағымпаздық, т.б. кесірлі-кесепатты қылықтар – Ә.Тәжібаевтың да сықақ, күлкі өлеңдерінің арқауы.
Сонымен бірге, Ә.Тәжібаевтың лексикасы қанатты образдар мен әдемі сөздерге кенде емес. Сондықтан ақын өлеңдерінде тіл жұтаңдығы, ой мен сезім таяздығы, сөз қайталаушылық та сирек кездеседі. Өз өлеңдерінің әр сөзін, көріктеуші құралдарын да саралап, таңдап-талғап барып қолданатын ағын синоним, омоним, антоним сөздерді де өз орнымен пайдаланады.
Сондай-ақ, Ә.Тәжібаевтың әзіл-әжуа, сын-сықақ өлеңдерінде кей пенденің жеке басынан табылатын жалқаулық, берекесіздік, мақтаншақтық, даңғойлық және т.б. жағымсыз қасиеттер сыналады. Бұл ұнамсыз қасиеттер оңтайлы поэтикалық образдармен өрнектелумен қатар, бірде жеңіл юмормен, бірде ирониямен, енді бірде уытты сарқазммен сипатталады.
Тағы бір айта кететін нәрсе, «Поэзиядағы ұлы қасиет – үндестік-гармония» (З.Қабдолов) деген пікірге сүйенсек, Ә.Тәжібаев поэзиясында өз орнында қолданылған әр сөз, дыбыс үндестігі де оның өлеңдеріне әуезді саз дарытады.
Қорыта келсек, Поэтикалық образдарға бай, өрнекті, кестелі Әбділда Тәжібаев поэзиясы – «Өлең – суретті сөз» деген әрі ескі, әрі жаңа ұғымды тағы да нақтылай түседі.
Ә.Тәжібаев сыршыл, ойлы да мәнді қысқа өлеңдер жазумен қатар, оқиғалы сюжетке құрылған кең құлашты, терең мазмұнға бай поэмалар да жазған ақын. Оған автордың жастау кезінде жазған «Батырақ Қобыланды» дастанынан бастап, Қазақстанда отызыншы жылдары болған саяси-әлеуметтік өзгерістерді жырлаған «Олқылық», «Құтқару», «Екі жаһан» поэмалары дәлел болса, екінші жағынан, халық аңыздарын арқау еткен «Мерген», «Толағай», және өнер тақырыбына жазылған «Абыл», «күй атасы», «Оркестр» поэмалары Ә.Тәжібаевтың эпика жанрында өнімді еңбек еткенін аңғартады.
Ә.Тәжібаевтың эпика жанрындағы сәтті қадамдары әлеуметтік мәселелерді, қоғам құбылыстарын, қилы-қилы адам тағдыры хақында философиялық үлкен ой түйіндеген «Дос туралы», «Адам», «Портреттер» дастандарына ұласты. Десе де, автор 1974-1994 жылдары аталмыш жанрға әлсін-әлсін қайта айналып соғып, ғалым, әнші, ақын және т.б. өнер адамдары жайында «Ақын», «Майра», «Күләш туралы этюдтер», «Ағалар туралы» және «Монологтар», «Қыз бен солдат», «Жүректілер» т.б. драмалық поэмалар да жазды.
Қазіргі поэмалардың түрлері туралы профессор Ә.Нарымбетов былай деп жазады: «…қазіргі қазақ әдебиетіндегі орын тепкен поэманың түрлері мыналар: сюжетті-эпикалық поэма, лирико-публицистикалық поэма, очерк-поэма, драмалық поэма, циклді поэма. Бұлардың ішінен ең дамып, өріс алғаны – сюжетті-эпикалық, лирико-публицистикалық поэмалар. Ал, онша өрістеп, кең орын алып кетпесе де, очерк-поэма, драмалық поэма, йиклді поэмалар осы сөз болып отырған жанрдың жаңара, баий түскенін сипаттайды».
Ә.Тәжібаевтың соңғы жылдары жазылған поэмаларын екі жікке бөліп қарастыруға болады. Солардың бірі – оқиғалы сюжетке құрылып, лиризм мен драма элементтері өзара жымдасып жатқан «Ақын», «Майра», «Құрдастар» поэмалары да, екіншісі – лирико-публицистикалық, драмалық, философиялық сарында жазылған «Ағалар туралы», «Монологтар», «Ол» және т.б. дастандары.
Автордың «Ақын» атты көлемді дастаны дарын иесі – ақындар туралы, ақындық өнердің қоғам мен адам өмірінен алатын орны туралы шығарма. Олай дейтініміз, Ә.Тәжібаев бұл туындысында Сүйінбай, Жамбыл, Біржан сал, Шөже, Кемпірбай, қырғыздың ақын қызы Ақмарал сияқты өнер иелерінің ақындық, азаматтық мінез қырларын әдемі айшықтаған.
Ә.Тәжібаевтың өнер тақырыбына жазылған екінші поэмасы – «Майра». Яғни, халық арасына кеңінен таралған «Майра» әнінің авторы Майра Уәлиқызы. Автор «Майра» атты бұл поэмасында зорлыққа, өктемдікке ерік берген феодалдық қоғамдағы өнерлі қыздың ауыр тағдырын, Шорман әулетінен шыққан Зәржан болыстан көрген қорлығын, өнер жолын бастан-аяқ тізіп айтуды мақсат тұтпаған. Керісінше, оның жастық шағы мен өнер аспанында жарқырап көрінген кемелді кезін суреттеу арқылы Майраның характерін ашуға тырысқан. Егер Ә.Тәжібаев «Майра» поэмасында қиыннан қиыстырылған публицистикалық ой топшылау мен жылы лиризмді, қысқаша мінездеме мен психологиялық баяндауды, бейнелі тіл кестесін де жете меңгергенін аңғартқан десек, автор осы шеберлігін Майра образын сомдауға пайдаланады.
Әйткенмен, «Майра» поэмасында табиғат суреті, адам портреті, адам баласының күйініш, сүйініш сезімдерін аңғартатын тебіреністер белгілі бір өмірлік ситуацияларға, адамдардың мінез-құлқына, әлеуметтік мәні бар іс-әрекетке де лайықталып, шақталып беріледі.
Қорыта айтқанда, Ә.Тәжібаев Майраның өнер жолын, көкірек ауруынан қайтыс болғанын да айта отырып, тарихи шындық пен көркем шындықтың арасын әдемі астастырған. Сөйтіп, тамаша дастан жазған. Бұл өмір шындығына, өнердің заңына да қайшы емес.
Ә.Тәжібаевтың «Құрдастар» поэмасы лирикалық сипатта жазылған сюжетті поэма. Автор шығарманың негізгі кейіпкерлері – Нұржан мен Гүлжанның өмір жолдарына шолу жасап, жеке тұлғалардың тағдыры арқылы өмір шындығын, адамдар достығын, махабатты да ақындық шабытпен жырлайды. Ұлы Отан соғысына қатысып, халықтың бақыты, бостандығы үшін күрескен замандастар бейнесін өлеңмен өрнектейді.
Поэманың аты айтып тұрғандай, шығарма қаһармандары Ә.Тәжібаевтың жетімдер үйінде бірге тәрбиеленіп, бір жапырақ нанды бөліп жеген құрдастары. Демек, шығармадағы үшінші кейіпкер – ақынның өзі. Поэманың:
Гүлжан мен Нұржан құрдас еді,
Бірге өскен екеуі де сырлас еді.
Панасыз интернатқа бірге кірген
Жетімек жеті жастан мұңдас еді,-
деп басталуы соны аңғартады.
Профессор Ә.Нарымбетов сюжетті поэма туралы: «Жалпы осы сюжетті, эпикалық поэманың бірінен-бірі ажырамас екі басты сипаты болуға тиіс. Ол – шығарманың өнебойына тараған сюжеттік желі мен сол сюжеттік ситуация арқылы ашыла түсетін нақтылы адам бейнесі сюжетті, эпикалық поэмаларда өмірдегі тартыстар, қайшылықтар, кейіпкерлердің қарым-қатынасы шығарманың сюжеттік желісін, композициялық арқауын айқындап отырады». Зерттеуші атап көрсеткендей, ақын «Құрдастар» поэмасында кеңес дәуірінде өмір сүрген бір отбасының тағдырын суреттеу арқылы көптеген әлеуметтік жай-жағдайлардан хабар береді.
Түйіп айтқанда, Ә.Тәжібаев «Құрдастар» поэмасында кеңес дәуірінде өмір сүрген Нұржан мен Гүлжанның тағдырын суреттеу арқылы халық тарихынан бір үзік сыр шерткендей болады.
Ә.Тәжібаев қоғамның құбылыстарын, заманның өзгерістерін сезе білген, одан өзінше ой түйіндей алатын ақын. Сондықтан оның шығармалары уақытпен, заманмен үндесіп жатады.
Мейлі лирикалық қысқа өлеңдері болсын, мейлі ұзақ сарынды лирикалық толғауларында да Ә.Тәжібаев әрқашан да адам ұлылығын үлгі-өнеге етіп, оқырманның еңбек етуге, білім мен өнерді үйренуге, халқына адал қызмет етуге үндеп отырады. Еңбекпен ұштасқан адамның ақыл-парасатын, оның ішінде өнер, ғылым адамын жырлау – ақын поэзиясының лейтмотиві. Оған ақынның «Ағалар туралы» атты лирико-публицистикалық поэмасы дәлел бола алады. Бұл орайда Ә.Нарымбетов былай деп жазады: «Лирико-публицистикалық поэмаларда автордың лирикалық ой толғанысы, публицистикалық шалқулары анық танылады да, белгілі бір сюжетке құрылмайды. Көбінесе лирикалық кейіпкер орталық образдың міндетін атқарады. Яғни, автордың, ақынның өзінің сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері алдыңғы шепке шығады».
Поэманың көлемі шағын. Кейіпкерлері – Қаныш, Мұхтар және ақынның өзі. Әуел бастан адам баласына, анаға аяушылық сезіммен қарайтын, күн мен жарықты пір тұтатын гуманист ақын бұл жолы мықтылық туралы ой қозғап, былайша шалқиды:
Мықтылық керек адамға сынбас емендей,
Өзіңді билер мықтылық керек, жігіттер,
Көзіңді билер мықтылық керек, жігіттер,
Төзімді билер мықтылық керек, жігіттер!
Ең мықтылардан үйрену керек әманда,
Тәжірибе деген қашанда қажет адамға.
Біреуге беріп, біреуден алмай бола ма
Жүрген соң жасап адамзат деген қоғамға.
Ақынның пайымдауынша, үлкен шығармашылық тұлға болып қалыптасып жету үшін үздіксіз ізденіс, төзімділік, еңбек қажет. «Сынбас емендей мықтылық керек» дейді ақын. Ал сондай төзімді, мықты адамдар болса, олардың осындай ұлы қасиеттерін бағалап, мойындап, одан ұлағат алу тіптен ғанибет. Ал осы тебіреністің көркемдігіне көз жүгіртсек, бірінші өлең шумағында қатар тұрған екінші, үшінші, төртінші тармақтың басында кездесетін сөздердің морфологиялық тұлғалары бірдей. Өлеңге әуезділік дарытып тұрған «өзіңді», «көзіңді», «төзімді» деген ұйқастар ғана емес, морфологиялық көрсеткіш «д» — табыс септігінің бірдей болып жалғануы. Өлең тармақтарында кездесетін дыбыстардың біркелкі, бірдей болып келуі грамматикалық анафораға жатады. Сол сияқты, әр жолдың соңында «жігіттер» сөзін үш рет қайталап айту өлеңге ойнақылық дарытқан.
Тағы да Ә.Нарымбетовтың пікіріне жүгінсек: «Лирико-публицистикалық поэмалардың қамтитын уақыты ұзақ болады дегенде, оның обьектісі – ұшы-қиыры жоқ дүние екен деп ойлауға болмайды. Оның тақырыбында да белгілі бір шек болатыны анық».
Ә.Тәжібаев бұл поэмасында Қаныш бейнесін сомдағанда оның өмірбаянына, жүріп өткен жолына шолу жасауды мақсат етпейді. Тек ғалым-геолог Қ.Сәтбаевтың болмыс-бітіміне сай үш-төрт қырларын лирикалық шегіністер арқылы ашып көрсеткен.
Бір ерекшелігі, Ә.Тәжібаев «Ағалар туралы» лирико-публицистикалық поэмасында Қаныш, Мұхтар сияқты кейіпкерлерімен еркін сырласумен қатар, туған халқы басынан кешірген тарихи, әлеуметтік құбылыстарға өз ойын, өз көзқарасын да білдіріп отырады. Бұл реттегі ақын толғанысы ойының өткірлігімен, сыршылдығымен оқырманның жүрек қылын тербеп отырады. Мәселен, ол Ақан мен Құлагер аттың трагедиялы тағдыры туралы: «Не тапты қазақ Құлагерді ұрып жыққанда? Ұят-ақ болды-ау, көршілес мына жұрттан да, Сұмдықты қорғап жылап жүр, әлі сорлы Ақан, Қанатын қиып, діңкесін оңай құртқанға» — десе, сталинизм дәуірінде жазықсыз жазаға ұшыраған зиялылар жайлы:
Қорықтық па сонда?
Кім білсін… бірақ қиналдық.
Қинала жүріп жалғандыққа да иландық.
Тереңде жатты, керең боп жатты көп ойлар,
Бірақ емес өлімге досты қиғандық, —
деп толғанады.
Түйіндей айтсақ, Ә.Тәжібаев бұл поэмасында қазақ халқының Қ.Сәтбаев, М.Әуезов сияқты ұлы адамдар өмірінің ең мәнді сәттерін айта отырып, адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, шығармашылық өнер жайлы тамаша ой түйеді, кең толғаныстарға барады.
Автордың сахнаға лайықтап жазған драмалық поэмаларының бірі – «Монологтар». Бұл шығарманың драмалық белгілері нақты да айқын.
Драмалық шығарманың сыр-сипаты сахнаның көмегімен ашылады. Ал мына драмалық поэмада кейіпкерлердің іс-әрекеті, тартысы, қайшылығы да сахнаға бейімделген. Академик З.Қабдолов айтқандай, «драмалық образ эпикалық не лирикалық образдар секілді қағаз бетінде емес, тура өмірдің өз аясында – сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне». Бұл орайда Ә.Тәжібаевтың «Монологтары» сахнаға қою мүмкіндігі мол, драмалық белгілерінің бәрі де сақталған тартымды туынды болып шыққан.
Бұл поэманың негізгі кейіпкерлері – ақын Сәкен Сейфуллин, еліміздің даңқты батырлары генерал Панфилов, Төлеген Тоқтаров, батыр қыз Мәншүк Мәметова, атақты күрішші, еңбегімен елге сыйлы болған Ыбырай Жақаев, бұлбұл көмей әнші Күләш Байсейітова, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтар. Поэмада кейіпкерлер аузымен айтылатын монологтарда сталинизм дәуірінің шындығы, Ұлы Отан соғысының көріністері, еңбек майданындағы ерлік істер айтылады. Шығармада монолог арқылы кейіпкерлердің ішкі жан сырлары, адамгершілік мақсат-мұраттары, характерлері жарқырай ашылған.
Сондай-ақ, поэмада автордың азаматтық тұлғасы да нақты көрініс тапқан. Шығарманың бірінші бөлімінде ақын «Білемін бәрін драмаға керектің, Айтқыштардан көп алғанмын керекті» деп ағынан жарылып, поэманың өрісін кеңейте түседі. Осы ретте:
Мен де бір дастан бастадым,
Ойламадым үйдің қамын,
Бас қамын.
Жібермедім тырнақтай да уақытты
Көтеруге әлдекімнің шашбауын, —
дейді автор. Одан әрі сахнаға ақынмен сұхбаттасатын «дауыс иесі» бейнесіндегі Уақыт шығады. Ақын өзінің бай қиялының арқасында Уақытқа үн бітіріп, адамша сөйлетеді. Алайда Уақыт деген әділ қазы ақынды өткір де қатал сынға алады. Автор бұл тұста кейіпкерлер характерін ашатын, көзқарасын, ой өрісін де байқататын диалогты ұтымды пайдаланған. Ақын Уақыттың алдында есеп береді.
Автор кейіпкерлердің жан дүниесін ашу мақсатында көріктеу құралдарының сан алуан түрін қолданған. Мәселен, ақын мен Уақыттың диалогын алып қарасақ, кейіпкерлердің ой сезімін айқындау үшін антоним сөздерді орайымен пайдаланғанын көреміз. Айталық Уақыт:
Мен Уақытпын жасарып, қартаймайтын,
Асып, кеміп, әйтпесе ортаймайтын.
Мен жарықпын біргемін, қараңғымын,
Маған жолдас кең әлем ең алдымен, —
десе, ақын:
Тағдыр деген күймеме кереметті,
Қуаныш пен қайғыны қоса жектім.
Ұшып келем бетінде жер ананың,
Бірде жылап, бір мезгіл қуанамын.
Ә.Тәжібаев Уақыт пен ақынның бұл диалогында антонимдерді қарама-қарсы қалыпта алып, ойдың өткірлігі мен айқындылығына қол жеткізген. Мәселен, «жасарып, қартаймайтын», «жарықпын, қараңғымын», «қуаныш, қайғы», жылап, қуанып» т.б. сөздер антоним ретінде ақындық қуат пен көркем ойдың жемісі болып табылады.
Ақын мен Уақыттың диалогынан кейін, елін, жерін, қазақ ұлтын сүйген өнер, қоғам қайраткерлері ішкі монолог арқылы сыр ашады. Яғни, «Монолог – кейіпкерлердің өзімен-өзі сырласқандай, ойланып толғанғандай айтатын сөзі. Монологтың мағыналылығы сол – адамның ішкі сырын, көңіл күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай-күйі айқын аңғарылады».
«Монологтар» поэмасында кеңес дәуіріндегі қазақ халқы басынан кешірген өте маңызды әлеуметтік жағдайлардың сыр-сипаты ашылған. Біріншіден, әміршіл-әкімшіл жүйенің тұсында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланған зиялылар тағдыры; екіншіден, Ұлы Отан соғысының сұрапыл көріністері; үшіншіден, соғыстан кейінгі бейбіт өмір сөз болады. Сондықтан поэмада сөз алатын өнер, әдебиет, ғылым қайраткерлерінің ой-толғаныстары әдеби монологтың шеңберінен шығып, заман, қоғам құбылыстары туралы әлеуметтік, философиялық ой түюлерге ұласады. Мәселен, қазақтың қайраткер ақыны, жүрегі таза, жаны сұлу Сәкен Сейфуллин былайша толғанады:
Мұңын шерттім, зарын айттым қазақтың,
өшірістім жанған отын дозақтың.
Жүргенім жоқ жанға жайлы сайранда,
Жұмысшымен бірге шықтым майданға.
Сескенбедім каторгадан, түрмеден,
Ажалменен ойнап жүрдім бірге мен.
Оққа тостым, отқа тостым кеудемді,
Арман етіп көргенім жоқ өлмеуді.
Сәекннің бұл монологынан елінің болашағы үшін күрескен, қуғын-сүргіннен де сескенбей, кеудесін оқ пен отқа «тосқан» адамның жан сырын аңғарғандай боламыз.
Әйткенмен, Сәкен «ішкені мен жегендерін олжа қылған» пасық жандардың жапқан жаласының құрбаны болады. Сондықтан ол көпке қарап:
Кімге обалым айтсаңдаршы,
Қаным қайда төгілген?
Ат! Деген кім? Атқан қайсың?
Қабырым қайда көмілген? –
деп үлкен сауал тастайды.
Бұл сұрақтар – тарих пен уақыттың сауалы. Жауабы да әзір. Ол жауаптан «жаны жалған шешендерге сенбеңдер», олардың жылтыр сөзі мен уәдесіне «алданбаңдар» деген ақынның жан айқайы естілгендей болады.
Поэмада кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөзі хронологиялық тәртіппен беріліп отырады. Сәкен сахнадан кеткеннен кейін, Ұлы Отан соғысының отты жылдары алаулайды. Отты жылдар шежіресінің нағыз куәгерлері Иван Васильевич Панфилов, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметовалардың характерлері де монолог арқылы ашылады.
Әрбір жүрек жырлары от боп,
Әр тамшы қан атылды оқ боп.
Ажалдан біз сескенбедік,
Сескендік те шегінуден,
Өлімді біз жеңіл көрдік,
Өлмей тірі жеңілуден.
Осылайша өзі туралы, ерлігі мен табандылығы жайлы басқаларға сыр ашқан сабырлы да салқын қанды генерал Панфиловтың бұл сөзіне түсініктеме берудің қажеті жоқ. Ол өзі сыр ашып, өзіне тамаша мінездеме берген.
Драмалық поэмада қазақтың батыр ұлы Төлеген Тоқтаров пен батыр қызы Мәншүк Мәметованың бейнелері жан-жақты ашылған. Ә.Тәжібаев оларды жауды «шыбындай» қырып жүрген «ұрдажық» батыр ретінде көрсетпейді. Адам ретіндегі күйініші мен сүйінішін сипаттап отырады. Ол үшін осы батырлардың бейбіт замандағы өмірін, туған жерге, ата-анасына, сүйген жарына деген сағынышын, тіпті мұңын да майдандағы ерліктерімен қатарластыра береді. Мәселен, Т.Тоқтаров қолға түскен неміс тұтқынына жиіркене қарап тұрып:
Құзда тудым, қырандармен бірге өстім,
Айдындағы аққулармен тілдестім.
Нажағайды қағатынмын қолымменен,
Сескенбегем сен сияқты өлімнен, —
деп толғанса, үлкен жүректі, жаны нәзік Мәншүк өз анасына деген сағынышын:
Сағындың ба, мен де сені сағындым,
Қандай ана сағынбайды баласын,
Қандай бала сағынбайды анасын,
Жүрегімде жалғыз сен ғанасың!, —
деп білдіреді.
Драмалық поэманың екінші бөлімінде ақын-кейіпкер қанқұйлы жаудың ойсырап жеңілгенін, сөйтіп көптен күткен жеңістің келгенін: «Шүйінші, халқым, шүйінші! Жау жеңілді! Берлин жығылды!» — деп қуана хабарлап, бар әлемге жар салады.
Әйткенмен, өмірдегі барлық құбылыстардың төрешісі – Уақыт:
Мен адамның өміріне қанықпын,
Күйрегенін көргем талай алыптың,
Мұндай күнде қасірет те бірге жүреді,
Бір күнде біте қала ма,
Қаралы жанның жараға толы жүрегі, —
деп ақын қуанышын су сепкендей басады.
Бұл ащы шындық еді. Қанша адамдар қанын төгіп, өмірін қию арқылы келген бұл жеңістің салмағы өте ауыр. «Жұбану үшін көп жылдар керек», осыған орай соғыста жалғыз ұлынан айрылса да, сағы сынбаған, рухы төмендемеген қажырлы дихан Ыбырай Жақаев сөз алады. Дихан қарттың қайғысында шек жоқ. Соғыста жалғызынан айырылып, қанаты қырқылғандай болған Ы.Жақаев:
Құлыншағым, тірлігімнің тірегі ең…
Сен туғанда жасарып бір түлеп ем.
Өлімің болса маған бер,
Балама бер өмірді деп,
Жатсам, тұрсам тілеп ем, —
деп көпшілікке мұңын шағады. Демек, автор Ыбырайдың өзегін өртеген қайғысы арқылы бүкіл халықтың қайғы-мұңын жинақтап берген. Әйтсе де, Ыбырай қатал тағдырға мойымайды, керісінше қатая түседі. Оған: «Шыда, шалым, шыдап бақ, Енді жанар шырағыңнан түңілме. Кетпеніңді қайта шап, Келер жердің болар әлі бүгінге» — деген өз сөзі дәлел.
Сондай-ақ «Монологтар» поэмасында автор әншілік өнерін «Сыңғырлаған, сыңқылдаған аққуым», «Тамағы емес, жүрегімен сайрап тұр» деп сипаттаған К.Байсейітованың, «Өмірден өтпес, көңілден кетпес те адам бар» деп бағалаған Қ.Сәтбаевтың да бейнелерін ішкі монологпен ашып, ішкі ойлармен сомдаған.
Сонымен Ә.Тәжібаев бұл поэмасында жамандық пен ізгіліктің, парасаттылық пен ақыл-ой жұтаңдығының ара жігін ашып, еңбек пен өнер, ғылым салтанатын да ішкі ой-толғақпен айшықтап, тың да мәнді туынды жаза алған.
Ә.Тәжібаев поэмаларының ішінде кейін жазылғаны да, мағыналық жағынан тереңі де, көркемдігі жағынан кемелдісі де «Портреттер» поэмасы. Бұл — өмір туралы, уақыт туралы, жаңа адам туралы философиялық толғаныс. Мұндағы уақыт мөлшері – Кеңестік 40 жыл. Осы мерзім ішіндегі бір отбасының тағдыры, әр түрлі ұрпақ ауысуы негізінде автор уақыт қызметін ашуға тырысады. Осы мерзім ішіндегі бүкіл оқиғаның куәсі болған лирикалық кейіпкердің ұғым-түсінігі, ойы, адамды танып бағалауы монолог түрінде беріледі. Ол әкесі, ағасы, қарындасы, өзі туралы әңгімелейді. Өмір, тіршілік үшін таласта аға ұрпақтың мойнына артады. Әкеден балаға ауысып келе жатқан шойын сағат — өлмейтін уақыттың, тозбайтын тіршіліктің символы.
Поэманың идеялық түйіні біздің қоғамымыз өткен жол – тек күрестің ғана емес, әкелер, ағалар, қарындастардың қанымен келген жеңістің салтанаты екенін көрсетуге құрылады. Сондықтан мұндай қымбат өмірді сақтау, қадірлеу керек. Өмір портреті жалаң емес, ол сол өмірді жасаған адамдардың, уақыттың портреттерінен жинақталады. Өмір тозбайды, қайғы-қуанышы ары қарай ілгері басады.
Сағатым, міне, алдымда менің,
Әкемнен қалған тозбайтын шойын.
Отырмын бағып минутын оның
Уақытпен бірге қозғалып ойым,-
дейді ақын. Өмір туралы ақын толғанысында болашаққа сенім күшті.
Поэмада шытырман оқиға, ширыққан тартыс жоқ. Адамдар тағдырын біз лирикалық қаһарманның өткен өмірі мен бүгінгі күнін еске алып, әңгімелеуі арқылы, әңгімелеуі емес, сол отбасы адамдарының тағдырлары туралы толғанысы, түйген ойлары арқылы білеміз. Әке қандай жан еді? Баласы оның еріккенін, не той қуып, думан қуып желіккенін еш көрген емес. Ол қарапайым ғана жұмыскер, паровозшы. «Кірпігін тас көмірдің шаңы басып» қызметінен арып ашып келетін.
Бас аман, бауыр бүтін, бақыттымыз,
Қайғысыз өткіземіз уақытты біз.
Жамағыш жыртықтарды шешеміз бар,
Қорғаныш қорқыныштан әкеміз бар,
Екеуі күліп, ойнап тұрғанда бір
Болар деп ойламаушы ем тұрмыс ауыр,-
дейді лирикалық қаһарман бала. Бала көзқарасы шынайы берілген. Тұрмыстың қиындығы, қолдың қысқалығы жас баланың ойына келмейді. Баланың еш арманы жоқ, қорғайтын әке-шешесі, аға-қарындастары аман-есен. Сөйтіп жүргенде әкесі өледі. Әкесін кім өлтіргенін ол кезде бала білген де жоқ, кейін біледі. Әкесі бостандық үшін майданда жау қолынан қаза болған екен.
Әке орнын аға басты, лирикалық қаһарманның ендігі қамқоршысы сол. Ол да отты жігіт боп өскен. Мешеу елді емдеп қатарға қосу керек, жаңарту керек ауылды. Ол сол үшін күресті. «Бауырым отыр, елімнің қырсығын қырар қылыштай» дейді қаһарман. Бірақ әкенің орны оңала бергенде жастай тұтанған аға тез жанап та үлгерді. Әкені жыққан жау оғы ағаны да құлатты.
Тағы да бардық қабырға
Тағы да қалдық қаралы.
Қайғыға күйген шешенің
Ағарды шашы бір күнде
Ақ жүзін кесті шешенің
Улы жас көнбей іркуге.
Жылдар өтеді, лирикалық қаһарман да есейіп, ой-өрісі кеңейеді.
Өрт шалған орман жапырақтап жазда көгерді,
Біздің де семья азайған еді, көбейді.
Келеді өсіп ұлдарым, менің қыздарым
Шығардық естен қайғының батқан ызғарын.
Босаған кеше орындар қайта толықты,
Азайған кеше күлкі де қайта молықты.
Кешегі жесір әйел, аяулы ана немере сүйіп, ақ шашты әже атанады. Кешегі өзінің бесігін тербетіп жұбатқан қарындасы бой жетіп өрімдей қыз болады. Сол қыздың бойынан әке мен аға жанын құрбан еткен, бостандық пен жаңарған өмірдің келбетін көруге болады.
Ә.Тәжібаев «Ақын» және «Майра» поэмаларында қазақтың суырып салма ақыны Жамбылдың, атақты әншісі Майра Уәлиқызының характерін әр түрлі көркемдік амал-тәсілдермен ашуға тырысқан. Ақын Жамбыл, әнші Майра өмірде болған адамдар. Олардың жеке өмірбаяны жайлы да, шығармашылық өнері туралы да біраз деректер бар. Дегенмен, «…ең толық өмірбаяндық мәліметтің өзі де творчестволық қайраткер жасап қалдырған мәдени, әдеби мұра беретін бай материалдан әлдеқайда төмен, мәнсіз. Өйткені өмірбаяндық фактілер. Көбіне адамның өмір жолындағы белгілі кезеңдерді, олардың сәттік суретін ғана көрсетеді. Ал белгілі қайраткердің творчестволық мұрасы оның бар ішкі жан дүниесін, ойлау, сезіну мәнерін, тіпті жақсы көру, жек көру сипаттарына дейін түгелдей танып-білуге мүмкіндік жасайды».
Бұл орайда Ә.Тәжібаев Жамбыл, Майра сияқты өнер адамдарының образдарын олардың өмірбаяндық деректері мен шығармашылығының ерекшеліктерін өзара байланыстыра отырып сомдайды.
Шығарманың көркемдік негізі-адам характерін айшықтап, бейнелеп көрсету. Әрине, бұл автордың ой өрісіне, дарынына, шығармашылық шеберлігіне байланысты болатын фактор болып табылады. Ә.Тәжібаев аталған поэмаларында Жамбыл, Сүйінбай, Ақмарал, Майра, Ереймен және т.б. кейіпкерлердің сыртқы кейіп-кескінін, ішкі жан дүниесін ашып көрсету үшін портрет, диалог, монолог, авторлық мінездеме т.б. көркемдеу құралдарын кеңінен пайдаланады. Әсіресе, Сүйінбай образын өрнектегенде халық поэзиясының қоштасу, жоқтау, бата беру және т.б. үлгілерін қолданады.
Ал «Құрдастар» поэмасында сюжеттік оқиға желісін зұлымдық пен ізгіліктің қарама-қарсылығына негіздей отырып, Нұржан мен Гүлжан образын тамаша ашады. Бұл шығармада лиризм элементі басым. Автор мұнда өз құрдастары Нұржанмен, Гүлжанмен де етене жақындасып, олармен жақын адамындай сырласады. Қуанышын, қайғысын да бірге бөлісіеді. Ақындық сезіммен толғанып, тебіренеді.
Ә.Тәжібаев «Ағалар туралы» лирико-публицистикалық поэмасында бірде лирикалық шегіністер арқылы, енді бірде публицистикалық ой-толғаныстармен геолог-ғалым Қ.Сәтбаев және ғұлама жазушы М.Әуезовтің азаматтық, қайраткерлік, ғалымдық, жазушылық қасиеттерін көрсете білген.
Ә.Тәжібаевтың «Монологтары» қазақ әдебиетінде әлі де сирек кездесетін драмалық поэма. Бұл ретте С.Мақпыров драмалық шығарманың табиғаты жайында: «Драманы өмір шындығы мен адам тағдырын бейнелеудің ең күрделі тәсілі, эпос пен лириканың ерекшеліктерін қоса қамтыған синтез жанр деп те атайды», — дей келіп, оның сахнаға лайықталып жазылатынына, авторлық баяндаудың болмайтынына, кейіпкер сөзіне құрылатынына назар аударады.
Ә.Тәжібаев тек ақын ғана емес, драматург те. Сол себепті ол бұл драмалық дастанын өлеңмен жаза отырып, оны сахнаға ыңғайлаған. Поэмадағы сахналық көріністер, авторлық түсініктемелер де соның айғағы. Дегенмен, «Монологтарда» еңбек, өнер, ғылым қайраткерлері мен соғыс батырларының ішкі жан иірімдері, ой-арманы, мінез-құлқы да кейіпкер сөзі: диалог пен монологтар арқылы ашылған. Драмалық поэма осындай ерекшелігімен мәнді.
Әдебиеттер:
- Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008
- Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006
- Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. А., 1988
- Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. – Алматы:1960
- Кәрібаева Б. Қара өлең және лирика. А.,2000
- Нарымбетов Ә. Қазақ совет поэмасы. А., 1982