АҚМЕШІТТІҢ ОЙРАНДАЛУЫ — Ресей империясы, Орынбор губерниясының әскери губернаторы (1833 — 42 және 1851 — 57) В.А. Перовский бастаған отрядтың Ақмешіт бекінісін (қазіргі Қызылорда қ) басып алуы. Ресейдің Орта Азиядағы саясатын дербес жүргізуге құқылы Перовский Қоқан хандығының бекінісі болып тұрған Ақмешітке 1853 ж. 2 шілдеде келіп жетті. Оның отрядында 2850 жауынгер, зеңбіректер, т.б. қару-жарақтар болды. Генерал бекіністің Түркістанмен, Ташкентпен, Бұхарамен, Хиуамен, жергілікті мекендермен қатынас жолдарына қатаң бақылау орнатып, барлаушы топтар жіберді. Ақмешітте 400-ден астам сарбаз, зеңбіректер, қару-жарақ қоймасы болды. Жасақтарын жүзбасылар Бекбай, Құлбай, Қандыбай деген қазақтар мен Лепес есімді қарақалпақ басқарды. Тыңғылықты әзірліктен кейін 28 шілдеде генерал шешуші шайқас бастады. Оған қазақ сұлтандары Елекей (Ермұхамед) мен Мұхамеджан Баймұхамедовтың қарулы күштері де қосылды. Қорғанды алу кезінде 230 ақмешіттік қаза тауып, 77-і (35-і жаралы күйінде) тұтқынға түсті. А. о. Ресей империясының Орта Азияны одан әрі отарлауына жол ашты. Ақмешіт генералдың құрметіне Перовск форты болып аталды (31.8.1853).