Қазақ тілін оқыту әдістері

                  

 

           Мектеп оқушыларына білім мен дағды беруде қазақ тілінен өтілетін сабақтардың мәні орасан. Өйткені сабақ оқу ісін ұйымдастырудың негізгі түрі болып табылады. Мұғалімнің жүргізетін жұмыстары сабақ арқылы іске асады. Сабақ беруде мұғалім мынадай мақсат қояды: оқушыларға білім негіздерін түсіндіру, сол білімді бекітіп, талдап есінде қалдыру, алған білімін тексеріп отыру және өздігінен толықтырған білімдерін күнделікті өмір қажетіне пайдалана білу. Мұғалім оқушылардың барлығына қазақ тілі материалдарын толық меңгертуі, қажетті білік, дағдыларды игертуі, сабақтың дамытушы және тәрбиелік қызметін іске асырады. Ол үшін мұғалім материалды баяндау процесінде уақытты үнемді жұмсап, оқушылардың толық түсініп қабылдауына жағдай жасайды. Сонымен бірге мұғалім оқушының білімге деген ықыласы мен қызығушылығын, оқу-танымдық уәждемесін арттырып отыруы тиіс. Оқушылардың белсенділігін арттыруда олардың өз бетінше орындалатын жұмыстарын ұйымдастырып, іздеу, зерттеу іскерлігін дамытып отырған тиімді.

          Оқыту әдістемесі — педагогиканың күрделі саласының бірі деуге болады. Бұл тақырып педагогиканың дидактика тарауында қаралады һәм зерттеледі. Дидактика /оқыту теориясы/ гректің didaktikos —  оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оқытудың  принциптерін және тиімді әдістемелерін көрсетеді. Біз мақаламызда қазақ тілін оқыту әдістеріне тоқталғанды жөн көрдік. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдарын ғылыми еңбектерді  бес түрге жіктеп қарастырып келеді:

  • Түсіндіру әдісі. Бұл әдіске ауызша баяндау — түсіндіру, әңгіме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады.
  • Кітаппен жұмыс істеу әдісі: Оқушылар мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау — анықтама, түсініктер, жоспар, конспект, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
  • Көрнекілік әдіс, экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану т.б.
  • Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі — демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі: кодоскоп, эпидоскоп, компьютермен жұмыс, т.б.
  • Жаттығу әдісі, ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.
  • Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті — ауызша баяндаудан басталады.
  • Әңгіме әдісі — жаңа материалды түсіндіргенде жүргізілетін әдіс немесе сұрақ-жауап әдісі. Қазақ тілінен жаңа материалды түсіндіру барысында ғылыми фактілерге, анықтамаларға сүйене отырып, сол тақырыптың шығу, не жазған авторлардан бастап әңгімелеу әдісімен түсіндіруге талаптанады. Оқушыларға сол материалды түсінікті, айқын, анық тілмен жеткізе отырып мазмұны баяндалады.

        Дәріс — жоғарғы сыныптардың оқушыларына қазақ тілінен факультативтік сабақтарда, 9-сыныпта қазақ тілі сабағында жүреді. Бағдарламада берілген тақырыптарды түсіндіруде лекция әдісін пайдаланады. 8-9 сыныпқа 10-15 минут, 10-11 факультатив сабақтарында 15-20 минуттік дәріс оқылады. Ал кітаппен жұмыс оқушыларға берілетін теориялық білім оқулық пен оқу құралдары бойынша жеткізіледі. Бұл құралдар әрбір сыныптарға арналған оқу бағдарламаларына негізделіп жасалады. Мұғалім қазақ тіліне арналған материалдардың ерекшеліктерімен бірге оларға байланысты берілетін анықтамалар мен ережелерді оқытып, түрлі жаттығу жұмыстарын оқулық пен көмекші құралдар негізінде іске асырады. Көрнекілік әдістілдің грамматикалық құрылысын, оның жекелеген категорияларын оқушыларға жан-жақты түсіндіруде, тақырыптық, талапқа сай жасалған көрнекі құралдарды пайдаланудың үлкен маңызы бар. Қазақ тіліндегі берілген тақырып бойынша жаңа сабақты түсіндіру, өткен материалды қайталау, не бекіту, тапсырма жаздыру кезінде пайдаланылған көрнекілік әрбір сабақтың әсерлігін және мазмұнын арттырып, оқушыға білімді қызықты, жалықтырмай игеруге себебін тигізеді. Көрнекіліктің түрлері көп. Оны сабақтың мазмұнына қарай, мұғалім басшылығымен жүзеге асырылып отырады. Қазақ тілі сабағында көбірек қолданылатын көрнекіліктер: схемалар, кестелер, картина, табиғат суреттері, техникалық құралдар, т.б. Қазақ тіліне арналған кестелер: фонетикалық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық кестелер. Кестелер бір тақырыпқа арналған, не жинақтау түрінде болуы мүмкін.  Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі — мектептерде техникалық құралдарды оқу-тәрбие жұмысына енгізу 1960-70 жылдары басталды. Соңғы кезде біздің елімізде сабақта жаңа технологиямен жұмыс істеу — мысалы, компьютермен жұмыс істеу де қолға алынуда. Қазақ тілі сабағы бойынша сабақта техникалық құралдарды пайдалану жолдарын Б.Құлмағамбетова зерттеп, құнды пікір айтты: «…техникалық кұралдарды пайдаланып өткізген сабақта оқушылар жалықпай тыңдаған жаңа оқу материалын қабылдау процесінде олардың әр түрлі сезім мүшелері /көру, есту, т.б,/ қатысатындығын, соның нәтижесінде оқушылардың қызығушылығы артып, түсіндірілген материалдардың бәрін қабылдауға мүмкіндік туғызады», — деді. Қазір мектептерде көбірек қолданылып жүрген техникалық құралдар – интерактивті тақта. Осыларды қазақ тілі сабағында пайдалана отырып оқыту мұғалімнің уақытын үнемдеп, оқушыларды білім алуға қызықтыра түседі.

Әдебиеттер:

  1. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2002
  2. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін модуль негізінде оқыту. А., 2001
  3. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы /Қазақстан жоғары мектебі №1, 2004. 5-20-66.
  4. З.Бейсембаева. Қазак тілін оқыту әдістемесі.Алматы, 2002
  5. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
  6. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010

 

Кумарова Жаннар Тлеуовна

Алматы қаласы,

110 мектеп-гимназиясы,

қазақ тілі мен әдеиеті мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *