Бабалардың ерлігі – ұрпаққа тағлым

Қазақ халқы ежелден ел мен жер үшін жанын аямаған батыр халық. Қандай жаугершілік заман болмасын қазақ халқының бұқпантайлап жаудан қашқан кезі жоқ. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. ХV ғасырдан бері талай ұрыс-соғысты бастан кешірген қазақ ХХ ғасырда әлемді шарлаған екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері де болды. Тек ғана куәгері емес қан майданның ортасында соғысты. Кеудесін оққа тосты. Қай кездегідей батырлығымен көзге түскен қазақтарға орыстар тарапынан да, немістер тарапынан да таңданыс туа бастады.  Қазақтар Ленинград шайқасында, Мәскеу түбіндегі шәйқаста, Сталинград шайқасында, Курск және Берлин шайқасында қаһармандық танытты. Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. «Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды»,- дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржанның еңбегi ерекше. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын»,- дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де, ұлтын сүйгендiгiнен шығар.

Қазақтардың жеңіске қосқан үлесі тек соғыс кезінде ғана емес, басқа да көмек беру сәтінде де жалғасын тауып жатты. 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия Кеңес Одағына соғыс ашты. Алғашқы шабуыл Беларуссиядағы Брест қамалына жасалған болатын. Қамалды сол кезде жеті мың кеңес сарбазы болған деген ақпарат бар. Ал сол жеті мыңның екі мыңы қазақтың жігіттерінен құралған болатын. Жау шабуылынан қаза тапқан қазақ сарбаздары әлі күнге сол жерде жерленген. Жалпы тарихшылардың дерегі бойынша 600 мың қазақ елге оралмаған. Миллионнан аса батыр сарбаздар соғысқа қатысқан. Без жүзге тарта отандасымыз Кеңес одағының батыры атанған.  Сонымен қатар қазақ сарбаздарының арасында Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды қазақ қыздары да соғысқа қатысып батырлық танытқан.

Соғыстың шешуші кезеңінде жас сарбаз Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен. Сол батырлығы, ерлігі үшін оған «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін берді. Еліміз Тәуелсіздік алған соң 2001 жылы Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді.

Қазақтар тек қана әскер жіберумен ғана емес, резервтегі офицерлерді дайындаумен, партизандық соғыстарға жәрдемдесумен де айналысты. Жаудың басып алған жерлерін азат ету істеріне қатысты.

Соғыс тақырыбы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жазушылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды. Қазақ әдебиеті де соғыс тақырыбынан тыс қалған жоқ. Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» романын жазды, Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін» , Мұхтар Мағауин «Бір атаның балалары» атты еңбектерін жазды. Ал ақындар соғыс тақырыбын жырларына қосты. Қасым Аманжолов:

Соғыстың, қыстың ызғары

Бойымнан кетпей, боп сырқат.

Емендей жалғыз құздағы,

Айналаға болдым жат.

Қайсарлықпен сыр бермей,

Отырмын қарап биікке.

Ұшқан құстар тау көлбей,

Қиялда жортқан киікке, — деп жырлады.  Ал Сырбай Мәуленов сонау неміс жерінен қазақ жеріне былай деп хат жазды:

Соғыстың сонау кезінде,

Киініп солдат көйлегін.

Досымыз болды біздің де,

Обалы қанша Гейненің.

Германия жерінде,

Құртысып бірге ел жауын.

Майданның алғы шебінде,

Өзі де болды Тельманның.

Жетпедік оңай жеңіске,

Өттік біз өр мен қиядан.

Қол создық туыс неміске,

Тұп-тура Германиядан.

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына ауыр тиді.  Елдің жиырма жеті миллионнан астам адамы соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы қазақстандықтар. Міне, осылай Кеңес халқы мен оның қарулы күштері бұдан 75 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай ойсырата талқандады. КСРО фашистермен соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды. Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.

 

Ынталы ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Адамкулова Бұлбұл Жәкішқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *