Жаныбекқызы Мадина — қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Семей қаласы, №28 орта мектеп
Білім ордасы мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі — мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Сонымен қатар ұлтымыздың ұлы тұлғасы, алаштың біртуар қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов қандай жағдайда да баланы сабаққа қызықтыруға болады, оның ынтасын қалай ояту керек, ол үшін мұғалім қандай болу керек деген мәселеге келгенде, төмендегідей ой – тұжырым жасайды: «Баланы оқыту ісінде ынта деген нәрсенің білімді қылуға, жетілуге мағынасы зор. Баланың ынтасы тартпаған мектеп абақтыға айналады» дей отырып, өзі оған былайша жауап береді. Бала қандай нәрсеге ынталы болмақ. Бұрын таныс емес, тың нәрсеге ынтасы болмайды, бұрын білетін ескі нәрсеге де ынтасы болмайды. Ынтаны қоздыратын жаңа мен ескісі аралас нәрсе. Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрселерде бір жаңалық болу керек. Ол жаңалық бұрынғы ойда бар нәрсені не толықтырғандай, не дәлелмен бекіткендей, не бұрынғыны бекерге шығарғандай, болмаса күшейткендей бір өзгеріс кіргізетін болу керек. Бір күндегі көз үйренген таныс нәрсеге көңіл қойып қараймыз, егер ол нәрсеге азырақ өзгеріс пайда болса, әуес қып, қызығып қарай бастаймыз.Кез келген нәрсені түсіну немесе түсіндіру үшін мұғалімнің өзі оның негізін біле білуі керек. Мұғалім балаға жаңа білім бермес бұрын, ең алдымен баланың ынтасын аударар нәрсені жақсы білуі тиіс.
Қазіргі оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологиялар кеңінен енуде.Оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор. Сол сабақ атты театрдағы басты кейіпкеріміз – оқушы болса, онда барлығымыздың бағытымыз бір, бағдарымыз байсалды болмақ. Әр мұғалім оқушыға көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаhандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап пайдалануы тиіс. Мұғалім шеберлігі – ізденіс нәтижесі. Сондықтан, орыстың ұлы педагог-ғалымы К.Д.Ушинскийдің “Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады” – деген. Бұл “Ұстаз” атты ұлы сүрлеуге соқпағын салып жол тартқан көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адамға берілген елеулі ескерту. Сабақты тартымды өткізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр сабағымызды түрлендіріп отыру шарт. Ол үшін тек бір технологиямен шектеліп қалмай, әртүрлі технологияның элементтерін пайдалану қажет.
Қазіргі таңда сапалы білім беру мәселесі қоғамды толғандырып отыр. Өйткені қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі замануи талапқа сай болуы қажет.
Сол себепті ұстаздар әр сабағын сапалы түрде ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі шарт. Мектепте алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп сабақты құру мұғалімдерден көп шығармашылық ізденісті талап етеді. Ол үшін ең алдымен, әр ұстаз үнемі өз білімін жетілдіру және өз шәкірттерін тұлға ретінде тану керек.Ұлы Абайдың «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» демекші, шәкірттің алдына бару үшін жеткілікті білімің болу керек, сол тәжірибеңді ұғындыру үшін тиімді тәсілдерді қолдана білу және ұстаз мамандығын таңдаған соң, этикалық әрі моральдік құндылықтарды ұстану қажет. Мұғалімнің бұл үш көмекшілері сапалы әрі табысты оқытуына жол ашады.
Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі парадигмасы оқытудың нәтижеге бағдарлануы, оқушының жеке тұлғасына бағытталуы, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық «жаңалық” ашуы, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде әр түрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек.
Оқытудың маңызды факторы оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Біз сабақ беріп жүрген сыныптарда топтық және жұптық жұмыс түрлерін көп пайдаланамыз. Мұндай тәсіл оқу үдерісіне оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды.
Оқушылар жұпта немесе топтарда жұмыс істегенде, олар «мұғалім-оқушы» сұхбаты түріндегі өзара іс — қимылға қарағанда, мейлінше «симметриялы» болып табылатын өзара іс-қимылға «оқушы — оқушы» қатынасына түсе отырып, негізделген дәлелдерді әзірлеуде және қадағаланатын оқиғаларды сипаттауда түрлі мүмкіндіктерге ие болады.
Оқушыларды топтарға бөлуде түрлі әдістерді қолдануға болады: суреттер, сандар, түстер арқылы, бойларымен тұрғызып, туған күндері бойынша, есімдерінің әріптері арқылы, мозайка т.б. тәсілдер қолданамын.
Топтық, жұптық жұмыста оқушыларға берілетін тапсырма бір сарынды емес, әр түрлі сипатта болуы керек. Топтық және жұптық жұмыс жеке шешуге болатын тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді.
Әр сабақтағы дұрыс ұйымдастырылған топтық және жұптық жұмыста оқушылар:
· Өздігінен тапсырманы орындайды, топ мүшелерімен немесе жұбымен өз пікірін бөліседі, алмасады; · Жоспарланған тапсырмалар туралы айта алады; · Өз мүмкіндігін біледі; · Өзінің оқуы үшін үлкен жауапкершілік алуға қабілетті болады;
· Назарын бақылай алады және алаңдамайды; · Өз тәртібі мен өзгенің тәртібі туралы және оның салдары туралы айта алады; · Нені қалай жасағаны туралы немесе нені үйренгені туралы айта алады; · Өз сезімі мен өзгелердің сезімі туралы біледі, көмектеседі және тыныштандырады; · Жаңа тапсырманы сеніммен қолға алады; · Өзін оқушы ретінде жағымды жағынан көргісі келеді; |
Топтық және жұптық жұмыстың нәтижелері:
1.Топтық, жұптық жұмысты пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі.
2.Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады.
3.Олардың әрқайсысының деңгейін анықтай аласың.
4.Оқушылардың көбін бағалауға мүмкіндік аласың.
5.Оқушыларды ізденіске баулып, жұппен, топпен жұмыс істеуге үйретеді.
6.Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркіндігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады.
7.Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауда, өзіне деген сенімін қалыптастырады.
Сабақтарға қатысқан мұғалімдер топтық, жұптық жұмыс оқушының ұжымда бірлесіп жұмыс жасауына мүмкіндік беретіні, соның негізінде көшбасшылық қасиеті дамитыны, оқушының өзіне сенімді болуына, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын, танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап өтсе, оқушылар оқудың (сабақтардың) қызықты өтетіндігін баяндайды.
Мектеп өмірінде оқушылардың өздігімен білім алу үдерісіне дейінгі және кейінгі кезеңін (аралығын) салыстырғанда, оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының артқандығын, рухани-адамгершілік жақсы қасиеттердің қалыптасқандығын, мұғалімнің шыдамдылық, төзімділік сияқты сапаларымен қатар оқушылардың басқаны қабылдау, түсіну, сыйлауды үйренгендігімен сипатталады. Бүгінгі қоғамға, білім беру саласына керегі де осылар. Оқытудың осындай жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдерді сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қажет деген талапқа сай топтық, жұптық жұмыс өзінің тиімділігін тәжірибеде дәлелдеу үстінде.
Нағыз мұғалім психолог, педагог болу үшін шәкірттердің өзіндік ерекшеліктерімен санасу, аса сезімтал бала жанын жазбай танитын адам болуы қажет.
Бүгінгі шәкірт ертеңгі маман. Ендеше қоғам талабына сәйкес мұғалімнің негізгі мақсаты-оқушының білім сапасын көтеру. Ол үшін мұғалімнің алдында сабақ сапасын көтеру, жетілдіру, оқушылардың сабаққа деген қызығуын арттыру, қабілетін дамыту міндеттері тұр.
Демек мұғалім бір ғана әдіспен шектелмей шығармашылығын шындап, озық іс-тәжірбиелерді пайдалана білуге оқушы қызығушылығын арттырып сонымен бірге оқушы санасына күш түсірмей білім беруге болады деп ойлаймын.
Әдебиеттер тізімі.
- 2014 жылдың 17 қаңтар күні жарияетілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
- Көшімбетова С. «Оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдаланудың педагогикалық шарттары», Алматы, 2008.
- Жанпейісова М.М. «Модульдік оқытут ехнологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде»,Алматы, 2002.
- КобдиковаЖ.У. «Оқытудың процесін технологияландыру». – Алматы, Ақ желкен мектебі,2000.-32 б.