ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ  ОЙЫНЫНЫҢ  МАТЕМАТИКА  ПӘНІНДЕ  ҚОЛДАНЫЛУЫ

Бериков Берикбол Аканайевич – дене шынықтыру пәні мұғалімі

Семей қаласы, №47 орта мектеп

Ұлы ғалым, философ Әбу Насыр Әл – Фараби : «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі » — деген екен. Сонымен баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл – әрекеті ойын арқылы байқалады, сондықтан оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болама?»  — деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

Педагогикалық үрдісі жетілдіру ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым. Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинкт күнделікті негізгі іс-әрекет және өмірі деп дәлелденген. Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану-болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу деп түсіндірген. Себебі, ойын-оқу, еңбек іс-әрекеттері мен бірге адамның өмір сүруінің маңызды бір түрі. Ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңейуіне көмектеседі. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Ойын балалардың негізі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогиялық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға реттінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынды әрбір адам ойнап өседі, ойынды көп ойнаған адамның дүние танымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал тұлға болмақ. Ал кей балалар ойында шынайы өмірді бейнелесе, кей балалар ішкі сезімін білдіреді. Ойынның дамуына және баланың ойынға араласуына әсер ететін қызықты ойынның түрлері өте көп.  Мысалы, қазақ халқының ұлттық ойындары, бұл ойынның алғашқы танымы десек артық болмас.

Әр заманның өзіне тән экономикалық, саяси-әлеуметтік және идиологиялық ерекшеліктері болатыны айқын. Сол сияқты, бүгінгі күннің ұрпақ тәрбиесіне деген өз талабы, өз ерекшелігі бар. Халқымыз « Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы» -деп айтқандай, Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстары, ұлттық ойындар, семинарлар, конференциялар сондай-ақ , іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» көрсетілген.

     Ұлттық ойындар өзінің бастауын халықтық педагогикасының тұңғиығынан алады. Қазақстан ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты сонымен қатар мінез-құлықтық ерекшеліктерімен бірге күш- молдығын, білек-күшін, дененің сомданып шығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген.

            Ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары атадан балаға,үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып, халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі де, көрінісіде болған. Халық арасында «Денсаулық -зор байлық» деп тегін айтылмаған. Демек, кезінде ұлттық ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру -жас организмнің дұрыс та сергек өсуінің көзі болған және де балалар ойын ойнаған кезде көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға,халқына адал қызмет етуге бағытталған.

      Қазақ  халқының ежелгі заманнан ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының қай-қайсы да балаларының батыл да батыр, қайсар да қайратты, ақыл-  парасатының  мол, ойлау қабілетінің ұшқыр болып ер жетуіне арналған. Ең алғашқыда- ақ «қойшылар алгебрасы», «малшылар математикасы» деп аталып кеткен тоғызқұмалақ – сондай ойындардың бірегейі. Тоғызқұмалақ  ойнайтын бар халықтың да айтатыны: « Біздің түркі халқы ұрпақ тәрбиесіне қаншама мән-маңыз береді, мұны бір ғана тоғызқұмалақ ойынынан -ақ   көріп, білуге болады».

Тоғызқұмалақ – интелектуалды ойын. Ол тұңғыш рет 2006 жылы Лондонда өткен  зияткерлік ойындар олимпидасына енді 2008 жылы Чехияда тоғызқұмалақтан халықаралық  жарыс өткізіліп 8 мемлекеттің тоғызқұмалақшылары қатысқан бәсекеде бас бәйгені шымкенттік Салтанат Сапарбаева мен Ғалымжан Темірбаев жеңіп алды. Профессор С. Дүйсен тәрізді ғалымдар тоғызқұмалаққа ұқсас ойын ережелерінің XII ғасырда ойлап табылғаның айтса, біздің бір білетініміз, қазақтын ұлттық ойындары туралы жазбаша деректердің XIII ғасырдан бастап қағазға түсірілгені.Тарихи құжаттарда Италияндық саяхатшы Плано Карпинидің XIII ғасырда Жетісу мен Тарбағатайды басып өткенде жаңағы аймақты мекендеген қазақ тайпалары руларының тұрмыс тіршілігі, әдет ғұрпы, ойын – сауықтары туралы көптеген этнографиялық материялдар жинап, Еуропа жұртшылығына таныстырғаныңда, қазақтың тоғызқұмалақ ойыны жөнінде де баяндаған көрінеді. Әзірге бізге белгілі тағыда бір дерек, П. Карпиниден соң халқымыздың мол этнографиясынан деректер жинап, ең алғаш рет тоғызқұмалақ ойындарының бейнесуретін түсіріп, ойнау тәртібімен қағаз бетінде қалдырған адам этнограф Н. Пантусов.«Бұл ойын өте көне және кім ойлап тапқаны белгісіз, -деп жазады ол, өзінің 1906 жылғы зерттеуінде. Ойын қазақтың үш ордасының барлығына тегіс тараған»                      
 Кезінде  Қазақ   КСР  Ғылым  академиясының корреспондент мүшесі  Ғ.Мұсабаев  та  этнографиялық  тексерулер  жүргізген-ді. Зерттеу нәтижесінде еліміздің жерінен «тоғызқұмалақтын» тас бетінде қашалып салынған да таңбалары табылды. «Қазақтың ұлттық ойындары» атты кітап жазған Базарбек Төтенаев мұңы растап, Тарбағатай тауының Сайқан жоталарының бірінде, Ақшұқыр тастөбенің үстіндегі тегіс таста тоғызқұмалақтың отаулары мен қазандары қашалып бедерленгенін баяндайды.

Қазақстанда тоғызқұмалақ ойынының қазіргі үлгісі 1948 жылы қалыптасты. Ұлттық ойынымыздың заман талабына сай классикалық ережесін жасауға Мұхтар Әуезов пен халық әртісі Қалибек Қуанышпаев зор енбек сіңірді. Қазір елімізде тоғызқұмалақ ойыны жетілген тоғыз отаулық классикалық ережемен ойналады. Ойынның жүрісі оңнан солға қарай. Әрбір отаудың мынандай атауы бар: бірінші отау – таңдық, екінші отау – көшпелі, үшінші отау – атөтпес, төртінші отау – атсұратар, бесінші отау – бел, алтыншы отау – белбасар, жетінші отау – қанды қакпан, сегізінші отау – көкмойын, тоғызыншы отау – маңдай. Әр отаудың былай аталуы өзінің тарихына байланысты. Бертінде тоғызқұмалақ тақтасы ағаштан жасалды да, әрбір отаудың маңдайына «а» харпінен бастап, тоғыз отаудан солдан оңға қарай – а, б, в, г, д, ж, з, и әріптерімен бегіленді. Осы әріптік белгілерді қойған адам – Шаймерден Ыбыраев. Ойынды бұлай белгілеу жазу кезінде қиындық туғызды да, 1974 жылы әріптік белгі саңдық белгіге көшірілді. Оның авторы – С. Тілеубаев. Тоғызқұмалақ ойынының алғашқы біріншілігі Қазақстанда 1948 жылы өткезілгенінде оған төрт ойыншы қатысып, жамбылдық Шорман Өтегенов жеңімпаз деп танылды.

Ұлттық ойынымыздың атауы «тоғызқұмалақ» — біріккен сөз. Құмалақ неге жеті, сегіз, он бір, он үш емес? Рас, тоғыз саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие әрі қасиетті сан. «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық», «тоғыз інген боталап, тоғыз інген құлындап» — деген сөз тіркестерінің бәрінде тоғыз саны көптік мағынаны білдіріп тұр. Тоғыз – шексіздікті бейнелейтін сан. Құмалақ – домалақ, қозғалғыш. Желмен алға қарай домалайды, жоғарыдан төмен қарай созылған тас, тақта үстіне қойсаң дөңгелене жөнеледі. Яғни, құмалақ – қозғалыс символы. Сол себепі, ата-бабаларымыз тоғызқұмалақты — «шексіз қозғалыс ойыны» ретінде атаған. Өздеріңіз сараптап көріңізші, логикасы мықты емес, қиялы шабан адам тоғызқұмалақты ойнай алады ма? Жоқ!Ойындағы калах сөзі қазақ деген мағынаны білдіреді. Демек, «калах», «манкала» — ұтып алынған құмалақтар салынатын орын атауы. Біздегі – қазан, көнедегі – орда. Біздің ата-бабаларымыз ертеде тоғызқұмалақ ойынын құмалақпен ғана емес, домалақ заттармен де, жемістің дәндерімен де, тастармен де ойнаған. Құмалақпен ойнағанның өзінде жүріс жасау барысында оны құмалақ демей, «ат» деп, басқаша атаған («Сенің белбасарыңа жететін менде «ат жоқ», «сенің атың» менің «байыма жығылып жатыр», «байға» жетем десең, «ат» жина»). Иә, құмалақты тура мағынасында қабылдамай, оны қазақтардың дүниетанымына сәйкес түсініп, пайымдай білуіміз қажет.

А. Байтұрсынов ұлттық ойындардың тәрбиелік жағын айтқандай : «Ұлттық ойындар арқылы әдептілікке, имандылыққа, сыйластыққа тәрбиелеуге болады, ойын баланың ой өрісін дамытады».  Шынында да ойын кезінде оқушының жеке басындағы қасиеттері дамиды, ойын баланы үйретеді, тәрбиелейді, өзгертеді. Ойында балалардың ойы ұшқын білуге құмарлық пен еліктеудін аздап жанар оты деген». Осыған байланысты Қазақстан  Республикасының «Білім туралы заңында», жеке адамның рухани және күш – қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негізін қалыптастыру, жеке адамның шығармашылық және эстетикалық қабілетін дамыту қазақ халқының мәдениеті мен салт – дәстүрін соның ішінде ұлттық ойындарды оқып үйрену үшін жағдайлар жасау, жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың денсаулығын сақтау, денешынықтыру мен ұлттық ойындарды жетілдіру міндеті қойылып отыр, яғни, рухани бай, азаматтық ары таза, ой еңбегі сай, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарды тәрбиелеуді талап етуде. Ұлттық ойындардың тәрбиесі барысында қимыл – қозғалыс пен жаттығулар – жас жеткіншекті батылдыққа бастап, сымбатты етіп сомдау, ептілікке баулу, сонымен қатар, тазалыққа үйрету, сергек демалу,  бой жазу, ой еңбегі барысындағы шаршағанын басу, сарп еткен күш – қайратты толықтыра білу. Жан жақты үйлесімді дамыған азамат тәрбиелеудің бір негізі – мектеп қабырғасында ұлттық ойындарды жақсарту, оны халықтық тәрбиемен ұштастыру. Мектептерде балалардың дене тәрбиесі барысында қозғалмалы ойындарға жетекші рөль берілді. Ақыл – ой немесе дене күшін дамытуға бет бұрылды. Бұл қасиеттердің бірінсіз – бірін дамытуға болмайтыны, олардың тығыз байланыста екені ескерілді. Соның нәтижесінде қоғамымызда ақылынан қара күші басым немесе өзінің ақылымен ойлаған ойын іс жүзінде қолдана алмайтын жігерсіз, толыққанды емес адам тәрбиеленіп келеді. Ендігі біздің мақсатымыз – дене тәрбиесі жүйесін жетілдіру арқылы болашақ өркениетті қоғамның ерікті, өз бас бостандығын қорғай алатын, бүкіл адамзат құндылығын бағалайтын, адамгершілік, имандылық, ізгілік мінезі қалыптасқан, іскерлігі жоғары, дені сау азаматтарды тәрбиелеу.

Тоғызқұмалақ-әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын, логикалық ойлау өнері. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен-ұзақ жылдарында, өздері қызықтаған алуан ойын өнері бар ғой. Ойын деген, менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып,көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған»-деп тегін айтпаса керек. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті,өжеттілікті, батылдықты,шапшаңдықты,ептілікті, тапқырлықты сонымен қатар байсалдылықты, мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдылығын, білек күшін, дененің сомданып шынығуын қажет етеді. Себебі, ойынға қатысу үшін, алдымен оған адамның тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Міне, осындай ерте заманнан келе жатқан, терең ойды талап ететін, халық даналығы қалдырған, ежелгі ұлттық ойындардың бірі- тоғызқұмалақ. Тоғызқұмалақ ойыны өткен ғасырда ең кеңінен тараған ойын болған. Алғашқы кезінде тоғызқұмалақ ойыны үш отау, бес отау, жеті отаулық шағын үлгілері болған. Тоғызқұмалақ ойынының қазіргі үлгісі 1948 жылы қалыптасты.  Ойынның классикалық ережесін жасауда Мұхтар Әуезов пен қазақ сахнасының мақтанышы, КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышпаевтің еңбегі зор. Тоғызқұмалақ тектес ойындар бүгінгі күні бүкіл әлемге танылған. Оның Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Африкада, Европа елдерінде, Азия және Австралияда т.б. араларда ойналатын түрлері де бар. Бірақ әр халық ойын ережелерін өз дүниетанымына сәйкестендірген.

Ойын танымдық, эстетикалық, спорттық, тіпті ғылыми аспектілерге ие. Тоғызқұмалақтың емдік қасиеті де бар, ол жасөспірімдер миын дамытады. Сондықтан ол жергілікті, ұлттық деңгейден асы, әлемдік маңызға ие. Тоғызқұмалақ дамытып қана қоймайды, ол тәртіпке үйретеді.Тоғызқұмалақ ойнайтын бала өскен соң, күнделікті жоспарын  оңай  құра  алады, кез-келген  жағдайда  өзін  тұлға ретінде көрсете алады, белгілі бір оқиғаға байланысты өзіндік ұстанымы, көзқарасы болады. Ойын халықтың мінезін танытады. Ондағы әрбір ереже дүниетанымдық ерекшеліктерден туындайды. Ал енді тоғызқұмалақтың әлемге танымал, түрлі ойлау жүйесіне тән түрлерін талдап қарастырсақ, бұл мәселеге нақты көз жеткізуге болады. Овари – африкалық, калах – бүгінгі күні америкалық (тегі мысырлық), Bohnenspiel – европалық, оның ішінде немістердің, ал тоғызқұмалақ – түркілік мәдениетке тән ойын. Осы ойындардың шағын санды құмалақтарының тең жағдайда орналасқан аяқтамаларын салыстырып қарасақ, қызықты тұжырымдар жасауға болады. Овариде мұндай жағдайда барлық ойын тең аяқталады, Отан деген ұғыммен де мағыналас айтылатынкездері бар. Қазір мемлекетті президент басқарса, бұрын Ордаға билікті қаған жүргізді. Қазанға бағынған халықтың әр үйі әскерге ат (адам) беруге міндетті болды. Бейбін заманда отбасында болатын жауынгерлер соғыс, жаугершілікке Ордаға жиналды. Орда халықты біріктіретін, жан жақтағы әскерінің басын бір жерге қосатын, жинайтын орын болды. Соның әсері, тоғызқұмалақ ойынында «қазан», «орда» сөзі қатар аталып, қолданылып, жинақтаушы қызмет атқарып, соған сәйкес ойынның атауы ретінде де кейбір ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тауып, бізге жетіп отыр. Ойынның осы көне атауының қырғыз халқының «Манас» дастанында да кездесуі де сондықтан. Дастанның Сағынбай Оразбекұлының нұсқасындағы 1978 жылғы бірінші кітабының 296 бетінде Манас батырдың тоғызқұмалақ (Орда, М.С.) ойынын ойнайтын былайша жырланады:

Ордо деген оюнду

Бизге мирас калганы.

Тогуздап коргоол салғаны,

Бу Манастан калганы.

Әлгі «Манас» дастанының екінші кітабының 308 бетінде Алманбет батырдың Шу бойына Манасты іздеп келгенінде, батырдың қырық шатыр тігіп, алаңсыз Ордо ойнап жатқанының үстінен түскендігі айтылады. Қырғызша Ордо сөзі – қазақша Орда екені белгілі. Соған сәйкес, бірқатар этнографтар: «Біздің тоғызқұмалақ» атты ұлттық ақыл-ой өнерімізді; «Тоғызқұмалақ – шексіз қозғалыс ойыны» деп жазғаннан гөрі, Орда деп атап, «Орда – ат жинау немесе қор жинау ойны» деп жазғанымыз дұрыс, —  дейді. Қазақ халқында тоғызқұмалақ туралы ең алғаш кітап жазған С. Аманжолов та 1936 жылы жарық көрген туындысында орда сөзін кеңінен пайдаланып, «18 отаудың ортасын ала бірімен-бірінің арасы 8 сантиметр жерде 2 үлкен шұңқыр болады, әрқайсысының кеңдігі 8 сантиметр, тереңдігі 2 сантиметр. Бұл шұңқырларды — «Орда» немесе «Қазан» — дейді», деп мәлімдейді.

«Тоғызқұмалақ (Орда) ойынының ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің бір сыры, ата-бабаларымыздың ұлттық ұл-қыз тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуінен, ауызша айтып қалдыру, есте сақтау қасиетінің мықтылығынан, балбалтастарға, Орхон-Енисей ескерткіштеріне ұлттық ойын тақтасын бедерлеп ұрпақтағына салып кеткен даналығынан. Қазақтың тоғызқұмалақ тәрізді есеп ойындарының тәрбиелікте, танымдық та терең мән-мағынасы бар ғой шіркін. Оның жырмен өрнектелген бір түрі 1985 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жеті жүз жұмбақ» атты кітапта тіпті былай деп те жазылыпты:

Тоғыз отау көтерген Алтын орда,

Екі ауыл қатар қонған оң мен солға.

Тоғыз отау қоралап қой өргізіп,

Екі қойшы салыпты ылғи солға.

Бағады қойын қойшы шыр айнала, 

Қошқар, тоқты, еркек қой, саулық жаңа,

Бірі арық, біреуі семіз емес,

Барлығының салмағы бірдей ғана.

Аяғы жоқ, құлақ жоқ, мүйізі жоқ,

Қанша қуғын көрсе де бүйірі тоқ,

Серке, теке, қой-ешкі айырылмайды,

Жаратты екен қай мықты осындай ғып.

Өлең арқылы ой қорытып көрейікші: тоғызқұмалақ тақтасындағы отаулар саны 18 (9+9)     емес пе, әр отаудағы тастардың да (құмалақтардың) саны тоғыздан. Әр ойыншының отауларындағы тастар саны 81 (9х9). Жалпы тастар – 162 (81+81). отаулар солдан оңға қарай есептеліп, бірінші отау — «арт», екінші отау — «тектұрмас», әрі қарай, рет-ретімен — «ат өлмес», «атсыратар», «бел», «белбасар», «қанды қақпан», «көк мойын», «маңдай» деп аталады. Құранның математикалық құпияларын зерттеп жүрген жезқазғандық ғалым Ғазыхан Ақпанбектің айтуынша, «Әлемді тану жолындағы астрономия ғылымының бір сыры тоғызқұмалақ ойыны арқылы танылған. Тоғызқұмалақ ойынын дұрыс, сауатты ойнау үшін күрделі есептеулер жасай білу қажет». Иә, тоғызқұмалақ ойыны халқымызда «қойшылар алгебрасы», «малшылар математикасы» деп аталған ғой, осы сөзден-ақ шебер ойыншылардың күрделі есептеулерге жетік жандар екенін аңғару қиын емес.

Ұлттық ойынымыздың өмірге келуі, түркі тілдес көп халықтың ортақ асыл құндылығына айналуы, әлемге тарауы туралы пікірлер сан алуан. Соңғы деректер бойынша, қазір Қырғыстандағы мектептерде тогуз-коргоолдан олимпиада өтеді, Қытайда, Қарақалпақстанда тоғызқұмалақ хақында кітаптар, ғылыми еңбектер жарыққа шығуда, көршілес Алтайда, Қарашай -Шеркеште, Сахада тоғызқұмалақ үйірмелері бар, Еуропаның бірнеше елінде тоғызқұмалақ ойналады. Әлемде тоғызқұмалаққа ұқсас мынандай ойындар көп: Моңғолияда – эсон коргоол, Шри Ланкада – олинда калия, африкалықтарда – манкала, габата, абапа, нам-нам, бао, тамподуо, омвесо, маработ, тұрғылықты американдықтарда – аджи-бото, варри роунд, азиялықтарда – сунгка, паллангули, гонгкак. Мұның ішінде Африкадағы Уганда еліндегі омвесо деген ұлттық ойында тоғызқұмалақтан бір өзгешелік, отау саны көбірек (32 отау), құмалақ саны азырақ (64 құмалақ). Угандықтар осы ойынды әлемдік интеллектуалдық ойындар қатарына кіргізіп, одан жыл сайын біресе Америкада, юіресе Англияда олимпиадалар өткізіп келеді. Шри Ланканың манкала үлгісіндегі жеті отаулық олинда қалия ойыны болса, интернет арқылы жедел дамып, әлем халықтарына одан әрі тарай түсуде.

Әлем халқына кең тараған зияткерлік ойындар мындап саналғанымен, Д. Мюррей тәрізді зерттеушілер оның бәрін бес-ақ түрге бөліп қарастырады. Оның соңғы түрлеріне  африкалық калах пен арабтардың манкаласы және қозғалыс ойындары кіріпті. Қазіргі деректерде әлгі ойындардың мұнан 3,5 мың жыл бұрын Африка немесе Азия елдерінде пайда болуы мүмкін екендігі айтылады. Болжам археологтардың қазба жұмыстары кезінде тапқан ойын тақтасы, шар типтес заттар негізінде жасалып отыр. Бұл ойындардың пайда болған мерзімі тіпті әріде жатқандай. Египет саркофагтарындағы, Афины храмдарындағы, көне керуен жолдарындағы тастарға салынған суреттер, кескіндер соны меңзейді. Тек, есте болатын бір жағдай, калах ойыны көптеген ғасырлар бойы умытылып қалып, ХІХ ғасырдың соңында ғана Вильям Чемпион тәрізді зияткерлік ойын жанашырларының насихаттап, дамытуының нәтижесінде қайтадан өмірге келді, тоғызқұмалақ ойын болса, ешқашанда ұмытылмай, ғасырлар бойы қазақтарда, түркі тілдес халықтарда ойланып келеді. Олай болса, калах тоғызқұмалақтың негізі емес, «Домино, нарды, кости» деген кітаптағы «Калах көптеген халықтарға таныс болған, әркім оны өзінше атаған және қосымша ережелер енгізген. Мысалы, қазақтарда калах- тоғызқұмалақ. Малак жартыаралында – джонгок, Шығыс Африка елдерінде – оуа деп аталады», — деген пайымдау жаңсақ. Калах тоғызқұмалақтын негізін салған жоқ. Керісінше, калах тәрізді көптеген зияткерлік ойындар тоғызқұмалақ арқылы өмірге келген.

Нью-Йорк қаласындағы Аляска университеті тоғызқұмалақты арнайы зерттеп отырған бірден-бір орталық. Оқу ошағында тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасау қолға алынған. Лондонда тоғызқұмалақ тектес ойындардың мұражайы бар. Берлин қаласында «Неміс зияткерлік ойындар мұрағаты» ғимаратында тоғызқұмалақ туралы шыққан еңбектер жинақталуда. Испан азаматы Виктор Ватутиста тарихымызда тұңғыш рет ағылшын тілінде тоғызқұмалақ ережелері мен компьютерлік бағдарламасы орналастырылған арнайы саит ашып, интернетте арнайы сабақтар өткізіп отыр. Әйгілі суретші Н. Хлудов 1900 жылы «Тоғызқұмалақты ойнау сәті» деген сұрақ салды.

Тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар да, алтайлықтар да ойнайды, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінің кейбір аймақтарын да ойналып, одан жарыстар өткізіледі. Тоғызқұмалақты қырғыздар — «тогузкоргоол» десе, Ақтеңіз жағалауындағы кейбір Қазақстан жерін мекендеген ең алғашқы рулардың әдет-ғұрыптарының негізінде дамыған алуан түрде ойналатын қазақтың ұлттық ойындары, көшпелі халықтың дала табиғатына сай дами берді. Қазақтың әдет – ғұрыптарының, ойын – сауықтарының түпкі негізі мал өсіру мен экономикалық қарым-қатынастың дамуына байланысты болған.

«Адам өркениетке бейім болу үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті,егер ойынмен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған  болар еді» деп К. Чуковский бала денесінің дамуы мен ой -дүниесінің өркен жаюы және білімділік, тәрбиелік рөлі мен мәні ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының ұлттық ойындарының білімділік және тәрбиелік маңызы жасөспірім ұрпақты ел қорғауға,бауырмалдыққа, ұлттық патриоттық сезімді дамытуға негізделеді. Ұлттық ойындарды-қолдану мәселелерінТ.Ш.Қуаныш(1997),Б.Төтенаев(1994),М.Тәнекеев(1997), А.Б.Бүркітбаев (1997), Е. С.Сағындыков(1991) сияқты ғалымдарымыз көтеріп келеді. Олардың пікірінше,ұлттық ойындар – шаттық сезімдер көзі және ұлағатты тәрбиелік күш. Баланың адамгершілік сезімталдығын, шығармашылық қиял- қабілеттерін,адамгершілік сапасы мен көзқарасын, мәдениетін,ой-өрісін кеңейтіп,сөз өнеріне,қоғам,табиғат өміріндегі әсемдікті аңғарып, бойына сіңіре білуге  тәрбиелеуде ойынның ұлттық салт – дәстүрдің айрықша орын алатыны жайлы қазақ халқының тұңғыш этнограф – ғалымы Ш. Уәлиханов, көрнекті ағартушы – педагог Ы. Алтынсарин, қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, Ж.Аймаутов, М.Дулатов, Н.Қожанова, М. Жумабаевтің « Педагогика » еңбегінде балаларға рухани тәрбие берудің жолдары мен әдістері көрсетілуімен қатар, қоршаған дүниені қабылдауға жан көріністерін ( есту, сипап сезу, иіскеу, татып көру, ес, қиял, ойнау) бірлікте дамытудың маңызы жайында құнды пікірлер айтып ой түйіндерін тұжырымдаған. Оқулықта адамгершілік сезімдері жайлы ғылыми ұғымдар да әр қырынан ашылған. «баланың маңайында сөйленетін сөздер әдепті, сұлу болуға тиіс», — деп балалардың адамгершілік дамуындағы үлкендердің рөліне ойын арқылы тоқталады. Балалар лһойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп А.С.Макаренко былай деп жазды: Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай свңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң сондай болады. Ал Н.Крупская өзінің көптеген еңбектерінде ойынның бала өміріндегі маңызына үлкен мән берген. Қандай ойын болсын, әйтеуір бір нәрсеге үйретеді, ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымаққа болуға баулыйда. Ойын балалар үшін оқу да, еңбекте яғни айналадағы дүниені тану ойын тәсілі арқылы байқалады. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, балалардың ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады яғни ойын – баланың жан серігі іспеттес. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына, тұрмыс – тіршілігіне, айналысатын кәсіп – шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Ойын сырттай қарағанда анау айтқандай қиындығы жоқ, оп – оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты балалармен бірге өзінің ойлаған ойын іске асыру мүмкін емес. Ойын кезіңде жолдасының айтқаны мен келісіп оны құрмет тұтудың өзі адамгершілікке бастайтын жол. Ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте өзіндік мінез – құлқын қалыптастырады. Баланың әдепті, көргенді, қайырымды болып өсуі қоршаған ортасына, үлкендерге байланысты екені мәлім. Бала өмірде көрген – бәлгендерінің, ойға түйгендерін ойын арқылы қалай бейнеленсе, яғни үлкендердің, көрсеткен үлгі – өнегеміз қандай дәрежеде болса, балалардың да тәлімділігі оны айқын белгілейді.

Ойынның пайдасы: Пифагор көбейту таблицасын үйренуге; терең ойлау қабілетіне; мінез-құлқына тұрақтылықты; мектеп бітірушілер үшін ҰБТ -да есеп шығаруда; қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда өз үлесін қоса алады. Ойынның ерешелігі. Тоғызқұмалақ ережелерінен қазаққа тән мінез-құлық ерекшелігтерін көруге болады. Отау саны мен құмалақ санының аталған ойындардан көптігі де – ұлтымыздың жомарт, еркін болмысын сипаттайды, қазақ даласына тән кендігін көрсетеді. Ал бұл қасиеттердің барлығы ертедегі ғұндарда да болған.Құмалақ салынған тоғыз атаудың әрқайсысының аты бар. Бірінші отау – таңдық, екінші отау – көшпелі, үшінші отау – атөтпес, төртінші отау – атсұратар, бесінші отау – белүтір, алтыншы отау – белбасар, жетінші отау – қандық ақпан, сегізінші отау – көкмойын, тоғызыншы отау – маңдай. Әр отаудың бұлай деп аталуының тарихи маңызы бар. Өйткені ойынның ойналуы толығымен осы отау аттарына негізделген. Ал тоғызқұмалақ ойының ертеде орда деп атаған. Түсіндіре сөздікте «Орда» деген сөзге — «орта ғасырдағы көшпелі елдердің, ұлыстық, мемлекеттік атауы» немесе «топталған орын, қайнаған орда» деген мағынасы көрсетілген. Яғни, жиналу, бірігу сипаты бар. Ғұндар мөде басқарған кезде 24 тайпаны біріктіріп, үлкен күшке айналғаның білеміз. Қай  кезде түркі халықтары бір мықты басқарушының астына бірікті, сол кезде олар дүниеге үстемдік жүргізіп отырған. Сондықтан Қытайдың жүргізген саясаты мемлекет үшін жерлерді жаулап алу болса, ғұндардың жүргізген  тәсілі өздерінің әскерлерінің аман сақтау арқылы ғана жеңіске жету болған. Тоғызқұмалақ ойынында да аттарды немесе құмалақтарды бір-бірімен байланытырып ойнағанда ғана жеңіске жетуге болады жеке-жеке тұрғанда қарсыласқа жем болып кетеді. Жорыққа шығар алдында ғұндар тәңірге құрбандық шалып отырған. Құрбандық шалатын орын далалық жерде орналасқан. Міне, осы ерекшелік тоғызқұмалақта ереже түрінде жүр. Тоғызқұмалақта — «тұздық» деген ереже бар. Қырғыз бауырларымыз – «Туз» дейді. Орта ғасырда тұздықты — «тұзды үй» деп атаған. Ал одан тереңдей берсек, бұл кездің түбірін – «тұз» емес «түз»  деген сөздер шығаруға болады. Яғни «түз үй». Сонда түздегі үй не болуы мүмкін? Бұл әрине далалық жердегі көпшіліктердің құрбандық шалатын орны екендігі байқауға болады. Сонда тоғызқұмалақтағы ойын кезіңде жүріс жасалған сәтте тұздық алынған отауға  бір құмалақ тастап отыру ( атты шалып отыру) ережесі, ғұндардың құрбандық шалу салтын  елестетеді. Бүгінгі күні бұл ғұрып салаларда «тюселге» деген атпен сақталған. Сондай-ақ оларда құрбандық шалу сәттеріңде айтылатын салттық өлеңдер де бар. Көнеде ғұндар бүкіл дүние танымын қытайлықтарға қарсы қою арқылы, өздерінің бітім-болмысын сақтап қалуға тырысқан.

Қорытынды

Сабақта және тәрбиеде, яғни балабақшалар мен бастауыш мектептерде ұлттық ойынды ұтымды пайдаланса, алдымен еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерінде оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан  негізделсе,онда оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.Қазақтың белгілі ғалым ағартушылары А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов,       Ы. Алтынсарин халық ойындарының балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, өткен ұрпақтың дәстүрі мен алтын құрметтеп, адамдардың ойы мен іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық, адамгершілік ой талабының өсуіне оның атқаратын қызметін жоғары бағаласа, М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Ұлттық ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы.

Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі,адалдыққа,күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық,т.б.Құндылықтарға мән берілуі-халық данышпандығының белгісі.

Зерттеу жүмыстарын жүргізуде байқағанымыз оқушылардың мінез-құлқының өзгергендігі, олардың бірқалыпты, тұрақтылыты болуы және бір-бірін құрметтеуі мен сыйлауы кездеседі.Пифагордың көбейту таблицасын үйренушілер үшін  осы тоғызқұмалақ тақтасы арқылы есептеп, үйренуге де болады. Мысалы 6*5=30 бұл жерде 6 отауға бес бестен құмалақ салып, санағанда 30 құмалақ шығады. 9 жердегі 9=81 Тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан құмалақ салып, бәрін қоссақ 81 құмалақ болмайма? Сонда әр отауға құмалақ салу арқылы есеп шығаруға да болады екен. Бұл дегеніміз мектеп бітірушілердің Ұлттық біріңғай тестілеуде математика есептерін тез шығару үшінде логикалық ойлау қабілетін дамытады. Қазақстан Республикасында қазір спорт түрі ретінде Тоғызқұмалақ қанатын кенге жайып, танымал ойын болып дамуда. Өзіміздің  төл спортымыз болғандықтан, бүгінде Қазақстан құрамасы әлем бойынша алдыңғы орында тұр. Дегенмен де болашақ жасөспірімдерге ұлтымыздың сарқылмас қазнасы тоғызқұмалақ ойынын  насихаттап, жұртшылыққа таныстыру біздің басты міндетіміз деп білеміз.Адамның адамнан артықшылығы ақыл-ойымен өлшенсе,сол ақыл-ойымызды дамытатын тоғызқұмалақты әрбір қазақ үйренуі тиіс. Ұлтымыздың қымбат қазынасын әрбір жас ана тіліндей қадірлесе орынды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *