Исполатова Томирис
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті
Түркістан, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент м.а. Сүйінжанова Жанар Киікбайқызы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
(е-mail: zhanar.suinzhanova@ayu.edu.kz)
Қазіргі қазақ тілі сөзжасамын тілдің жеке бір саласы ретінде қарастырғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Сөзжасам жүйесі біршама зерттеліп, ғылыми еңбектер қорғалып, монографиялар мен оқулықтар жарық көрді. Сөзжасамның зерттеу нысанын, тіл біліміндегі орнын, мән-маңызын ашуда профессор Н. Оралбаеваның, профессор С.М. Исаевтың, профессор А.Салқынбайдың, профессор З.Бейсембаеваның, Б.Қасымның тағы басқалардың еңбектерін ерекше атауға болады.
Сөзжасамның қазақ тіл білімінде өзіндік орнын қалыптастыруда осы саланың өзіне арналған алғашқы монография жарық көрген болатын. Сөзжасам мәселесін жаңа бағытта, жаңа ғылыми негізде жоғарғы дәрежеге көтерген және сөзжасамның кейінгі зерттелуіне соны бағыт сілтеуге, сөзжасамға көзқарасты өзгертуге, жаңа идеяларға бастауға профессор Н.Оралбайдың жауапты редакторлығымен (авторлары – қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымдары М.Балақаев, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Қ.Есенов, Е.Жанпейісов, С.Нұрханов) 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиясының маңызы өте зор болғанын айтуымыз керек [1]. Монография сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыда зерттеудің нәтижесі болды, ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделе отырып жазылған ғылыми, көлемді монография еді. Сондықтан қазақ тіл білімі сөзжасамының жеке сала ретінде танылып, қалыптасуының негізін қалаудағы ғалымның зерттеген мәселелеріне ерекше тоқталғымыз келеді.
Сөзжасам 1990 жылы жоғарғы оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқу жоспарына кіргеннен бастап оқытылып келеді. Сөзжасамды оқытудың бағдарламасын 1992 жылы профессор Н. Оралбаева құрастырған болатын. Бұл пәнді оқытушылар «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияға және осы мәселедегі жеке зерттеулер мен морфология оқулығындағы сөз таптарының сөзжасамы туралы деректерге сүйеніп оқытып келген. Сөзжасам терминінің өзі алғаш 1988 жылғы Н.Оралбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі» деген монографияда қолданылған болатын, ол термин екінші рет аталған монографияда қолданылып, өз статусын бекітті [2]. Сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері бұрын зерттелмегендіктен, олардың ғылымда терминдері де болмаған. «Монографияда» сөзжасам мәселелерінің терминдері тұңғыш рет ғылыми айналымға түсті.
Осы аталған монографияның негізінде Нұржамал Оралбай 2001 жылы оқулық жазып шығарды. Аталған еңбегінде Оралбай Нұржамал апай: «Сөзжасам бұрын морфология саласының құрамында қаралып, оның мәселелері морфология оқулығында берілгенде, онда сөз таптарының сөзжасамы ғана қамтылды, оның өзі толық қамтылды деу қиын. Өйткені морфология тіл білімі салаларының ішіндегі ең күрделісі, оның өз мәселелерін оқулықта толық, жан-жақты қамту өте ауыр, оқулық көлемі, ол пәнді оқытуға бөлінетін уақыт бәрі өте күрделі мәселенің аумағына шек қойды»,- дейді [3,7].
Аталған оқулық қазіргі замандағы ғылымның дамуына сай жаңа технология бойынша модульдік жүйемен жазылған. Оқулықта қазақ тілінің сөзжасам жүйесі, сөзжасамдық талдау, сөзжасамдық тәсілдер, сөзжасам бірліктері, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық мағына негізділігі, сөзжасамдық ұя, тізбек, саты, тип, үлгі, т.б. қазақ тілінде бұрын зерттелмеген мәселелер айтылды. Бұл жөнінде профессор «Оқулық мәселелерін модульдерге бөліп беру пәнді сапалы меңгеруді көздейді. Студент әр модульдің мәселелерімен түрлі жұмыс жүргізіп, оны меңгеруге мүмкіндік алады, оқытушы студенттің әр модуль бойынша жасаған жұмысын, оның сапасын тексеріп, бағалауға мүмкіндік алады. Әр модуль соңындағы сұрақтар, тапсырмалар, тестер т.б. т.б. жұмыстарды орындау, оның дұрыстығын анықтау, ондағы кемшілікті жою үшін мәселеге қайта оралу т.б. мәселені сапалы меңгеруге көмектеседі. Оқытушы әр студенттің әр модульдің мәселесін қалай меңгергенін бағалап қорытып отырады. Бұл студенттің пәннің әр мәселесін толық, сапалы меңгеруін қамтамасыз етеді» деп [3], қазіргі кредиттік жүйеде модульдік оқыту технологиясын қолдану бұл саланы сапалы меңгеруге септігін тигізетінін түсіндіреді.
Қазақ тілінің сөзжасам саласында ерекше мәселелердің бірі — сөзжасамдық тәсілдер. Зерттеуші ғалымдардың сөзжасам тәсілі туралы бірнеше пікірі бар екені белгілі. Айталық, профессор Н. Оралбаева сөзжасамдық тәсілдерді: синтетикалық тәсіл; лексика-семантикалық тәсіл; аналитикалық тәсіл деп бөлсе, профессор А.Б. Салқынбай өз зерттеулерінде сөз тудырушы тәсілдердің мынадай түрлерін ажыратады: фонетика-семантикалық; семантикалық; синтетика-семантикалық; аналитика-семантикалық [4]. Ғылымда сөзжасамдық мағына туралы ғалымдар пікірі де түрліше. Оларды ғалымдар екіге топтастырып қарап жүр. Олар: жиынтық мағына (суммарное значение), айырма мағына (разностное значение). Сөзжасамдық айырма мағына деп негіз сөз бен одан жасалған туынды сөздің арасындағы мағыналық айырмашылық аталады. Жиынтық мағына деген бағыттағы ғалымдар сөзжасамдық мағына деп негіз сөз бен жұрнақтың мағынасының қосындысынан шыққан мағынаны атайды.
Н.Оралбаева сөзжасамдық мағына туралы ғалымдардың пікірлерін келтіре отырып, өзгерген туынды мағына (негіз сөздің мағынасының негізінде жасалады: жас-жасар, көк-көгер), түрленген туынды мағына (негіз сөздің мағынасы өзгермей, түрленуі: бала-балапан, әке-әкетай), көшірілген туынды мағына (негіз сөздің мағынасы басқа сөз табына көшуі: айтыс (етістік) – айтыс (зат есім)), теңбе-тең туынды мағына (туынды сөздің мағынасы негіз сөздің мағынасымен тең болуы: АлМУ — Алматы мемлекеттік университеті) деп бөледі[3].
Ғалым қазақ тіл білімінде түбір сөз, туынды сөз, туынды түбір деген терминдердің жігі ажыратылмай, кейде олар бірінің орнына бірі қолданылуы кездесе беретінін келтіріп, аталған терминдерге анықтама береді. «Түбір сөз лексикалық бірліктің грамматикалық тұлғаларға түрленбей тұрғандағы сөздіктерде берілетін түрі. Мысалы, он, жақсы, отыр, сыбызғышы, жылыжай, жолқиыс, әсемпаз, талапкер т.б. Бұлардың әрқайсысы да — тілде белгілі мағынаны білдіретін сөздер. Осылардың қалай жасалғанына, құрамдарының түрлілігіне қарамастан, бәрі де түбір сөздерге жатады. Түбір сөз деп лексикалық мағына беретін, сөздікте белгілі орны бар, белгілі бір сөз табына жататын сөздер аталады. Түбір сөздер екі үлкен топқа бөлінеді, олар: негізгі түбір және туынды түбір. Негізгі түбір сөз бір морфемадан ғана тұрады, әрі қарай бөлшектеуге келмейді, тұтас тұрып лексикалық мағына береді. Мысалы, ол, ел, ата, ана т.б. Туынды сөздер ең кемі екі морфемадан құралып, сөзжасам әрекетінің нәтижесінде жасалған, белгілі лексикалық мағынасы бар сөздер. Тілде сөзжасамдык тәсілдер түрлі болғандықган, олардың нәтижесінде жасалған туынды сөздер де түрліше. Мысалы, қаламгер, сөзшең, өтірікші, білімпаз деген туындылар мен жолсерік, қолкесер, көміркышкьлы, ұзынсонар деген туындылар бір емес. Сол сияқгы АлМУ, екпін, тасымал, ҚР деген сөздерде де айырма бар, бірақ осы сөздердің бәрі туынды сөздерге жатады, өйткені олардың бәрі-сөзжасам үрдісінің нәтижесінде, түрлі сөзжасамдық бірліктер мен түрлі сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалған сөздер. Сонда туынды сөздерге сөзжасам үрдісінің нәтижесінде жасалған сөздер ғана жататыны көрінді», — дейді[3].
Тіліміздің сөздік қорынан туынды түбір сөздердің кең орын алатынын сөзжасамдық ұялар анық дәлелдейді. Өйткені әр сөзжасамдық ұя бір негізгі түбір сөзден қанша туынды сөз жасалғанын анық, ашық көрсетеді. Өйткені сөзжасамдық ұя бір негізгі түбірден жасалған барлық туынды сөздерді толық қамтиды. Тілдің сөздік қорында негізгі түбір сөздерден туынды сөздер әлдеқайда көп. Сөзжасамдық ұя тілдік құбылыс ретінде қазақ тілінде танылып, алғаш рет анықтама алуы 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиялық еңбектен басталады [1,365]. Бұл еңбекте сөзжасамдық ұяға төмендегідей анықтама берілген: «Сөзжасамдық ұя деп бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы аталады». Профессор Н.Оралбаева әр сөзжасамдық тізбек сөзжасамдық тарам мүшелеріне байланысты, сөзжасамдық ұя жұптан, сатыдан, тарамнан, тізбектен тұрады, олар сөзжасамдық ұяны құрайтын негізгі мүшелер болып табылады деп, сөзжасамдық ұяның жүйелі құбылыс екенін көрсетеді. Және сөзжасамдық ұяның әрбір мүшесін жеке-жеке талдап, әрқайсысына анықтама беріп, мысалдармен түсіндірген. Сөзжасамдық ұя бойынша, сөзжасамдық тізбек бойынша Нұржамал Оралбайдың жетекшілігімен бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылды.
Қазақ тілінің сөзжасамы — бүгінде қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде ғылыми-теориялық негізі қаланған, зерттеу нысаны айқындалған сала. Бұл мақалада қазақ тілі сөзжасамының кейбір мәселелері мен ғалым Н.Оралбайдың осы мәселелер жөніндегі ғылыми көзқарастарын ғана қарастырдық. Қазақ тілінің сөзжасамы ауқымы кең, әлі де сөзжасам мәселелерін зерттеуші ғалымдардың көзқарасын талдау және жан-жақты зерттеу алдағы уақыттың еншісінде.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы:Мектеп, 1989.
- Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. – Алматы:Ғылым, 1988.
- Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы: Оқулық. – Алматы, 2001. -213 б.
- Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 271 б.
Түйіндеме
Бұл баяндамада ғалым Нұржамал Оралбаеваның сөзжасам мәселелері жайлы пікірлері қарастырылған.
Резюме
В этой статье рассматриваются научные выводы известного ученого Нуржамала Оралбаева о проблемах словообразования.
Summary
This report considered comments of the outstanding scientist Seilbek Isayev’s targeted phrases provided valuable