АҚҚҰЯШ — көне қала атауы. М. Қашқаридың жазуына қарағанда Іле алқабында 11 ғ-да болған. Акад. В.В. Бартольд А- ты Іле деп жорамалдайды. Ал екінші бір зерттеуінде Сайдхан 6 ғ-дың 30 — 40 ж-нда қырғыздар мен қазақтар арасындағы қайшылықты пайдаланып, оларға соққы беру үшін Ақсу қ-нан А-қа келді десе, және бірде Құяш — Шағатай ханның Іле алқабындағы жайлауы, ол Алмалы қ-сына жақын, оның жанына хан Құтлық (Бақыт) қыстағын салғызды деп жазады. Құяш деген сөз түрікше “күн” деп түсіндіріледі. Қашқаридың жазбаларында да 11 ғ-да Іле алқабындағы Құяш деген қала туралы мәліметтер кездеседі. Саблығқұяш, Қарақұяш, Өрүңқұяш деген үш қамал болған тәрізді. Ал Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашиди” деген еңбегіндегі дерек бойынша А-та моғол ханы Есенбұғы тұрған. Оны бұл жерден Сұлтан Сайид Әли іздеп тапқандығы хабарланады. Бұл қалада 1425 ж. моғол әскерлерінің соңына түскен Ұлықбек те болғандығы айтылады. Осы деректерге қарағанда А. Қарахан мемлекеті кезінен белгілі болған қала.