Қазақстан қоғамының қазіргі кезеңінде мемлекеттік әлеуметтік – экономикалық дамуының басты факторы ретінде білім беру жүйесін модернизациялауға ерекше назар аударылып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Әлеуметтік – экономикалық жаңарту – Қазақстан дамуының басты бағыты атты Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсу мәселесі қойылған. Елбасы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажеттігін атап өткен, «оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге үйрету тиіс деген. Сондықтан бүгінгі таңда денсаулығы шектеулі балалар да басқа барлық оқушылар сияқты сапалы, әлеуметтік бейімделуге, қоғамда өз орнын табуға толық жағдай жасайтын білім алуға тиісті екендігін ерекше айту қажет. Соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін балаларға деген көзқарас өзгеріп, оларды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Жалпы білім беретін мектептерде қалыпты дамыған оқушылармен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналды. Инклюзивті білім беру барлық балалардың түрлі қажеттіліктері үшін тиісті оқу кеңістіктерін құру негізінде сапалы білім алуға қол жеткізу және бірігіп оқытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру – бұл бала және оның әртүрлі білім алу барысындағы қажеттіліктерін қамтамасыз етудің шешімі. Әлемнің дамыған елдерінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен қосып оқытуға көп көңіл бөлінеді және бұл салада елеулі тәжірибелер жинақталған. Біздің отандық жалпы білім беретін мектептердің іс – тәжірибесі үшін инклюзивті оқыту педагогикалық жаңашылдық деп бағалануда. Себебі мәселенің жаңалығы Қазақстандық жалпы білім беретін мектептердің іс – тәжірибесінде инклюзивті оқыту жаңадан қарқын алып келеді. Осы орайда мектебімізде жаңадан бастама алған инклюзивті білім берудің жүйесі қарқынды дамуда. Бұл жүйеде арнайы мамандардың білімді де білікті болуы маңызды. Әр маманның атқарар жұмысы ерекше. Мысалы,педагог-психолог мамандары балаға педагогикалық — психологиялық қолдау көрсетке, логопед маманы тіліндегі ақаулықтар мен кемшіліктерді, дефектолог маман ой – өрісін дамытуға барынша атсалысуда. Білім беруде сынып жетекшінің атқарар маңызы да ерекше. Сынып ұжымында ерекше білім беруді қажет ететін баланы бөліп жармай, басқа балалармен тең көріп, оқу – бағдарламаларын жеңілдетілген түрде ұсыну керек. Ұстаздардың алдына қойылған мақсат сол оқушыны барынша дамытып, басқа баламен теңдей білім беру. Сонымен қатар, әр бір оқушы мемлекетіміздің кірпіші болып қалануы үшін атсалысу. Қазақстан мемлекетінің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екенін есте ұстану қажет.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы
КММ №84 ЖББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Адема Абеуғалиқызы Кокекова