Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты орта білім беретін мектептердегі қашықтан оқыту тәсілі туралы жазғым келіп отыр.
Мен қарапайым ата-анамын. Қызым Алматы қаласындағы жалпы білім беретін №104 мектепте 2 В сыныбында оқиды. Әлемді дүрліктірген осы бір қауіпті вирустан сақтану шарасы ретінде тұрғындарды оқшалау әдісі қанша қиын болса да ең дұрыс жол болды деп ойлаймын. Себебі, мен үшін ең бірінші баламның денсаулығы маңызды.
Сондықтан да осындай қиын кезеңде мемлекетіміздің халық денсаулығын ойлап, қашықтықтан оқытуды бастап кеткеніне қуанамын. Әрине, алғашқы кезде бәріміз абдырап қалдық. Сынадық. Бастауыш сыныптың балалары жүйелі білім ала ма деген күмән де болды.
Бірақ күн өткен сайын бұл әдістің тиімді тұстары бар екеніне көзіміз жетті. Бұрын баламызды мектепке шығарып салып, әрі қарай бар жауапкершілікті мұғалімге арта салатынбыз. Қазір баламыздың қабілетін-қарымын байқап, ақсайтын тұстарын біліп отырмыз. Балалар түсінбеген тұстарын сабақтан тыс кезде мұғаліммен тікелей байланысып сұрап жатады. Мұғалім мен ата-аналар байланысы да нығайды. Балаларды өз бетінше ізденуге бағыттап, күн демей, кеш демей әр баланы жетелеп отырған ұстазымыз Нусипжанова Айжан Серікқызы апайдың еңбегін айрықша атап айтқым келеді. «Балапан» арнасындағы телесабақтан соң әлеуметтік желіде балалардың біреуін қалдырмай қамтып отырып сабақты толықтырады. Үй тапсырмасын түгел тексеріп, әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Ұстаздардың осындай жанкешті еңбегін көріп отырып, ұстаз еңбегіне деген құрметім арта түсті. Бір күні бұл карантин режимі де аяқталып балаларымыз мектепке оралар. Бұл уақытша сынақ бәрімізді де ойлантып, уақыт қадірін, адам қадірін білуге үйретті. Ұстаздың еңбегін бағалауға, терең түсінуге мүмкіндік берді. Балалар мектебін сағынып жүр. Қиын күндер артта қалып, білім ордалары балалардың шат күлкісіне толар күн тезірек келсе екен.
Қауіпті індетпен күресте ел болып «Үйде бол!» деген ережені бұзбай, ынтымақ-бірліктің үлгісін көрсетті. Осындай бірлігі жарасқан елде тұрып жатқанымызға қуандым.
Дания Мурсалимова
Алматы қаласындағы
№104 жалпы білім беретін мектептің
2 В сынып ата-анасы