АҚҚУ (Cugnus) — қаз тәрізділер отряды, үйрек тұқымдасының жеке туысына жататын өте сымбатты құс. Қазақстанда А-дың 3 түрі: сұңқылдақ акқу, сыбырлақ аққу, кіші аққу кездеседі. Мойны мен денесінің ұз. тең әрі иіліп келген. Денесі созылыңқы, басы онша үлкен емес, тұмсығы тік, әрі жалпақтау келеді. Қысқа сирағы денесінің арт жағында орналасқан. Қауырсыны тығыз әрі үлпілдек мамықты шымқай ақ түсті (тек Австралия мен Тасманияда кездесетін 1 түрі ғана шымқай қара). Салм. 5 — 10 кг, ең ірісі 13 кг-ға жетеді. Қанатын жайғандағы ұз. 150 — 180 см. Тіршілігінің көп уақытын суда өткізеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды, құрлыққа сирек шығады. А. жұп құрып тіршілік етеді. Ұясына (су жағалауындағы өсімдіктердің арасындағы) 3 — 7-ге дейін жұмыртқа салады, оны көбіне аналығы басады. 29 — 40 күнде ширақ балапандар шығады, оларға жұптасып қамқорлық жасайды. Жылына бір рет түлейді. Ересектері су өсімдіктерімен, кейде судағы омыртқасыз жәндіктермен, ал балапандары су жәндіктерімен қоректенеді. А. — жыл құсы. Қыс жылы кезде А-дың біраз тобы Каспий теңізінің солт.-шығыс жағалауында (Ақтау қ-ның маңында) қыстап шығады.
А-ды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді, әрі киелі құс төресі санап, оған ешуақытта оқ атпайды. А-дың аталығын “саһар”, балапанын “көгілдір”, мойнын “сұңғақ” деп дәріптейді. С. Сейфуллиннің “Аққудың айырылысуы”, М. Мақатаевтың “Аққулар ұйықтағанда”, Қорқыт бабаның, Қожеке Назарұлының, Тоқа Шоңмаңұлының, Ықылас Дүкенұлының, Н. Тілендиевтің, т.б. “Аққу” күйлері, Б. Аюхановтың “Аққу биі” халқымыздың А-ға деген сүйіспеншілігінің белгісі болып есептелінеді. Аспан әлеміндегі шоқжұлдыздың бірі “Аққу жұлдызы” деп аталады. Халқымыздың ауыз әдебиетінде А-ға байланысты даналық ұғымдар, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, теңеулер жиі кездеседі: “Аққу — құстың төресі, жалғыз жатып оттамас”, “Сүйріктей аққу мойын”, “Аққудай ару”, т.б. Ө. Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты еңбегінде А- дың өті, піскен еті мен майының шипалық қасиеті айтылған. А-дың қауырсыны өсемдік үшін пайдаланылады.