АҚҚОРҒАН — орта ғасырдағы қала атауы. Қала аты Түркістан өңіріне байланысты саяси оқиғаларды баяндайтын орта ғасыр авторларының жазбаларында жиі кездеседі. Масуд бин Осман Кухистанидың хабарлауынша А. Сығанақ, Созақ, Аркук қ- лары сияқты Әбілхайыр ханға өз еркімен берілген. “Үлкен сызық” кітабындағы деректерге қарағанда А. Жаңақорғаннан 70 км, Сайрамнан 110 км жерде орналасқан. Осы тұста ежелгі қ-ның орны сақталған. Оны алғаш 1970 ж. Отырар археолог. экспедициясы зерттеген. Осы күнге дейін А. болып айтылады. Екі деңгейден тұратын трапеция тәріздес төбе. Басқа бөлігінен едәуір биік орналасқан бөлігінің көлемі 150×110 м, биікт. 6 м. Бұл цитадельдің орны. Оны қоршай орналасқан аласа төбенің қабырғалары: шығысында 210 м, батысында 240 м, оңт. және солт. бөліктерінде 230 м. Қаланың қорғаныс қабырғасы мен оның сыртындағы ордың іздері анық сақталған. Жинастырылған деректерге қарағанда қала 15 — 18 ғ-да болған.