ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР БАЛА ДАМУЫНЫҢ ДІҢГЕГІ

 

 

ХХІ ғасыр адамзаттың жаңа технологияларға қадам басқан ғасыры. Бүгінгі таңда үлкен де, кіші де күнделікті өмірде смартфонды межесінен артық қолданып отырғаны белгілі. Әлемдік деңгейде ғалымдар бұл мәселені көтеріп , шешуші тұстарын іздеуде. Дегенмен, бала психологиясының бұзылуына, қоршаған ортадан жырақтауына, аз диалогқа түсіп, тек компьютер, смартфондарда отыруына белгілі бір деңгейде тосқауылдар қоюға болады. Бірақ жазалау, шектеу, қорқытау әдістері ескірген. «Басқа қандай әдіс қолдануға болады?» деген сұрақ туындайды. Иә, жаһандық проблемаға айналған нәрсені бір күнде, бір айда шешіп тастай алмайсың. Дегенмен, өзіміздің жүріп өткен жолымызды, шежіремізді, тарихымызды зерделесек, бала бағу қазақтың  өмір сүру болмысының, салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі, үлкен тәрбиенің, тұлға қалыптастырудың бастауы ретінде тұрғаны айқын. Солардың бірі де, бірегейі – ұлттық ойындар.

Ұлттық ойын түрлерін қазіргі уақытта әр сабақта көрсетіп, ойнатып, үйде де ережелерін меңгертсе, бала салт-дәстүрді қадірлеп, адамгершілігі, ізгілігі мол болып өседі. Біз қандайда бір ойынды балаға ойнатқан кезде ол ойынның ертеректе бабалар өмірінде болғанын зерттеуіміз қажет. Мысалы , ерте заманда балаларға арналған «аққала» деген ойын болған. Үнемі ылғалды, иленгіш болып тұратын саздан балалар түрлі мүсіндер жасаған. Бүгінде ермексазға арналатын ойын уақытын «аққала» деп атауға толық негіз бар.  Балаларға қатысты «ала тай» ойыны бар. Асық ойынында екінші бір ойнаушының асығының арасына қосып жіберетін сақа. Бұл ойынның өзі де балаға логикалық ойлауды, түстерді ажыратуды, жылдамдықты үйретеді.  «Алакүшік» ойын бар. Балалар өзара кезектесіп, бірі «алакүшік» болады да, қалғаны соны мазақтап жүгірісіп ойнайды. Мақсат «алакүшіктің» қолына түспеу, қайсысы түсіп қалса, келесі «алакүшік» сол болады.

Жоғарыда аталған ойындардың көбі асықтың көмегімен ойналады. Асық ойыны ол – ежелден келе жатқан балалардың спорттық ойыны. Бүгінде кенжелеп қалса да асық ойынын дамытуға ештеңе кедергі емес.  Мысалы, асық ойынының үш табан, бір табан, шығу, шеңбер т.б. түрлерін күнделікті тұрмыста балаға ойнатып үйретуге болады.  Асық ойынында «кеней» деген түр бар. Ұпайға тігілген кішігірім асықты жеңген бала алады. Көп жерде «киік кеней» деп те аталады. Себебі, ұпайға киік жануарының асығы беріледі. Бұл ойын баланың жеңімпаз болуға талпынуын, озуды, ұпай жинауды үйренуін қалыптастырады. Сонымен қатар балалар ойнайтын «әйкел», «бұғынбақ», «есектартыспақ», «жасырынбақ» секілді ұмытылып бара жатқан ойындар қаншама. Ер балаларға арналған «шертпек», «шертпекіл», «шалма» секілді ойын түрлері бар. Бұл ойындарды ер балалардың бір-бірімен келісімен ойнайды.

«Жұппа-дақ» деген ойын бар. Бір нәрсені жасырып ойнайтын ойын. Ал бүгінде соны «квест» деп атап жүр. Неге шет елдік атты емес, өзіміздің байырғы ойындағы атын атамасқа? Баланың тілі, психологиясы, ойы, өмір образы оның кішкентай кезінен естіген әр сөзіне байланысты. Қазақша естіген бала қазақ болып өседі, ал шет тілін естіген бала сол жақтың менталитетін жұқтырып өсетіні бесенеден белгілі нәрсе ғой.

Балалар ойнайтын «қазандоп» деген ойын бар. Жерден шұңқыр қазып, оның үстінен доп домалатып ойнайтын балалар ойыны. Балалардың үй ойындарында «қасық дүре» деген ереже болған. Әсіресе ер балалар пайдаланған. Ойын ережесін жиі бұзған баланы ағаш қасықпен жазалаған. Жанға батпайтын ағаш қасық баланы жылатпаса да ойын ережесін сақтауға тәрбиелейді. Сонымен қатар поэзияның «санамақ» түрі де балаларға арналған. Бүгінде «санамақтың» орнын түрлі ойыншықтар басты. Балаларға арналған ұлттық ойындардың ең қызықтысы да, ұғынықтысы да «ханталапай» ойыны деуге болады. Ережесі: ортаға тасталған қызыл сақа алшысынан түссе болды, ортада жатқан асықтарды балалар жапа-тармағай талап алатын қазақтың ұлттық ойыны. «Ханталапайды» тек ғана балалар емес, үлкен кісілер де ойнаған.  

Қорыта келгенде бүгінгі таңда смартфондарды және заманауи ойындарды алмастыруға , бала көңілін басқаға бұруға, ұлттық бағытта тұлға қалыптастыруға біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Қазақ халқының сан мың жылдық тарихы өмірдің әр саласында адамның өзін-өзі дамытып отыруына жетерлік мұра қалдырған. Асыл мұрамыздың үлкенді де , баланы да толық қазақ ретінде тәрбиелеп шығуына күші жетеді. Баланың елгезек, ақылды, оқуда озат болуы көп жағдайда ұлттық тәрбиеге байланысты. Соны білген арғы бабаларымыз  түрлі ойындармен баланың болмысының қалыптасуына жағдай жасаған. Өз құндылығын біліп, түсініп өскен бала ержеткенде ағылшын, орыс, америкалық болуды армандамаған. Қазақ болғаны үшін мақтаныш білдірген. Бүгінгі жаһандану заманында сол тәрбиенің жұрнағын сақтап қалудың бір жолы балаларды смартфон, компьютер ойындарынан сақтап, ұлттық бағытта тәрбиелеу.

Атырау облысы,

Исатай ауданы,

Аққыстау ауылы,

«Нұршуақ» бөбекжай балабақшасы

Шурегалиева Жупар Нигметоллақызы

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *