Педагогтерді материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктері

 

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес педагогтерге келесі кепілдіктер берілді:

  • тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақхана алуға;
  • жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне ие болуға. 

Заң бағыттары педагогтерді материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктерін қарастырады. Олардың қатарында мәселен, педагогтердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру қарастырылған. Сонымен қоса, барлық санаттағы педагог қызметкерлер 56 күндік еңбек демалысына шыға алады, бұл норма 100 мыңнан астам педагогке қатысты. Яғни, Заң қабылданғанға дейін әдіскерлер, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 42 күнді ғана құраса, енді жаңа заң аясында барлық педагогтер күнтізбелік 56 күндік ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленіп отыр.

Ұстаз денсаулығын жақсарту шаралары аясында 1 лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақы кепілдігі сақталды. Сондай-ақ педагог «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес мерзімдік міндетті медициналық тексерулерден өтеді. Жергілікті атқарушы органдар санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер жасап, басқа да әлеуметтік қолдау шараларын көрсете алады.

Педагогтің аса үздік жетістіктері және сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған ұстазға 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жасалады. «Үздік педагог» атағы сақталды. Оны иеленушіге ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді, сыйақы мөлшері 1000 еселенген АЕК мөлшерінде белгіленген.

Заңмен жергілікті атқарушы органдарға біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстанда белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеу құқығы берілді.

Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогті ынталандыру шарасы қарастырылған. Оған 3 лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Дереккөз: https://primeminister.kz/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *