Қазақ елі – қаншама тарих пен ауыр тағдырды басынан кешкен ұлы ел. Осы орайда тарих бетін парақтап қарасақ, халқымыздың қандай шыдамды да төзімді екенін аңғару қиын емес. Небір кезіккен қиындыққа қарамастан алға қарай ұмтылу – тек қайратты елдің қолынан ғана келетін іс.
Тек тарихшылар ғана емес, кез келген тұлға өз ұлтының шежіресін зерделеуі парыз.Тұңғыш елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жарыққа шығарған болатын. Президентіміз осы мақаласында тарихымыздың қаншалықты тереңде жатқанын айтып өткен. Соның ішінде қазақтар кешегі Алтын Орданың тікелей мұрагері деген шешім қабылданған болатын.
Алтын Орданың жарты әлемді бағындырғаны мәлім. Ол әр алуан халықтар мен тайпалардан құралды. Яғни, осының өзінен халқымызға тән қонақжайлылық пен бауырмалдық қасиеттерін көруге болады. Иә, сол көшпенділердің ұлы империясының құрылғанына биыл 750 жыл толып отыр.
750жыл аз уақыт емес. Тіпті, бір елдің тұтас құрылуына толықтай жеткілікті кезең деп айта аламыз. Осыдан 750 жыл бұрын Талас өзенінің жағалауында өткен құрылтай қазіргі заманда қаншама ұлыс, мемлекеттің пайда болуына өз ықпалын тигізді. Соның ішінде тәуелсіз ел – Қазақстан да бар. Сондықтын да біз Алтын Орданың ұрпақтары, ізбасарлары екенімізді есте сақтап, әр уақытта мақтанышпен айтып жүруіміз керек.
Алтын Орда тақырыбын зерттеген, зерделеген ғалымдар некен-саяқ. Тіпті, осы тақырыпта жазылған шығармалар саны да санаулы. Не себепті деген сауалдар мені мазалайды. Себебі, Алтын Орданың тарихы – қазақ елінің тарихы. Және де сол себептен тарихымыздың дамуына, арғы-бабамызды тану мақсатында әрбір Қазақстандық өз үлесін қосу керек деп есептеймін. Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде жүргізілуі керектігін айтқан болатын. Бұл қазақ елі үшін–ұлы игі бастама.
«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген болатын шығыстың ұлы ғалымы Әл-Фараби. Иә, ұлы дала тарихын, сан ғасырлық санасын сіңіру жалпы адамзат баласының парызы деп білемін. Ұлт тарихының өзекті мәселелерін кеңінен насихаттау – ұлт ретінде одан әрі дамуымыздың басты кепілі.
Амантай Жұлдыз Ағыбайқызы
Филология бөлімінің студенті,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ педагогикалық колледжі.
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы