АҚКӨЗ БАТЫР Қосанұлы (1859 — 1921) — 1916 жылғы Меркі (Әулиеата уезі) қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Ұлы жүз дулаттың ботбай руынан (Қарағай болысы). Бұзау аулынан шығып, Меркі, Құлан өңірінің 7 болыс елін көтеріліске бастады. Орынбасары болып Досмайыл батыр, хатшы және діни басшысы болып Өмірзақ молда сайланды. 1916 ж. 29 — 30 тамыз күндері найза, шоқпар, айбалта, сойылмен қаруланған 1500—2000 сарбаз Меркіге шабуыл жасады. Ташкенттен Әулиеата — Пішкек арасындағы көтерілісті басу үшін жіберілген жазалаушы отряд оларды қырғынға ұшыратты. Меркіде жазалаушылардың үлкен әскери лагері орналасты. Көтерілісшілер Меркіден Пішкекке, Әулиеатаға тартылған телефон сымдарын қиып, бағаналарын қиратты. Қыркүйек айының ақырында көтерілісшілер жеңіліс тапты. А. б-ды ұстап, Әулиеатаға әкеп түрмеге жапты. Абақтыдан Ақпан төңкерісінен кейін босап шықты. 1919 ж. Новотроицк (қазіргі Төле би а.) базарында орыс отаршылдарының бұзақылары өлімші етіп сабап, сегіз қабырғасын сындырды. Содан А. б. екі жыл төсек тартып жатып көз жұмды.