АҚ ЖҮЗГІН

АҚ ЖҮЗГІН, ақ қабық ж ү з г і н (Calligonum leucocladum) — тарандар тұқымдасына, жүзгін туысына жататын эндемик өсімдік. Қазақстанда Каспий, Арал т-дері жағалауларында, Атырау, Қостанай, Семей, Шығыс Қазақстан, Алматы обл., Қызылқұмның шөлді аймақтарында, Балқаш — Алакөл ойысында кездеседі. Биікт. 1,5 — 2 м. Көп жылдық бұтақтарының қабығы ақ түсті, жас бұтақтары түзу де, қисық та болып бунақтанып өседі. Жапырағы жіңішке, таспа тәрізді, ұз. 2 — 4 мм келеді. Гүлдері өте ұсақ (ұз. 4 мм) және ол жапырақ қолтығында орналасқан. Сәуір — мамыр айында гүлдеп, мамыр — маусымда жеміс береді. Тұқымы арқылы көбейеді. Жемісі — сопақ, қатты қабықты жаңғақ тәріздес. А. ж-нің пісіп қатпаған жемісіне ашқылтым шырын жиналады. Ол шырын аз да болса адамның шөлін басады. Сондықтан А. ж-ді кейде “қандым” деп атайды. Піскен жеміс құрамында 8%- ке дейін илік заттар болады. Гүлінен аралар бал жинайды. Тері илеуге, сондай-ақ бояуыш зат, отын, жемшөп ретінде пайдаланады. Қой мен түйе сүйсініп жейді. Бұталарынан алынатын фенол препараты мед-да қолданылады. Сусымалы құмда, қарға тосқауыл ретінде шөл, шөлейт жерлерде арнайы өсіріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *