“АҚ ЖОЛ” — Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің дамуына ықпал еткен газет. 1920 — 25 ж. Ташкентте Түркістан Компартиясы ОК мен ТүркАКСР— ы ОАК-нің органы, 1925 — 26 ж. Шымкентте БК(б)П Сырдария губкомының органы ретінде шығарылды. Алғашқы редакторы — Сұлтанбек Қожанов. Кейін газетті шығарушы, редакторлардың ішінде Төреқұлов, С. Оспанов, И. Тоқтыбаев, т.б. болды. Оның жұмысына М. Дулатов, Ж. Аймауытов, X. Досмұхамедов, І. Жансүгіров, А. Байтұрсынов, Б. Сүлеев, Т. Шонанов, т.б. қазақ зиялыларының үлкен шоғыры араласқан. Басылым беттерінде Алаш қозғалысының қайраткерлері қазақ халқының мүддесіне қатысты тақырыптарды қозғап, құнды мақалалар жариялады. Газеттің саяси-идеялық бағыты құрылтайшыларына ұнамады. Оның жұмысына көп кедергілер жасалды. Коммунистер “қызыл” деген сөзі бар атауды алмай, газеттің “Ақ жол” атануының өзінен күдікті мән іздеді. Осыған орай Қожанов “Ақ жол” біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз екенін қазақ-қырғыз жұрты ақылымен біліп, жүрегімен сезеді” деп жазды (1921, №115, 7 желтоқсан). 1925 ж. 29 мамырда И.В. Сталин РК(б)П Қазақөлкелік к-тіне жолдаған “Қазақ баспасөзі туралы” хатында “А. ж.” мен “ақгвардияшыл эмигрант” Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазып, партияда жоқ интеллигенттерді коммунистік басылымға жолатпауды талап етгі. Сталиннің хаты ескі интеллигенцияны қуғындауға жол ашып, 20- жылдардың алғашқы жартысында Қазақстанда жарық көрген ұлттық басылымдарға үлкен соққы болып тиді және жариялық пен демокр. атаулыны әміршіл-әкімшіл жүйемен ауыстыруға негіз берді. “А. ж.” газеті халық алдындағы борышын адал орындаған, ұлттың рухын көтерген басылымдардың бірі болды.