АҚЖЕЛКЕН (Petroselinum) — шатыршагүлділер тұқымдасына жататын бір немесе екі жылдық өсімдік. Отаны — Жерорта т-нің маны. Жабайы түрлері Испанияда, Грекияда және Алжирде кездеседі. Жапырағынан көктей салат жасалады және бұқтырылған ет тағамдарға тұздық ретінде қосылады. А-ді косметикада пигменттік дақтарды, сепкілді кетіру үшін, медицинада бүйрек, жүрек ауруларына, асқазан, ісік және көздің көру қабілетін сақтау үшін профилактикалық зат ретінде кеңінен пайдаланады. А. С, А, В1, В2, РР витаминдеріне және жұпарлы майға өте бай. А-нің екі түрі бар: тамырлы және жапырақты. Олар бір-бірінен жапырақ саны мен тамырдың даму ерекшеліктері арқылы ажыратылады. Қазақстанда А-нің бірнеше сорты өседі.