АҚЖАР АУДАНЫ — Солт. Қазақстан обл-ның оңт.-шығысында, далалық аймақта орналасқан әкімш. аудан. Бұрынғы Қызылту, Ленинград ауд-ндарын ықшамдауға байланысты 1973 ж. 25 желтоқсанда құрылды. Жер аумағы — 3,5 мың км2. Тұрғыны 16,6 мың адам (1997). Орталығы — Талшық кенті. 1997 жылға дейін Ленин ауд. болып аталып келді. Ауданның оңтүстігін Көкшетау қыратының солт.-шығыс сілемі қамтиды. Жерінің беті, негізінен, жазық, ал солтүстікке қарай еңіс болып келеді. Теңіз деңгейінен 150 — 250 м биіктікте орналасқан. Кен қазбалардан құрылыстық саз бен құм кездеседі. Климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы ыстық. Қаңтардағы орташа ауа темп-расы -18 — 19°С, шілдеде 19 — 20°С. Кей жылдары 40°С-қа дейін жоғарылайды. Қыста ең төменгі темп- ра -40°С-дан астам. Жауын- шашынның жылдық орташа мөлш. 250 — 300 мм шамасында. Сулары, негізінен, Үлкен Қараой, Кіші Қараой, т.б. кішігірім бірнеше тұзды көлдерден тұрады. Жері қара және сортаң топырақты. Өсімдіктері — бетеге, селеу, жусан, т.б. шөптер. Жануарлардан: қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, сарышұнақ, қосаяқ, аламан; құстардан: дала бүркіті, жапалақ, қызғыш, жылқышы, бозторғай, бөдене, шымшық, т.б. мекендейді. Тұрғындарының орташа тығызд. 1 км2-ге 4,7 адамнан келеді. Аудан өнеркәсібін құрылыс материалдар комбинаты, 3 машина-трактор жөндеу шеберханасы, астық қоймасы құрайды. А.а-ның жері егіншілік пен мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы. А. ш-на пайдаланылатын жер көлемі 316,8 мың га, оның 198,1 мыңы егістік жер, 3,9 мыңы шабындық, 114,8 мыңы жайылым. Аудан арқылы Қостанай — Көкшетау — Қарасу т.ж. және Кішкенекөл — Көкшетау автомоб. жолы өтеді. Тұрғындар басқа елді мекендермен автомоб. жолдары арқылы қатынасады.