АҚЖАЙЫҚ ҚОЙЫ — биязылау жүнді, етті-жүнді өнім бағытындағы қой тұқымы. 1967 — 97 ж. аралығында Батыс Қазақстанда жергілікті қылшық жүнді қойлардың будандарын линкольн, ромнимарш, қазақтың биязы жүнді аталық қошқарларымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1997 ж. мойындалған. А. қ-ның дене бітімі ірі, еттілік қасиеттері айқын білінеді. Еркек қошқарларының тірілей салм. 96— 103 кг, таза жүн түсімі 4,6 — 5,1 кг, тұрқы 13,5 — 14,2 см. Саулықтары тиісінше 54 — 60 кг, 2,5 — 2,8 кг; 11,5 — 12,8 см. Жүн талшығының жіңішкелігі 50 — 58 сапалар аралығында. Әр 100 саулықтан 120 — 130-дан қозы алынады. 7— 8 айлық еркек тоқтыларының тірідей салм. 40 — 45 кг, ұшасының (таза етінің) салм. 18 — 20 кг, сойыс шығымы 47—50 % болады. Қазақстанда өндірілетін кроссбред және кроссбред тектес жүннің 60 %-тен астамы А. қ. тұқымынан қырқылады. Оның жүні өзінің шиырымдылығымен және өз қалпына қайта келу қасиеттерімен ерекшелінеді. Мұндай жүннен тоқылған маталар өте құнды. А. к-н асылдандыру жұмысы аталық із бойынша және Австралия корриделімен будандастыру арқылы іске асырылды. А қ. Батыс Қазақстан обл- ның Тасқала және Казталов аудандарындағы шаруашылықтарда өсіріледі.