АҚБАС ТЫРНА (Anthropoides virgo) — тырна тәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанның Бат. Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Карағанды, Шығ. Қа- зақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда обл-тарындағы далалы жөне шөл, шөлейтті аймақтарды мекендейді. Басқа тырналар тұқымдасына қарағанда А. т-ның денесі кіші бо— лып келеді. Шекесінде айдар тәрізді ұзын ақ қауырсындары бар. Қанатының ұз. 42 — 54 см, салм. 2—3 кг-дай. Басы, мойнының асты мен омырауы қара, ал басқа қауырсындарының түсі көкшіл сұр болады. Құс ойнағы кезінде өздеріне тән қимыл-қозғалыстар жасап, «тырналар биін» билейді. Жұптасып, жерді аздап шұңқырлап, оған құрғақ шөп төсеп, ұя салады. Мекені мен қоразы 1 — 2 жұмыртқаны 28 — 30 күндей кезектесіп басады. А. т. — жыл құсы. Қыркүйек — қазанда жылы жаққа ұшып кетеді. Солт.-шығыс Африка, Палестина, Ирак, Үндістан, Пәкстан, Бирма жерлерінде қыстайды. Өсімдік дәнімен, бүршігімен және ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары ұялау мекені тарылып, саны күрт төмендеді. Бірақ 1970 — 80 ж. саны қайтадан көбейе бастады. А. т. — қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (1996).