АКЧУРИН

АКЧУРИН (Акчура оглу) Юсуф (1870, Самара — 1935) — 20 ғ-дың басындағы жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа қатысқан көрнекті тұлға, Түркияның мемл. қайраткері. Ауқатты татар фабрикантының отбасында дүниеге келген. Жастық шағын Түркияда өткізіп, сонда әскери уч-щеде оқыды. Осман империясындағы “Жас түріктер ” ұйымының қызметіне қатысқаны үшін 1896 ж. абақтыға жабылып, жер аударылған ол көп ұзамай қашып шығып, Францияға барды. Парижде “Саяси ғылымдар мектебін” бітірді. А. 1904 ж. Ресейге оралып, Қазандағы татар мектептерінде ұстаздық етті, “Қазан мухбире” газетінде қызмет атқарды. 1-орыс революциясы жылдары бүкілресейлік мұсылман съездерін өткізуге тікелей қатысып, “Ресей мұсылмандар одағы” ұйымының ОК-не мүше болды. 1908 ж. Түркияға эмиграцияға кеткен А. “Жас түріктер революциясына” белсене араласты. 1911 жылдан бастап “Тюрк юрду” аталатын журнал шығару ісін қолға алды. Журнал 1912 ж. құрылған “Түрік ошағы” атты ұйымның баспа органы қызметін атқарды. Түркияда респ. орнағаннан кейін А. мәжіліс депутаты болып сайланды. 1- дүн. жүз. соғыс жылдарында А. халықар. конференцияларға, АҚШ-тың президенті Вильсонға Ресей мұсылмандары атынан мәлімдемелер берді. Онда соғыс аяқталысымен Ресей мұсылман халықтарының мемлекеттілігін қалпына келтіру мәселесін көтерді. А. 1918 ж. Ресейге оралып, 3. Уәлиди, Ә. Бөкейханов секілді қайраткерлермен бірге, Ресей мұсылмаңдары— ның мүддесін Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің к-тіне, Сібір Уақытша Үкіметіне, Уфа директориясына білдіріп, оны қорғау жолында әрекеттер жасады. А. Ататүріктің жақын серіктерінің бірі болды. Түркияда ол КСРО-дан кетуге мәжбүр болған 3. Уәлиди, Г. Исхаки, А. Топчибашев, М. Шоқай секілді қайраткерлермен тығыз қарым-қатынаста болды. А. Анкара ун-тінің профессоры бола жүріп, 1931 ж. “Түрік тарихы қоғамын” құруға ат салысты. 1932 жылдан оның төрағасы болды. А. “Еуропадағы идеологиялық ағымдар”, “Шығыс мәселесі”, “Саяси тарих сабақтары”, т.б. бірқатар тарихи еңбектер қалдырды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *