АКТИНОМИКОЗ (грек. aktis (аktinos) — сәуле және mykes — саңырауқұлақ) — актиномицеттер қоздыратын жұқпалы ауру. А-ға көбіне жануарлар шалдығады, ал адамдар сирек ауырады. А. табиғатта кең тараған. Ол топырақта, жануардың ішекқарнында, арпа-бидай дәндерінде ұзақ сақталады. А. адам аузының шырыш қабатында, ішек-қарнында, жоғарғы тыныс алу жолында әрқашан кездеседі, бірақ зиян келтірмей тіршілік етеді. Организмнің қорғаныс қызметі төмендегенде (тұмау, аппендицит, туберкулез, т.б.) адамдар А. ауруларына шалдығады. Ол, көбінесе, мойын терісін, асқазан мен өкпені зақымдайды. А-ды операция жасау, антибиотиктер егу, сәу— лемен күйдіру арқылы емдейді. Аурудың алдын алу үшін қабынған ошақтарды (әсіресе, ауыз қуысын, тісті) уақытылы емдеу қажет.