ҰСТАЗДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЕНДІ АРТАДЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан хал­қына жасаған кешегі Жолдауында педагог­тарымыз үшін тосын сыйға татитын жаңалық айтылды. Ұстаздар кәсіби мерекесі қарса­ңында алдағы жылы «Педагогтардың мәр­тебесі» туралы заң қабылданатынынан ха­бар­дар болды. Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады. Себебі, қоғам болып көтерген мәсе­ленің билік тарапынан еленіп, ескерілуі сирек жағдай. Ал ұстазын қолбала еткен қоғам­ның ұзаққа бармайтыны жиі айтылса да, оған құлақ асқандар болмап еді. Соның салдары­нан «Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сә­лем бер» деген халық екенімізді ұмыта бас­та­ған едік. Енді, сол олқылықтың орны то­ла­тын сәт туғандай. Келер жылы «Педа­гог­тардың мәртебесі» туралы заң қабыл­данады. «Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарас­тыруы керек. Жүктемені қысқартып, қыз­меттен тыс тексерістерден арылту ке­рек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақы­тында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тек­серістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында. Әрине, кешегі Жолдауда білім беру саласын дамытуға байланысты көп дүние айтылды. Жүзеге асса құба-құп дейтін бастамалар да баршылық. Ал біз көптен күткен мұғалім мәртебесіне қатысты заң жобасы жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік. Енді, сәтін салса Мағжан ақын айт­қандай, Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі болатын күн туады. Ол үшін келер жылы қабылдануы жоспар­ланған заң жобасының мұғалім құқын то­лыққанды қорғайтындай болып жасалуына қоғам болып бақылауымыз маңызды. Ол заңда педагогтарымыздың мәртебесін көтеру үшін қандай мәселелер назардан тыс қалмауы керек деген мәселені бүгіннен бастап талқылай беру керек. Осы мақсатта біз көп жылдан бері мұғалімдер мәселесін көтеріп жүргендерді сөзге тарттық. «Біріншіден, білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне өткізіп алуы керек. Мектеп мұғалімдерін өз мін­детіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады. Заң бабына қосымша ретінде «Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен шенеунік» «Адамды құл­дықта ұстаған қылмыскермен» теңес­тірі­ліп, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс» деп көрсетілуі керек. Екіншіден, мұғалім қауіпті мамандыққа айналды. Бүгіндері ата-аналардың ара­сында мұғалімге дөрекілік көрсетуді заңды құқым деп санайтындар да жоқ емес. Сондықтан, мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолда­нылуы тиіс. Үшіншіден, бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс. Сонда мұғалімдер мен ата-аналардан мек­тепті жөндеуге ақша жинау қиынға соғатын болады» деді Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, «Зияткер – Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы. Оның айтуынша, заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түсуі керек. Ал заң жобасын дайындауға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс. Егер өзіне ұсыныс болса, «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» ретінде жұмысшы топқа кіруге дайын. Мұғалім мәртебесі туралы заң нор­маларын қабылдаудың уақыты жеткенін жиі көтергендердің бірі «Қазбілім» орта­лығы­ның жетекшісі Аятжан Ахметжан кез келген адам өз ісіне жауап беруі һәм өзге­лердің ісіне жауап бермеуі шарт дегенді айтады. «Соңғы жылдардағы әртүрлі жағдайлар ұстаздар құқы мен міндеті айқындалуы керек екенін көрсетіп берді. Бала құқы тура­лы заңдық норманың әсіре орындалуы мектептегі талап қойғыш, білікті ұстаздар­дың біразының обалды болуымен аяқталды. Тіпті оқушы мұғалімге, ата-ана мұғалімге қол көтерген жағдай да қалыптасып үлгерді. Бұл – білім сапасына, тіпті білім саласына үлкен соққы болған жағдайлар еді. Кезінде, қазіргі министрмен кездесуде де ұстаз мәртебесі туралы заң шығаруды ұсынған едік. Дәл осындай кезде ұстаз мәртебесі туралы заң қабылдау ең маңызды мәселе. Педагог мәртебесі туралы заңда ең негізгі мәселелер – ұстаздың міндеті, ұстаздың құқы, ұстаздың статусы, мектеп дирек­тор­лары мен олардың орынбасарларының міндеті, білім бөлімі әдіскерлері мен бас­шы­ларының міндеті, әр дәрежелі білім саласындағы мекемелердің жеке құқы мен міндеттері, педагогтың жұмысқа қабыл­дануы, жүктеменің ең аз, ең көп нормасы, жұмыстан шығарылу ережелері, мұғалімдік санаттың жоғарылатып отыру, қайта даярлаудан өтудің нормалары толық ескерілуі керек деп санаймын» дейді ол. Оның пікірінше, педагогтар мәртебесі туралы заңмен қатар, білім туралы заңға да, бала құқығы, ата-ананың жауапкершілігі туралы нормативтерге де өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі керек. Себебі, бүгін XXI ғасыр, ұстаздың қағазға сабақ жоспар жазып немесе компьютерде жоспар жазып, оны шығарып алып қол қойғызып жүруі, үй аралап кезекшілік өтеп, есептік жиналыс­тардың бос залын толтырып жүруі – ұят. Заңда ұстаздың міндеті толық белгіленсе, оның сыртындағы шаруадан әр ұстаз заң бойынша бас тартуға құқылы болар еді. Осы заң негізінде әркім өз жұмысын атқарса онда тәртіп болады. Тәртіп болған жерде нәтиже де болады. Министр Ерлан Сағадиев мырза «Педагогтар мәртебесі» туралы заңды қабылдап қолдаса, бұл ол кісінің білім саласына жасап кеткен ең үлкен жақсылығы болар еді» дейді орталық жетекшісі. Біздің ойымызша, «Педагогтар мәртебесі» туралы заңда, бірінші кезекте мұғалім мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілуі тиіс. Себебі, бүгіндері білім беру саласы әбден орныққан, білім экс­порттаушы елге айналған Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде мұғалім мем­лекеттік қызметкер саналады. Ол елдерде педагогтар арнайы құқықтық мәртебеге ие. Әрине, Еуропаның жекелеген елдерінде педагог мәртебесі оның білім беру сек­торының қайсысында – қоғамдық немесе жеке­меншік секторда жұмыс істеуіне бай­ланысты белгіленеді. Мәселен, қоғам­дық білім беру секторында еңбек ететін мұғалім мәртебесі мемлекеттік қызметкер­мен бір­дей болса, жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерде ондай мәртебе жоқ. Австрия, Бельгия, Грекия, Дания, Испания, Италия, Люксембург, Порту­галия, Финляндия, Франция, АҚШ және Канада елдерінде мұғалімдер қай секторда еңбек ететініне қарамастан, мемлекеттік қызметкер болып саналады. Нидерландыда үкімет пен әкімшілікке қарайтын мектеп мұғалімдері ғана мемлекеттік қызметкер есе­бінде, ал жекеменшік мектептер мұ­ғалім­­дермен азаматтық және еңбек заңна­маларына сәйкес келісімшарт жа­сайды. Бірақ ол елдерде жекеменшік мектептердің мұғалімдерінің мәртебесі мен оларға жасалатын жағдай мемлекеттік сектордағы әріптестерінен кем емес. Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бар. Сол заңда мем­лекеттік, префектуралық және муни­ци­палдық білім беру мекемелеріндегі мұғалім­дер мәртебесі мемлекеттік қызметкер деп белгіленген. Білім беру саласына жан-жақ­ты дайындалған, білікті маманды тарту үшін олардың жалақысы басқа саладағы мем­­лекеттік қызметкерлерден жоғары бо­луы тиіс. Батыстағы дамыған елдердің көп­­ші­лігінде білім беру саласының мама­ны­на мемлекеттік қызмет туралы заң ере­же­лері қатысты болады. Финляндияда педа­гог ма­мандығы аса қадірлі, елдегі ең жо­ға­ры жала­қыны да осы мұғалімдер ала­ды. Қы­тай­да да мұғалімдердің жалақысы, ұлттық заң­на­маларына сәйкес, мемлекеттік қызмет­керлерден кем болмауы тиістігі жазылған. Педагогтар мәртебесі туралы заң жобасын жасалғанда, шетелдік тәжірибе ескерілер болса, онда жоғарыда айтып өт­ке­німіздей, мұғалімдер мемлекеттік қыз­меткерлермен теңестіріліп, жалақы­лары көтерілсе… Сонда ғана заң жобасының мазмұны атауына сәйкеседі деп ойлаймыз.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *