АККАД ПАТШАЛЫҒЫ — семиттердің көне заманда Месопотамияда құрған алғашқы мемлекеті. Негізін б.з.б. 2330 жылдар шамасында Аккад к-сының билеушісі Саргон I қалаған. Әуелі ол Киштің билеушісін талқандап, Аккад княздігін құрды. Одан кейін Умма патшасы Лугальзагесиге соққы беріп, Оңт. Месопотамияны жаулап алды. Саргон І-нің және оның ұрпақтарының тұсында семиттер билеген алғашқы мемл. аумағы солт. және батыс (Жерорта т.) бағыттарында кеңи түсті. А. п. құрылған кезден бастап шумер тілін аккад тілі ығыстырып шығарды. Халықтың дүниетанымында да біраз өзгерістер орын алды. Шумерліктер мен аккадтықтардың табынатын құдайлары “араласып” кетті. Бірақ мемл. үзақ өмір сүре алмады. Саргон І-нің кезінде-ақ жаулап алынған халықтар бірнеше рет көтеріліс жасады. Оның немересі Нарамсиннің тұсында (б.з.б. 2250 ж. ш.) ыдырай бастаған Аккад империясы көп ұзамай, ұсақ мемл-терге бөлініп кетті. Б.з.б. 2220 ж. Аккад қ-сын гутилер басып алғаннан кейін, Оңт. Месопотамияның басты орталығы Вавилон болды.