АКВАРИУМ БАЛЫҚТАРЫ

АКВАРИУМ БАЛЫҚТАРЫ — үйдегі, хайуанаттар паркі мен ғыл. мекемелердегі арнайы ыдыста — аквариумда өсірілетін балықтар тобы. А. б. табиғи жағдайда тропикалық және субтропикалық (Африка, Америка, Австралия, Оңт.-Батыс Африка) тұщы су қоймаларында, ал кейбіреулері ащылау суда жөне теңізде мекендейді. Олар — таңғажайып түрімен, ашық түрлі түсті бояуларымен және мөлшерінің (массасының) кішілігімен ерекшеленеді. Олардың дене тұрқы 1,5—30 см болады, кейде 1 м-ге жетеді. Шабақтарын тірі табатын (мыс., гамбузия, гуппилер, семсерқұйрық, маллинезия) түрлері бар. А. б-ның жүздеген түрі кездеседі. Олардың көбі сүйекті балықтар (мыс., майшабақ, мормиро, тұқы, саргоно, алабұға, кефаль, т.б.). Ең кең тараған түрлері — гуппилер, семсерқұйрық, сотқар балық, горамиллер, хромис, скалярия, жайыншалар, барбус, кардинал, алтын балық, комета, шілтеқұйрық, құбылмалы балық, т.б. Қазақстанның өзен-суларында тіршілік ететін сазан, қоңыржан, майшабақ, құйын балық, шортан, алабұға, мөңке, қызыл қанат шабақтарды аквариумда ұстауға болады. А. б-н гибридтеу жұмыстарының нәтижесінде балықтардың көптеген жаңа тұқымдары шығарылды, соның негізінде генетикалық зерттеулер жүргізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *