АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ — қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамды айыптаудың мәнісін түсіндіру және істі прокурорға жолдау туралы тергеушінің (анықтауды жүргізген адамның) дәлелді шешімі. Тергеушінің А. қ. кіріспе, дәлелдеу — баяндау және қарар бөлімдерінен тұрады, оның жазылған орны мен күнін көрсете отырып, тергеуші қол қояды. А. қ-на сот мәжілісіне шақырылуға тиісті адамдардың тізімі, қылмыстық істің жүргізілу барысы, бұлтартпау шаралары, заттай дәлелдемелер, азаматтық талап, талапты қамтамасыз етудің шаралары, мүлікті тәркілеу ықтималдығы, іс жүргізу шығынының өтемдері туралы анықтама қоса тіркеледі.