АЙЫП САЛУ (араб. әйб — 1. айыптау, жаза; 2. нұқсан, айып) — дәстүрлі құқықтық мәдениетте істеген қылмыстық іс-әрекетіне орай белгіленетін жаза түрі. Ол ж а н басымен тартатын және мал басымен тартатын жаза деп бөлінеді. А. с. малымен тартатын жаза түріне кіреді. Оған айып, тоғыз айып, ат-тон, құн төлеу, т.б. жатады. Әдетте, кінәлінің қылмысы анықталып, мойнына қойылғаннан кейін ғана айып салынған. Қылмыс түрлеріне орай А. с- дың да мөлшері өзгеріп отырады. Мыс., ұрлық істеген адамға ең ауыр жаза ретінде айыбына қолданылған. Айыбына жазасы белгіленген адам ұрланған мал-мүлікке қоса, үш тоғыз айып төлеген. Тоғыз айыбының өзі түрлеріне қарай: “қасқа тоғыз ” немесе “түйе бастатқан тоғыз ” (3 түйе, 3 ат, 3 сиыр), “ат бастатқан тоғыз” (3 ат, 3 сиыр, 3 қой) немесе “өгіз бастатқан тоғыз ” (3 сиыр, 6 қой) және “тоқал тоғыз ” (бұл — 8 қой) болып бөлінген. Ел арасындағы кішігірім теріс қылықтарға, әсіресе, кедейлерге “азусыз ат, жиексіз тон” айыбын салған. Ол әдетте, 1 қой және жай мата мөлшерінде болған. Бұл халық арасында “айтуы бар, алуы жоқ” деп те аталады. Ал өзара келісіп, бәтуаласқан даугерлердің бітімін “астарсыз шапан” деп жариялаған.