АЙШЫРАҚ ҚОРЫМЫ — Орт. Қазақстандағы Андронов мәдениетінің Атасу кезеңі мен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне (б.з.б. 14 — 12 ғ.) ауысуға аяқ басқан дәуірінен қалған ескерткіштер тобы. Қарағанды обл. Жаңаарқа ауд. Ақтау а- ның шығысында, Атасу өз- нің сол жағалауында орналасқан. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы 1952 ж. (жетекшісі Ә.Х. Марғұлан, 1992 ж. Ж. Құрманқұлов) зерттеген. Қорым гранит тастардан құралған 102 қоршау мен 9 қоршаулы обадан тұрады. Қоршаулар шеңбер, дөңгелек, төртбұрыш, шаршы түрінде, кейде бір-бірімен қиюласа салынған. Бейіттің оңт.-шығыс жағында құрбандық шалып, діни рәсімдер өткізетін, үлкен ақ шақпақ тастардан құралған бірнеше қоршау бар. Тастарының саны тақ — 7, 9, 11 данадан. А. қ-нан 13 қабір ашылды. Оның екеуі қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Мәйіттерді сол жақ не оң жақ бүйірімен бір қырынан жатқызып, қолы мен тізесін бүгіп, басын батыс, кейде шығысқа қаратып жерлеген. Кейде мүрдені өртеп, күлін көмген. Бас жағына геометр. өрнектер салынған көзе қойылған. Бір қоршау ішінде екіден онға дейін қабір бар. Әр қоршау бір отбасы мүшелеріне арналған. Отағасы ортадағы қабірге, қалғандары қатарластыра жерленген. А. қ-ның бірқатар қабірлері екі қабаттан тұрады. Төменгі қабір тастары жоғарғы үлкен қабір ішінде. Қола дәуірінің кейінгі кезеңінде дүние салған кісілер үстінде обасы бар қоршаулар ішіндегі тас қабірлерге жерленген. Қабір іші отпен, аласталған. Қабірлерден өлген адамдармен бірге қоладан құйылған жебе ұштары, көркем өрнектелген саз ыдыстар, ұршық бастары, мыстан, тастан және түсті моншақтар, мыстан құйып сыртын алтынмен аптаған бұранда тәрізді салпыншақтар, шаш түйреуіштер, мыс білезіктер, т.б. заттар табылды.