АЙША — Әбу Бәкрдің қызы, Мұхаммед пайғамбардың сүйікті жұбайы, жанқияр көмекшісі әрі оның хадистерін жеткізушілердің бірі. Мұхаммед пайғамбар өлгеннен кейін А. халифалық билік үшін болған саяси күреске араласты. Ол пайғамбар серіктестері Талха мен әз-Зубайр жағына шығып, Әли (Әзірет Әлі) билігіне қарсы болды. “Түйелілер шайқасы” аталған 656 жылғы ұрысқа түйе үстіне тақ орнатып А. да қатысқан болатын. Бұл соғыста жақтастары жеңіліс тауып, қолға түскен А-ны Әли Мединеге қайтарады. Осы оқиғадан кейін А. саяси күрестен шығып калды. Әлиге қарсы шыққаны үшін шииттер А. мәртебесіне байланысты айтылған хадистерді мойындамайды.