АЙ ФАЗАСЫ — Айдың көрінетін бөлігінің әр түрлі пішіні. Ай түрінің өзгеруі оның Жерге және өзіне жарық түсіретін Күнге қатысты әр түрлі қалыпта орналасуынан болады. Ай Жер мен Күннің арасына келгенде, оның бізге қараған жарты шарына Күн сәулесі түспейді, сондықтан бізге Ай көрінбейді. Қазақ таусылған ескі Ай мен әлі туып үлгермеген жаңа Айдың бұл аралығын өлара дейді. Егер осы кезде Ай Күн мен Жердің арасына дәл келсе, К ү н т ұ т ы л у ы мүмкін. Туар Ай қарсаңында немесе онан сәл кейін Айдың жіңішке орағымен қатар, оның қалған бөлігі көгілдір түсті болып көрінеді. Бұл — Жердің Айға түсірген жарығы. Жаңа Айдан соң Ай Күннен шығысқа қарай қозғалады да, оның көрінетін орағы үлкейе береді. Жаңа Айдан жеті күн өткен соң, Ай 90°-қа бұрылып, жарты Ай көрінеді, оның жарық жағы (оңға) Күнге қарап тұрады. Айдың бұл фазасын бірінші ширек дейді. Жаңа Айдан 14-15 күн өткеннен кейінгі фаза т о л ғ а н А й делінеді. Мұнда Ай Күнге қарама-қарсы тұрады. Егер бұл кезде Жер Ай мен Күннің арасына дәл келсе Ай т ұ т ы л у ы байқалады. Толған Айдан кейінгі 7-күнгі фаза соңғы ширек деп аталады. Бұл уақытта Ай Күннен батысқа қарай 90°-ка бұрылып, оның жарық жағы (солға) Күнге тұстасады. А. ф. 29,53 орташа күн тәулігінде (синодтық ай) алмасып отырады. Ел арасында кеми бастаған Айды “Ай қорғалады” дейді.