АЙТУАР Үсенұлы (1780, қазіргі Атырау обл. Махамбет ауд. Зауральный мекені — 1854, сонда) — Баймағамбет сұлтанның бас кеңесшілерінің бірі. Кіші жүз байұлының беріш руынан. Ел арасында “беріште Есет пен Айтуар” деп, екеуінің есімі қатар аталған. Екеуі шиеленіскен қиын дауларда әділін айтып, бірге шешкен. Сұлтандардың қарапайым халыққа көрсеткен қиянатын әшкерелеп отырған. 1850 ж. шеркеш Тұрлан батыр жайлауына рұқсатсыз көшіп қонған Дәулетқали төрені ат бауырына алып сабайды. Дау ушығып, Орынбордағы правитель Әлеке (Баймағамбет сұлтанның баласы) елге келеді. А. Әлекеге: “Қаражерге халық ие, қара халыққа хан ие, сіз Тұрланға иесіз, ал ол сол жерге ие” деп, тоқтау айтқан. А. Алтын қорымында жерленген. Құлпытасында “Айтуар Үсенұлы 1854 ж. 74 жасында қайтыс болды. Ескерткішті баласы Мәтек мырза орнатты” деген жазу бар.