АЙТҚОЖИН Эмиль Сабырұлы (30.5.1933 ж. т., Алматы қ.) — ғалым, тех. ғыл. докт. (1993). Мәскеу мемл. ун-тін бітірген (1959). 1959 — 97 ж. Қазақстан ҒА-ның Ядролық физика ин-тында, Физика-техника ин-тында аға лаборант, инж., кіші және аға ғыл. қызметкер, лаборатория меңгерушісі, бас ғыл. қызметкер болды. 1997 жылдан ҚР Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика ин-тында бас ғыл. қызметкер. Негізгі ғыл. зерттеулері радиациялық физика мен радиациялық материалтану саласына арналған. Оның басқаруымен ВВР-К атом реакторында металдардың сырғуын сынауға арналған тәжірибелік база құрылып, құралымдық қорытпалар мен таза металдардың сырғымалылығы зерттелді. Сондай-ақ таза металдардың (уран, мыс, алюминий) радиациялық сырғу құбылысының негізгі заңдылықтарын ашты. А-ның еңбектері көптеген Халықар. ғыл. конференцияларда тыңдалып, жоғары баға алды. Қазақстан Мемл. сыйл. лауреаты (1978).