АЙТБАЙ (Айтмұхамет) Белгібайұлы (1887, Оңт. Қазақстан обл. Отырар ауд. Тартоған а. — 11. 11. 1961, Оңт. Қазақстан обл. Маяқұм а.) — ақын, жырау. 1901 ж-дан бастап Түркістан маңындағы Қарнақта (Атабай а.), кейін Бұхара медресесінде оқып, араб, парсы тілдерін үйренген. Ташкент, Түркістан қ-нда, Балтакөл, Ақынтоғай а-нда ұстаздық еткен. Молда Мұса, Майлықожа, Мәделі, Шәді Төре, Қызыл жырау, Құлыншақ сияқты ақындармен бірге жүріп, өзі де өлеңдер, дастандар жазады. Туған жер, өскен ел, таршылық заман туралы “Үш мұңлық”, “Қоқаннан қашқан Нар бота”, “Тазша бала”, “Қызылқұм”, “Шәуілдір”, “Туған жермен қоштасу”, т.б. оқиғаға өлең, жырлар шығарды. “Арманда Айтбай” деген көлемді дастаны (1926) әлеум. теңсіздік пен сүйіспеншілік мәселесіне арналған. Бұдан басқа “Қажымұқан” “Сейтқасым батыр”, “Темірбек батыр” дастандары бар. Мәлике қыз, Жәмила қыз (1913), Орынбай, Елеусіз, Мақан (1943), Желеу (1955), Көпбай, т.б. ақындармен айтысқан. А. айтыс өнерін 1913 жылдан бастаған (Мәлике қыз, Жәмила қызбен айтысы). 1939 ж. Нартаймен бірге ел аралап, өнерін шыңдай түседі. Оның нағыз айтыскерлік өнері соғыс жылдары айқын аңғарылады. 1943 ж. Жамбыл бастаған республикалық ақындар айтысына қатысады. Сол кезден 1958 ж. дейінгі айтыстардың бәріне де белсене араласты.