АЙТ — мұсылмандардың ең үлкен мерекесі; 1) ораза айты. Бұл рамазан (рамадан) айы біткен соң, шәууал айының 1-2-3-күндері ауыз ашуға байланысты өтеді. Отыз күндік ораза біткеннен кейінгі бірінші күні таңертеңгісін бүкіл мұсылман жамағаты өз үйінің маңындағы мешітттерге жиналады. Сол арада имамға ұйып, айт намазын оқиды. Бұл оразаның соңғы өтелетін шарты. Намаз оқылып болғаннан кейін айт мейрамы басталады. Сол жерде адамдар бірін-бірі: “Оразаң қабыл болсын, айтың мүбәрәк болсын!”, — деп қол алысып, төс қағыстырып құттықтасады. Ең алдымен өз үйіне келіп дұға оқиды да, айтқа арналған тағамнан дәм татады. Содан кейін көрші- қолаңның үйіне кіріп дәм татып, ықылас-пейілін білдіреді. Бұл күні әр мұсылман кез келген мұсылманның үйіне кіріп, құттықтауына болады. Ол сөкет саналмайды. Айт мейрамына арнап әр үй бауырсақ пісіріп, шелпек салады. Айтшылағандар сол үйдің ата- баба аруағына бағыштап дұға оқып, жақсылық тілейді. Қазақта айтшылаудың өзі бір салтанат. Кәрі-жасы түгел сәнді киініп атқа мінеді де, ауыл-ауылды аралайды. Саусылдап жүре бермей, өз тұрғыластарымен сайрандайды. Қыз-келіншектер мен жігіттер өз сәнімен жүріп ән салып, өлең айтады. Мұның бәрі осы айт жоралғысынан аспайды. Бүкіл мұсылман қауымы бұл мейрамды зор салтанатпен өткізеді. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды. Бірақ салттан шыққан дарақылыққа жол да берілмейді; 2) құрбан айт. Құрбан шалу мейрамы жыл сайын зу-л-хиджа айының 10- ынан бастап 3 күн, яғни дүние жүзіндегі мұсылмандардың қажыға барғандарының Меккеде қажылық парызын өтеуі кезінде болады. Бұл аллаға ғибадаттың басы. Сол күні жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы құрбан шалып, айт мейрамын мерекелейді. Құрбан айт басталатын күні де жамағат таңертеңгісін мешіттерге жиналып, айт намазын оқиды. Намаздан кейін бірін- бірі құттықтайды. Жетім- жесір, ғарып-қасерларға садақа береді. Намаздан қайтқан соң әр үйдің иесі құрбан шалады. Құрбан айтқа да дастарқан мол жайылады. Сойылған малдың еті асылып, айтшылап келгендерге беріледі. Барлық үйдің есігі ашық тұрады. Мұсылман баласы қай үйге кірсе де ерікті. Айтымен құттықтап, дәм ауыз тиеді. Ұзақ тарихи дәуірлер өте келе ораза айт пен құрбан айт ұлттық мейрам санатына қосылып, адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, ынтымақ көріністеріне айналып кеткен. Мың жарым жылға жуық уақыттан бері қазақ елі де бұл мейрамдарды аса зор қуанышты ықыласпен мерекелеп келеді.