АЙРАНБАЙ КҮМБЕЗІ, Айранбайтам, Бескүмбез — сәулет өнері ескерткіші. Жезқазған обл. Сарыкеңгір өз-нің жағалауында орналасқан. А. к. шамамен 1870 ж. шикі кірпіштен қаланып, іші-сырты күйдірілген қышпен қапталған. Бескүмбезді мавзолейдің жобасы ерекше, айғыш тәрізді пішініне сәйкес төрт жарты сфералы күмбезбен жабылып, солардың үстіне үлкен күмбез орналасқан. Алдыңғы жағы басқаларынан биік, еңселі. Кіретін есік адам бойынан биік, шығыңқы портикпен әшекейленген. Қабырғалардың өн бойы карнизбен көмкеріліп, төменгі жағы терракоталмен, тақта тастармен безендірілген кірер бет маңдайшасында араб жазуы бар. А. к. — респ. маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілген.