АЙНА, оптикада — беті тегіс, жарық сәулесін шағылдыратын және нәрсенің оптикалық кескінін беретін шыны немесе металл дене. А-дан жарық сәулесі түсу және шағылу бұрышының тепе-теңдігін сақтай отырып, шағылады. А. арқылы денелердің оптикалық кескіні алынады және ол кескіндердің орны геом. оптика заңдары бойынша анықталады. Ең көп тараған түрі — оптикалық жазық А. Сондай-ақ оптикалық жүйелерде сфералық, параболалық, эллипсоидтық, т.б. шағылдырғыш беттері бар д ө ң е с және о й ы с А-лар да қолданылады. А. бетінің пішіні матем. жағынан неғұрлым дұрыс болған сайын, олардың сапасы соғұрлым жоғары болып келеді. А-ның шағылдырғыш бетінің тегіс еместігі (микробұдырлығы) жарық толқыны ұзындығымен салыстырғанда аз болуы керек. Жазық емес А-лардың барлығына абберация құбылысы тән. Жазық А.— абберациясыз кескін бере алатын жалғыз оптикалық жүйе. Жазық емес А-дағы дененің орны мен кескіні мына қатыс бойынша анықталады: 1/s+1/sr=2/r, мұндағы r — қисықтық радиусы, 5 — А. төбесінен денеге дейінгі, ал sr — А. төбесінен дене кескініне дейінгі қашықтық. Бұл қатыс А-ның оптикалық осі мен А-ға түскен жарық сәулесі арасындағы бұрыштың шамасы өте аз болған жағдайда ғана орындалады. А. астрономиялық (айналы телескоптарда), спектрлік, жарықтандырғыш құралдарда (прожекторларда, фарларда, т.б.), сондай-ақ ультрадыбыстық аппаратуралар мен күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылады.