“АЙМАН — ШОЛПАН” — лиро-эпостық жыр. Алғаш жазып алып, баспаға ұсынған — Ж. Шайхысламұлы. “А. — Ш.” жырының бұдан басқа үлгілері жоқ. 1896, 1898, 1901. 1906, 1910, 1913 жылдары Қазан баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. Төңкерістен кейін де бірнеше қайтара басылды (1913, 1939, 1957). Жырдың оқиғасы, негізінен, 19 ғ-дың алғашқы жартысындағы қазақ елінің әлеум.-қоғамдық тіршілігін, тұрмыс-салтын қамтиды. Кейіпкерлердің ішінде тарихта болған адамдардың есімдері кездеседі (Көтібар, Арыстан, Есет, т.б.). Жырда жеке бас бостандығы көтеріледі. Айман тек жеке басының азаттығын көксеген қыз емес, ел тыньпштығын, қауым ынтымағын ойлаған ақылды да айлалы, өжет мінезді адам ретінде көрінеді. Жырда Көтібар бейнесі де шебер берілген. Бұрынғы батырлықтың азып, ел ішіндегі ұсақ-түйек тентектікке айналғаны осы бейне арқылы көрсетіледі. Құрылысы, бейнелер жасау әдісі, тіл ерекшеліктері жырдың ескі поэтик. дәстүрде туғанын көрсетеді. Ежелгі жыр, айтыс үлгілері кеңінен пайдаланылады. Эпикалық ұзақ дастандардағыдай, оқиғалар арасын қара сөзбен жалғап отыру үрдісі, жазба әдебиет дәстүріне тән белгілер де кездеседі. “А. – Ш.” — реалистік мәнерде шығарылған, аса көркем жырлардың бірі. М. Әуезовтің “А. — Ш.” жыры бойынша жазылған муз. драма (1934) Қазақтың мемл. акад. опера және балет театрының репертуарынан көп жылдар бойы түспей келді. 1960 жылдан драмалық театрлар сахналарында да қойыла бастады.